КӨМЕК ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАДЫ

Мамыр айында қатты жауған жауынның салдарынан облыс орталығында төтенше жағдай орын алғаны белгілі. Сол қиын сәттерде белсенділік танытып, тұрғындарға қолдау көрсеткен мекеме басшылары мен жеке кәсіп иелерінің еңбегі ескерусіз қалмады. Бейсенбі күні оларды Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев қабылдап, салтанатты түрде марапаттады.

 

Табиғаттың тосын мінезі салдарынан болған келеңсіз жағдайға тоқталған шаһар басшысы суға кеткен үйлерді анықтау және судан тазарту жұмыстарын ұйымдастыруда дер кезінде жедел бригадалар жасақталғанын айтты.

– Сол күні жеті сағатта қаламызға жауын-шашынның үш айлық мөлшері түскен. Үйлері суға кеткен 575 тұрғынға арнайы эвакуация орындары белгіленіп, тез арада көшіру жұмыстары ұйымдастырылды. Олар қаладағы төрт орта мектепке орналасты. Эвакуация пункттерінде тұрғындар үшін қолдан келгенше барлық жағдай жасалды. Бұл ретте бізге қолдау көрсеткен мекемелердің еңбегі орасан, – деді Нұрлыбек Жұмахметұлы. 

Оның айтуынша, ең алғаш облыстық төтенше жағдайлар департаментінің, «АрнаулыАвтоБаза» және «Атырау су арнасы» мекемелерінің техникалары жұмылдырылса, кейіннен қаладағы ірі компаниялар: «Теңізшевройл», «Ембімұнайгаз», «Қазтрансойл», «Вест дала», «Атырау-Жарық», «Атырау мұнай өңдеу зауыты», басқа да серіктестіктер бір кісідей атсалысқан.

Сондай-ақ, су сору вакуумдері бар еріктіжеке кәсіпкерлер де үнсіз қалмады. Мәселен, Сағынғали Сұлтанов, Ерлан Қабденов, Айболат Күниев, Нәсиба Дәулетиярова, Қарлығаш Салихова, Жанаргүл Садуова есімді кәсіп иелері азаматтық танытып, судан тазарту жұмыстарында белсенділік көрсетті.

Жиын барысында ірі кәсіпорын басшылары мен бірқатар азаматтар облыс әкімі атынан Алғыс хатпен, Атырау қаласының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Сондай-ақ, қала басшысының айтуынша, Батыс Қазақстан облысының төтенше жағдайлар қызметінен қолдау көрсеткен сегіз азаматтың еңбегі де ескерусіз қалмады.

Қала әкімі Астана күні мерекесі қарсаңында төтенше жағдай зардабын жоюға үлес қосқан барлық азаматтарға мекемелер атынан сыйақы табыс етуге ұсыныс жасады.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ.

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз