Өлеңмен өрнектелген өмір

оленмен орнектелген Жаңалықтар

Атырау қалалық №1 кітапханасында «Өмірін өлеңмен өрнектеген» деген тақырыпта поэзия кеші өтті. Шара ақын Базарбай Айтқалиевтің «Көктемнен күзге дейін…» атты өлеңдер жинағының тұсаукесеріне арналды.

оленмен орнектелген

Өміріне өлеңді серік еткен ақын тағдырдың жазуымен өзі арман еткен филология маманы бола алмады. Алайда, басқа салада жүрсе де қолынан қаламын тастамай, өмірдің сан алуан тақырыптарын жырларына арқау етті.

«Жұлдызды түн. Жайық жатыр тербеліп,

Шаштарыңды ұйпалайды жел келіп.

Темірқазық қадалады төбеден,

Туған айды жамбасына өңгеріп» – ақын өзінің «Жайық жағасында» деген өлеңінде осылайша тебіренеді. Ғажап сурет көз алдымызға тұра қалады. «Төбеден қадалған темірқазықтың айды жамбасына өңгеруі» қандай шыншыл, қандай сыршыл десеңізші!

Ақын қызмет ететін «Атырау жылу жүйелері» АҚ басшыларының бірі Еламан Ілиясов аталмыш кеште өзінің жүрекжарды тебіренісін жеткізді. Ақын кітабына алғы сөз жазып, жарық көруіне ықпал еткен жандардың бірі — Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, ақын Жеңіс Аронов та ақжарма тілегімен бөлісті.

Шараға қатысқан Базарбай Айтқалиевтің достары мен туыстары да аталмыш кітаптың өзіне тән ерекшелігін айта келіп, әдебиетке қосылған қазына екеніне тоқталды. Кештің иесі кітапхана ұжымына, ағайын-туыс, дос-жаранға алғысын айтты. Бүкіл өмірін өлеңмен өрнектеуге себеп болған әуелі әкенің қанымен, ананың сүтімен бойына тараған тума таланты болса, ұстазы, филология ғылымдарының докторы, академик Қадыр Жүсіпке  ризашылығын  білдірді.

Гүлзада Ниетқалиева

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз