Үкілі үміт – қашағанда!

Үкілі үміт – қашағанда 1 Жаңалықтар

Каспий қайраңы кені хақында қос қайырма

Елімізде тұңғыш рет теңіз қайраңынан «қара алтын» алынатын дүбірлі шақты күткелі қашан…

2013 жылдың қыркүйегінде «Қашаған кен орнынан алғашқы мұнай алынды» деп бір дүрлігіп едік. Алайда, жерүсті қондырғыларына теңіз табанынан келетін құбыр желілерінің шытынауынан бұл қуанышымыз су сепкендей басылған. Содан бері үш жылдай қаңтарылып қалған оған енді, міне, қайтадан «жан» бітті. Қашағанда  тестілік режімде мұнай өндіру басталды!

%d2%af%d0%ba%d1%96%d0%bb%d1%96-%d2%af%d0%bc%d1%96%d1%82-%d2%9b%d0%b0%d1%88%d0%b0%d2%93%d0%b0%d0%bd%d0%b4%d0%b0-1

Бірінші қайырма:

«D» аралындағы  дүбір

…Қазір орны ғана жота-жота болып жатқан, бір кездегі дүрілдеп тұрған мұнайлы мекен – Қаратон кентінде балалық бал дәуреніміз өтті. Сонда ауылға тиіп тұрған Каспий теңізіне көкелерімізбен бірге талай барып, кермек  суына денемізді сортақ-сортақ етіп қайтушы едік. Ол кез қарт Ембінің «қара алтынды» селдей ағызып, мұнай қоры жағынан ешкімге дес бермей тұрған шағы болатын, тіпті, Қаратонның іргесінен Теңіз атты алып кеніш ашылып, атақ-дабырасы әлемді шарлап жатты. Ал, Каспий көбіне өзімен-өзі, анда-санда бабымен буырқанып, жал-жал толқындары жағаны ұрғылап барып тына қалып жататын. Енді, міне, теңіз үстінде қым-қуыт тірлік.

Өз басым теңіз қайраңынан мұнай алынатын болып, Қашағандағы кең құлашты жұмыс өріс алғалы «D» жасанды аралында екі мәрте болдым. Мұндағы құрылыстың алыптығы сонша, мыңдаған тонналық металл құрылымдар, шақырымдарға созылған қазіргі заманғы ұңғылар, жүздеген корабльдер мен катерлер, әлемдік мәшhүр атаулары алыстан «мен мұндалаған» ондаған ірі компаниялар… – көңіл көкжиегін еріксізден көкке самғатады. Әрине, Жер-ананың қойнына бөккен қазына көп, соның өзінде де теңіздің түбінен мұнай алу оңай тірлік емес. Жасампаз уақыт, озық технология адамзаттың қолымен бұл қиындықтарды да жеңері кәміл. Қашағандағы қарбалас іс-қимылға қарап тұрып, осындай ой кешесің.

Бұл – Аляскадан кейінгі ең үлкен кен орны. Алдын-ала бағалау болжамы бойынша, бұл жердегі мұнайдың қоры 10 миллиард тоннаға жуық, ал, газдың қоры бір триллион тоннаға жақындайды. Шынын айту керек, осындай алып кен орнын игеруге инвесторлар тарту өте қиынға соқты. Жер қойнауы бай болғанымен, инвесторлар тартпасақ, бұл аймақ миллиондаған жылдар бойы сұраныссыз жатуы мүмкін еді. Осы орайда атап айтатын жайт – бір ғана осы жоба үшін инвесторлар бір тиын алмастан 33 миллиард доллар салған. Теңіз кен орнына да 30 миллиард доллар жұмсалған. Сондай-ақ, бұл жобаға «ҚазМұнайГаз» компаниясы да тең дәрежелі қатысып отырғанын атау ләзім.

Шынында да, ірі көлемдегі осынау алып жобаның, яғни, Қашаған кен орнының игерілуі Қазақстан азаматтары мен жергілікті компаниялар үшін бүгінде зор мүмкіндіктер туғызып отыр. Жобаны игеру барысында 30 мың қазақстандық жергілікті маман жұмысқа тартылған. «Бұл дегеніңіз – «жалпы жұмысшы персоналдың 80 пайызы» деген сөз. Екі мыңға жуық қазақстандық компания мұнда өз өнімдерін жеткізіп, қызмет көрсетуде. Осылайша, менің талабыммен қазақстандық мазмұн толықты, кеңейді. Қаншама адам жұмыс орнын тапты! Қаншасы мамандық алды! Қараңыздаршы, айналамызда қанша жастардың барын. Оның үстіне олардың дені – болашақтықтар» деген еді Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  Атырауға келген кезекті сапарында.

Бізге сол сәтте жолыққанымызда Аджип ҚКО компаниясының инженер-жобалаушысы Нұрлан Ерғалиев те Президент тапсырмасымен шетелдік компаниялар жүзеге асыра бастаған жергілікті мамандарды шетелде оқытудың алғашқы легі Франция, Ұлыбритания мемлекеттерінде топ болып оқып, тәжірибе жинақтағанын айтты. «Әсіресе, қазақ жастарын шетелдіктермен алмастыру үрдісі жоғары дәрежеде жүргізілуде. Қазір бұл жобада республикамыз облыстарының әрқайсысынан да мыңға жуық қазақ қызмет етуде» деді ол.

– Осы жерде қызмет ете жүріп біз халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтаудамыз, әрі шетелдік мамандарды ығыстырудамыз, – деді «Энка» құрылыс-инженерлік компаниясының қауіпсіздік техникасы бойынша жетекші инженері Ринат Жұмаділов «Атырау» газетіне берген сұхбатында. Ол басым бөлігі қазақтар еңбек ететін аталған компанияның он жыл қызмет еткен кезінде Каспий теңізіне 10 үлкен және шағын жасанды аралдар тұрғызғандығын да мақтанышпен жеткізді.

«Мына жерге біз 33 млрд., ал, «Теңіз» жобасына 30 млрд., сонда, барлығы 60 млрд.-тан астам доллар инвестиция салдық. Осының бәрі қайдан? Кезінде Кеңес одағында мұндай жоба болған емес. Сондықтан, мұны да Тәуелсіздігіміздің басты жетістігі деп білген жөн» деп Президент Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткеніндей,  жоба теңіз бен жер үсті операцияларын, барлау жұмысы мен бұрғылау, жаңа нысандар салу және шикізат игеруге қажетті материалдық-техникалық қызметтің барлық түрін қамтиды. Жасанды «D» аралындағы өндіріс нысанының өзі алдағы уақытта күніне 450 мың баррель мұнай өңдеуге мүмкіндік бермек.

Бұл – расымен де, жөні бөлек жоба. Солтүстік Каспий бойынша өнімді бөлісу келісімі шеңберіндегі ауданы 5 600 шаршы километрге тең мердігерлік учаскеге алып Қашаған кен орны кіреді. Сонымен қатар, бұл мердігерлік учаскеде Қаламқас, Оңтүстік-Батыс Қашаған, Ақтоты және Қайраң кен орындары бар. Бұларда қазір барлау-бағалау жұмыстары тиянақталған.

%d2%af%d0%ba%d1%96%d0%bb%d1%96-%d2%af%d0%bc%d1%96%d1%82-%d2%9b%d0%b0%d1%88%d0%b0%d2%93%d0%b0%d0%bd%d0%b4%d0%b0

Екінші қайырма: 

Қауіпсіздігімізге  кепілдік  бар  ма?

Атыраудың оңтүстік-батысына қарай 80 шақырымдық жерде орналасқан бұл кен орны Қашағанның атауы «атақты жыраудың құрметіне қойылған» деген сөз бар. Бәлкім, солай да шығар, бірақ, маған ылғи да «ауыздықтауы қиын, оңайлықпен алынбайтын қазына болғандықтан, осылай аталған шығар» деген ой келеді де тұрады. Байыптап қарасаңыз, бұдан он бір жыл бұрын осы теңіз қайраңынан мұнайдың тұңғыш тамшысы алынып, 2002 жылы кен орнының коммерциялық ашылуы жария етілген болатын. Содан бергі жылдар ішінде Қашағанды «ауыздықтап», көздеген мақсатқа жету мүмкін болмай келеді ғой. Енді ғана «асау теңіз арнасында, шалқып рахат сезімменен…» деп ақын жырлағанындай, асау Каспийдің табанына да «түрен» түсер күн келді. Енді бізді тағы бір маңызды мәселе ерекше толғандырады: Теңіз астындағы қазынаны игереміз-ау, оның экологиялық қауіпсіздігі қалай болмақ?

Сөзімізді 2011 жылдың ақпан айында Теңіз кенішінде 4,1 балдық жер асты дүмпуі болғанынан басталық. Бұл жер сілкінісін шетелдік сейсмикалық стансалардың да тіркегендігін ғаламтор ақпараттарынан көріп отырмыз. Алайда, содан бері біршама уақыт өтсе де, отандық құзырлы орындар тарапынан бұл оқиғаны зерттеудің толыққанды қорытындысы жарияланған жоқ.

Мамандар мұндай дүмпулер жер астынан сорып алынған мұнайдың босаған қуыс кеңістік соған теңдес қоспамен толтырылмағандықтан болатындығын қарапайым тілмен түсіндіреді. Шынымен солай болса, оның алдын алудың амалдары қандай? Әдетте таулы жерлерде ғана жиірек кездесетін жер сілкінулерінің енді жазық даланы да еншілей бастағаны неге немқұрайлы қарауға дәтімізді шыдатады?

Жалпы, мұнай өндірісінде мұндай техногендік жер сілкіністері болып тұратынын  ұзақ жылдар ірі мұнай кәсіпорындарында бас геолог болып қызмет атқарған Мақаш Рахметов ағамыз нақты мысал келтіре баяндап, «Алдағы уақытта Қашағанның «қара алтынын» игеру басталса, күйіміз қандай болады?» деп дабыл қаққан еді. Шынында да, дерек көздеріне жүгініп көрейік: Канададағы Shipe Like кенішінде мұнай өндіріле бастағанына 7 жыл, Ресейдегі Старо Грозненскіде 8 жылдан, Түркіменстандағы Брунноеда – 13, АҚШ-тағы wiIImington кенішінде – 21, Франциядағы Лак пен Өзбекстандағы Газли кеніштерінде 12 жылдан кейін түрлі жер сілкіністері болған екен. Тіпті, 600 млн. тонналық Ромашкинское кенішінде 1987 жылдан 1997 жылға дейін 700-дей жер сілкінісі орын алып, олардың дүмпуі 4-5 балға дейін жеткен.

– Жер жүзінде көптеген мұнай кеніштерінде техногендік бақылаудың нәтижесінде олардың бірнеше жылдан кейін 2 метр мен 8,8 метр аралығында төмен түсіп кеткені анықталып отыр, – дейді Қазақстан Республикасының кен орындарын алғашқы ашушы, жер қойнауының құрметті барлаушы-геологі Мақаш Рахметов. – Ал, өзіміздің көнекөз мұнайшы қарттарымыз Доссор кенішінің де төмендеп кеткенін айтып жүр. Техногендік бақылау жүргізілмегендіктен, оның қаншалықты төмен түскенін айту қиын. Теңіз және Каспий қайраңындағы (шельфте) болашақ мұнай-газ кеніштерінің негізгі құрамы әктас болғандықтан, олар техногендік жер сілкінісіне бейім келеді…

Оның айтуынша, Теңіз кенішінде техногендік мониторингті 1988 жылдан бастап 1992 жылға дейін Ресей мамандары жүргізген көрінеді. Олар Теңіздің оңтүстік жағында мұнай өндіруді аса сақтықпен, қатаң бақылау арқылы жүргізуді ұсынған екен. Қазір бұл жұмысты 1999 жылдан бері «ЭкоГеоМұнай» ЖШС атқаруда. Бұл кәсіпорын да ықтимал экологиялық қауіпті жоққа шығарып отырған жоқ.

Теңіз түбінен мұнай игерудің өзімізден бұрынғы тәжірибелерін мұқият зерттеп отыруымыздың да мәні ерекше. Айталық, әзербайжандықтар Каспий қайраңынан «қара алтын» өндіруді ертеден-ақ бастап, елдің бәрінен бұрын теңізді ластап үлгерді. Соның кесірінен Баку аймағында көптен бері бекіре тұқымдас балық саны күрт кеміп кетті. Ғаламтор деректеріне жүгінсек, соңғы жылдары Бакудың шығыс жақ бағытында су бетінде қалқып жүрген мұнай дақтарының радиусы 800 шақырым су бетін жауып үлгерген. Ал, Баку бухтасының өзінде мұнай қалдықтары тұнбасының қалыңдығы бір метрге жеткені де баспасөзде жарияланып жүр.

Осының бәрін естіп, көріп отырғанда, Қашағанды игеруден бұрын қауіпсіздігімізді жүз пайыз қамтамасыз етіп алуымыздың аса қажеттігі туындайды. Осы орайда геолог Мақаш Рахметов Каспий теңізінде геодинамикалық бақылауды қазірден бастап күшейту қажеттігін айтады.

– Бұл, ең болмағанда, техногендік апаттың қаншалықты жақын қалғанын жобалап, біліп отыруымызға мүмкіншілік береді. Бұл үшін сейсмикалық байқау күн сайын дерлік жүргізілсе де артық емес, – дейді ол. Біз де көпті көрген, соның ішінде талай-талай мұнай бұрқақтарын ауыздықтауға қатысқан білікті де, тәжірибелі геолог ағамыздың ұсынысын қолдаймыз. Өйткені, теңіз – тіршілік көзі. Ол бүлінер болса, теңіздегі бүкіл флора мен фауна қоса құриды, адамдар да зардап шегеді.

Тағы бір атап айтар мәселе: Қашаған кен орны мұнай бере бастаса-ақ, қазір құрылысы ерекше серпінмен жүргізіліп жатқан Қарабатандағы мұнай химиясы кешені де өз жұмысын бастайды. Атырау қаласынан бар-жоғы отыз шақырым жерде орналасқан алып зауыттың өңір экологиясына залалын тигізбеуі де қазірден-ақ түбегейлі шешіліп қоюға тиіс. Осы орайдағы салмақты сауал: «Қарабатаннан қалаға дейінгі автожолдың екі қапталына тұтастырыла жасыл желек отырғызылып, экологиялық жасыл белдеу жасалады» деген әңгіме неге іс жүзіне аспай қалды?..

P.S. Иә, Қашаған мұнайы түбегейлі ел игілігіне айналар шақ алыс емес. «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Б.В.» компаниясының мәліметі бойынша, «D» аралындағы бірнеше нысанға көмір қышқылды шикізат жіберілген, жағадағы «Болашақ» қондырғысы мен жаңа құбырлар арқылы да «қара алтын» өте бастаған. Бір ай сынақ мерзімі сәтті өтсе, коммерциялық мақсатта мұнай өндіруді бастау туралы шешім қабылданады. Алғашқы айларда 90 мың баррель «қара алтын» өндіру жоспарланса, бұл көрсеткіш келер жылы тәулігіне шамамен 370 мың баррельге жеткізілмек. Өткеннің сабағынан нәтиже шығаруды мақсат еткендіктен, бұл – қазіргі таңда жүзеге асатын нақты бағдар.

 

P.P.S. «Мен қауіп еткеннен айтамын…» деп ақын Мұрат Мөңкеұлының айтқанындай, біз де теңіз табанынан мұнай өндірудің қауіп-қатері молдығына байланысты алаңдаймыз. Біріншіден, қайталап айтамыз, бұл – құрлықтағы жер қойнауы емес, су астындағы кен, оны бұрғылаудың қиындығы жетіп жатыр. Екіншіден, көмірсутегі қоры тым тереңде шоғырланған, әрі ішкі қабаттық қысым өте жоғары. Мұнай құрамында күкіртті сутегі мен меркаптан да өте көп. Сондықтан да, ірі апаттық ахуал туғызатын тәуекелдердің дені басым. Осыны ойлағанда, 2010 жылы Мексика шығанағында орын алған атышулы апаттан сабақ алу аса қажет.

Исатай Балмағамбетов

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз