ҚАТЕР ҚАЙДАН ДЕМЕҢІЗ…

Өткен жылы қарлы бораннан барлығы 211 адам құтқарылған. Қар құрсауында қалғандардың 16-сы – бала, біреуі – жүкті әйел. Сонымен бірге, 43 техника аршып алынды. «Талдау жұмыстары жолда қалған адамдардың негізінен далалық жерлерде қарға батып қалғанын көрсетті. Республикалық автожолдарда мұндай қиындықтар аса туындай қойған жоқ» деп атап өтті облыстық мәслихат сессиясында баяндама жасаған Атырау облысы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Сағынбек Өмірзақов.

Абырой болғанда, төтенше жағдайлар кезінде адам шығыны болған жоқ. Десек те, сала маманы қарға батып, аязда қалу оқиғаларының көбеюін адамдардың телеарналар мен радиолардың болжамдарына, ұялы байланыс арқылы таратылатын смс-хабарламаларға жете мән бермеу, өз қауіпсіздігіне немқұрайлы қарау фактілерімен де байланыстырады.

Күні бүгінге дейін департамент 112 қар басқан учаскені анықтаған. «Оның ішінде жалпы ұзындығы 62 шақырымды құрайтын республикалық автожолдағы 88 учаске және жалпы ұзындығы 8 шақырым болатын 24 учаске  бар» деді баяндамашы Сағынбек Өмірзақов. Оның сөзіне қарағанда, алдағы күндердегі ауа-райының да атыраулықтарды қуантпайтын түрі бар. «Қаңтардың үшінші онкүндігінде ауа температурасы 30 градусқа дейін төмендейді, қар жауып, бұрқасын болуы ықтимал. Үшінші онкүндіктің басында солтүстіктен соғатын желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге күшейеді деп болжануда» деді ол. Баяндамашыға қауіпсіздік техникасына байланысты бірнеше сұрақ қойған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов төтенше жағдай орын алуы мүмкін қауіпті аймақтардың тізімін жасақтап, өткізуді тапсырды.

Кезектен тыс сессия отырысында, сондай-ақ, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бір топ азаматтарға «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағын беру мәселесі қаралды. Жақында ғана мемлекеттік сыйлықты иеленген атыраулықтар – «АкАйКонсалтинг» ЖШС бас директорының орынбасары, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, ҚР Минералдық ресурстар академиясының академигі Орал Ақшолақовқа, «Меридиан Петролеум» ЖШС президенті, геология-минералогия ғылымдарының докторы Балтабек Қуандықов пен «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты Құрманғазы Есқазиевке «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағы берілді. Сонымен бірге, Атырау облысы бойынша аумақтық жер инспекциясының басшысы Ғибрат Сүлейменов Құрмет грамотасымен марапатталды.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Суретті түсірген:

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

 

Жас батырларға құрмет

 

Құрманғазылық екі оқушы республика тарихында бұрын-соңды болмаған айрықша құрметке ие болды. Бейбарыс Қайроллаұлы мен Ермахан Насихан «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Жас батырларға марапатты облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов салтанатты жағдайда табыстады (суретте).

 

Естеріңізде болса, соңы бақытты жағдаймен аяқталған бұл төтенше оқиға туралы өткен жылы ақпарат құралдары жарыса жазған болатын. Оқиға маусым айында орын алған еді. Жолды қысқартпақ үшін судан өтпек болған 41 жастағы әйел адам байқаусызда суға батып кетіп, оны Бейбарыс пен Ермахан атты мектеп оқушылары құтқарып қалған болатын.

 

Бүгінде бірі Құрманғазы ауданындағы М.Әуезов атындағы орта мектептің 8-ші сыныбында, бірі Еңбекші орта мектебінің 7 сыныбында оқып жатқан жас батырлар «болашақта құқық қорғау саласында еңбек етсек» дейді. «Құтқарып қалған апамыздың есімі Ажар екен. Ол кісіні күтпеген жерден көріп қалдық. Көрген бойда көмекке ұмтылдық. Ойланып тұруға немесе біреуді көмекке шақыруға уақыт болған жоқ. Бар ойымыз қалай да аман алып шығу керек болды» дейді кейіпкерлеріміздің бірі – 8 сынып оқушысы Бейбарыс Қайроллаұлы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз