КӘСІПТІК БІЛІМ

Біз оны жастарға қалай беріп жүрміз?

Жұмысшыға сұраныс жоғары

Еңбекке тікелей араласатын кәсіптік мамандық иелері қай кезде де сұранысқа ие. Елбасы мұны халыққа арнаған Жолдауында атап көрсетіп, барша үшін тегін кәсіптік-техникалық білім беру міндетін қойды.   Елбасының бұл сөзін елді бүгінгідей әлемдік дағдарыстан шығарудың аса маңызды шараларының бірі деп түсінгеніміз абзал.

Бір ғана Атыраудың өзінде бүгінде 71 түрлі мамандық бойынша 25 орта арнаулы кәсіптік-техникалық оқу орны бар. Онда 18022 студент білім алады. Оның 588-і Атырау энергетика және құрылыс коледжінде 11 түрлі мамандық бойынша оқиды. Сондай-ақ, бұл оқу орнында техникалық бағытта 40 түрлі қысқа мерзімді ақылы курстар өткізіліп тұрады. Біз осыған орай мамандармен, колледжде оқитын студенттердің өздерімен әңгімелескен едік.

 

Федор МАКСИН, колледж студенті:

Жасым он бесте. Болашақ электромонтаждаушымын. Болашақта өзімді энергетик ретінде сезінемін. Колледжді тәмамдаған соң, жоғары білім алғым келеді. Дуальдық оқыту жүйесі бойынша кейін білім мен жұмысты ұштастыруды көздеймін. Қазіргідей Елбасының жастарды қолдап, кәсіптік білім алуына жағдай жасап отырғаны – бізге үлкен мүмкіндік. Қаладағы №24 орта мектептен тоғызыншы сыныпты бітіріп, бюджеттік негізде оқуға қабылдандым. Оқу мерзімі – 2 жыл 10 ай. Маған колледжде білім алған ұнайды. Шәкіртақы аламыз. Арнайы шеберлік сыныптары да жақсы жабдықталған.  

 

Андрей ҚАРАБАЛАЕВ, «Электрожабдықтау» мамандығының студенті:

Қазір үшінші курста оқимын. Колледжде алған білімімді көрсетіп «ТИБЕРТИ – ELECTRIC» ЖШС-де өндірістік тәжірибеден өттім. Алғашқы еңбекақымызды алып үлгердік. Мектепте тоғызыншы сыныпты бітірген соң, екі жыл уақыт өткізбей, бір мамандық бойынша оқығым келді. Ата-анам да қолдап, ақыры оқуға түскеніме қуанамын. Өйткені, құрдастарым әлі де мектепте білім алып жүрсе, мен алғашқы еңбекақымды ата-анама ұсынып, алғысын алдым. Жұмыс жасаған кезде айына 30 мың теңге жалақы алсам, қосымша 13 мың теңге шәкіртақы тағы бар. Бұл студент үшін үлкен табыс қой.

 

Абат ЖЕҢІСОВ, «Дәнекерлеуші» мамандығының студенті:

Меніңше, дәнекерлеуші – қазіргі кезге ең қажетті мамандық. Колледжде ақылы негізде білім аламын. Оқу ақысы – жылына 90 мың теңге. Бірақ, өндірістік тәжірибе арқылы жұмыс жасап, 30 мың теңге көлемінде еңбекақы алып, алдыңғы жылдың оқу ақысын төледім. Оқуды бітіріп, дәнекерлеу жұмыстары бойынша жеке кәсіп ашқым келеді. Қазірдің өзінде ірілі-ұсақты тапсырыстар алып, жұмыс жасап жүрміз. Ағаларым да осы дәнекерлеумен айналысады. 

Студенттерге жатақхана  керек

Айгүл МЕҢДІҒОЖИНА, өндірістік тәжірибе бойынша шебер:

 – Бұрынғы жылдармен салыстырғанда, кәсіптік білім алуға ниет білдірген жастар қатары көбейіп келеді. Әсіресе, тоғызыншы сыныпты аяқтап, аудандардан білім алуға жастар көп келеді. Жатақхана болмағандықтан, олар пәтер жалдап оқиды. Сондықтан, біздің оқу орнындағы негізгі мәселе – ауылдан келген студенттерді жатақханамен қамту болып отыр. Негізінен, біздің түлектеріміз қазір әр салада табысты еңбек етіп жүр. Сөзімнің дәлеліндей, өткен жазда 20 студент өндірістік тәжірибедегі белсенділігімен көзге түсіп, жұмысқа қабылданды. Жас арматуршы мамандар Нұрсая ықшамауданында салынған 16 үйдің құрылысына араласып, кәдімгі мамандардай кәсіптік шеберліктерін көрсетті. 

Кәсіпкерлер жастарды алуға құлықты емес

Бүгінде энергетика және құрылыс колледжінің 28 компанияда әлеуметтік серіктестігі бар. Бұл мекемелерден студенттер алған білімдерін шыңдап, арнайы маман киімдерін киіп, іске араласады. Маман ретінде өздеріне тапсырылған жұмыстарды атқарады. Яғни, дуальдық білім беру жүйесі бойынша жұмысқа араласады. Кейін іскерлігімен, ептілігімен көзге түскен жастар мекемеге тұрақты жұмысқа қалады. Дегенмен, колледж директоры Нұрғали Темірташев студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуі, кейін жұмысқа тұрақтап қалуында кейбір шешімін таппай отырған мәселелер барын да жасырмады.

– Біздің елде білім саласы мен кәсіпкерлер арасында бірлесіп жұмыс жасау керектігі жөнінде арнайы заң нормативі жоқ. Сондықтан, жас мамандарымызды жұмысқа алуға кәсіпкерлер аса құлықты емес. Оларға бірден тәжірибесі көп, шетелдік компанияларда жұмыс жасаған жұмысшылар ғана керек. Меніңше, дуальдық оқыту жүйесін мемлекет көлемінде, жалпыұлттық мәселе ретінде көтеріп, арнайы заң бекітіп жүзеге асыру керек. Қазір тек колледж тынысын бұрыннан білетін кәсіпкерлермен келісіп, «түлектеріміздің біліктілік деңгейін көріңдер» деп оларды жұмысқа араластырып отырған жайымыз бар. Мысалы, Германия елінде дуальдық оқыту жүйесі әлдеқашан дамыған. Оларда бұл жүйе – жастардың оқуын бітіре сала жалақысы жақсы жұмысқа орналасып, өздерін көрсетіп, еңбегінің жемісін көруге апаратын жақсы жол. Расында, жас мамандарға қолдау көрсетпесек, жаңа бітірген маманға тәжірибе қайдан келеді? Шетелде 3,6 миллион кәсіпорынның 500 мыңнан астамы кәсіптік білім беру бағдарламасы бойынша жұмыс жасайды екен. Сондықтан, ол елде жастар білімді жоғарғы оқу орындарынан емес, кәсіптік білім беретін техникалық колледждерден іздейді.

 

Біздің елдегі аймақтық кәсіпкерлер палатасы жастарды мамандыққа баулумен  айналысатыны мәлім.  Сондай-ақ, мектептің жоғарғы сынып оқушыларын, колледж студенттерін жұмыс орындарына апарып таныстырады. Кәсібін жаңа бастаған жас кәсіпкерлерге бизнес-жоспар жасауда қолдау көрсетеді. «Болашақта елдегі қажетті мамандықтарды саралап,  жастарға жұмыс тауып беріп, оларды оқытуға да осы палата араласса, кәсіптік-техникалық білім беру әлдеқайда жақсы жолға қойылар еді» деген ойда қалдық.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз