ҚАЛАММЕН КЕЛГЕН ҚҰТ

Жазуға деген ғашықтық пен машықтық әуел бастан  балаң кезден-ақ бойға бітпесе оның өсуі мен дамуы да баяу болмақ. Кешегі атағы дүркіреген «Новобогат» деп аталынатын кеңестік шаруашылықтың маңдайалды шопаны Жұматай қарттың отбасында осыдан алпыс жыл бұрын дүниеге келгенінде бұл Құтекең жазғыштың бірі боламын деп ойламаған да шығар. 

 

Бірақ, қыста қыстауды мекендеп, жазды жайлауда өткеретін қойшы тұрмысында қазіргідей қаптаған ақпарат құралдары қайдан болсын. Қай шопанның  да үйіне жиі дегенде бір аптада, сирек дегенде айына бір рет бума-бума газет-журналдар жетеді. Оларды әлгі шопан оқи ма, оқымай ма әйтеуір, орталық басылымдардан бастап, тіпті пышақтың қырына да жетер-жетпес «Үгітші блокноты» дегенге дейін толып жатады.

Созылып барып атып, сызылып барып бататын жазғы жайлаудың әсем көріністері кекілі желбіреген қара домалақ баланы тіптен қызықтыратын. Айналадағы қойшы біткеннің балалары әке-шешелеріне көмек болсын деп бір мезет қой бағып жүргенде бұл Құттыгерейді әкесі Жұматай да өзгеден қалдырмай  ерте оятып, отардың соңына салатын. Өйткені,  сол бір кезеңнің адамдары тәуір еңбек етсең тәуір өмір сүресің деген қағиданы берік ұстанатын. Ал, малшы қауымы болса балаларын ең алдымен мал бағуға машықтандыратын. Жазғы таңның тәтті ұйқысына бөленіп жатқан қара баланың құлағына «Тұра ғой, құлыным,шәйің дайын, әкең де атты ерттеп қойды» деген Өкила анасының үйреншікті хабары жетеді. Домаланған қара бала да сергек, көзін сипалап атып тұрады да таңертеңгілік асын асығыс ішіп, атқа қонады. Тек кетпейді аттың еріне бір бума газет-журналды қыстыра шығады. Иығында дауысы кейде шырылдап, кейде пырылдап әзер шығатын кішкентай транзистор. Төртінші не бесіншіні оқитын домалақ қара баланың қой соңында отырып оқитыны үйден алып шыққан газеті мен журналы, тыңдайтыны әлгі айтқан радио.

1970 жылы Құттыгерей анасы Өкила екеуі сонау құмнан түйеге мінгесіп кеңшар орталығына қарай жол тартты. Екі орта ұзақ жол. Жол Жасқайраттың етегіне жеткенде таң біліне бастаған. Бір мезгілде анасы Өкила баласына: «Балам,өзің ойлап жүрген мамандығыңның мұратына жет. Тағы бір айтарым болашақта алатын жарыңның отбасы біздің қатарымыз болғаны жақсы» деген.

Асыл ананың бұл сөзі кәдімгі аманаттай сезілді. Көктемгі төл алу кезінде бұлардың ауылына ауданнан тілші келген. Сол сәтте «Мен де осы ағам  секілді тілші болып, ел-жұртты аралап, мақала жазып жүрсем ғой деген баяғы балаң арман көкейден кетпей-ақ қойған. Қыста интернатта жатып оқитын Құттыгерей жаздағы әуестігін тастамайды. Әрнемені жазып түрткілейді де жүреді.

Ол кезде аудандық «Малды өңір» газетінде мектеп оқушыларының хабар-ошарлары жарық көріп жатады. Құттыгерей де ойлағанынан қайтқан жоқ, аз-мұз хабарларды жазып көрген. Олары газетке шыққанда қалай қуанды десеңізші! Тіпті, газет редакциясы қызметкерлерінен келетін хаттарды кішкентай чемоданына тығып сақтайтын, бала көңілмен достарына көрсетіп мақтанғысы да келетін. Мектепте өтетін кештер немесе ауылдағы  қарапайым еңбек адамдары жайлы жазуға машықтанды. Газеттің редакторы Теңдік Жауыров та бала тілшінің талап-қиялына қанат бітіріп, арқасынан қаққан. Кәнігі журналист, қабырғалы қаламгердің мұнысы   Құттыгерейді онан сайын жігерлендіріп, алға қарай жетелей түскендей еді. Талабы биік, талғамы жоғары жас тілшінің жазу өнеріне машықтанып, төселіп те қалғандығы сонша, бәз біреулер оның қаламының ұшына ілініп кетеміз бе деп қаймығып, сескенетін. Санаулы уақытта газет тілшісінің ел ортасында өзіндік бедел-абыройы қалыптасып, қалам қуатының құдіретін сезінгендей күй кешті.

Міне, сөйтіп, мектеп бітірісімен ол ешқайда жалтақтап, алаңдамастан аудан өмірінің айнасы «Малды өңір» газеті редакциясына тілшілік қызметке орналасты. Қырықбай Бекбаев, Қабижан Сағиев, Сейілхан Қайыржанов, Жолдас Дүсіпов, Жомарт Шегеев, Данияр Жәрдемов секілді қаламдастары қандай еді?!  Баланың кішісі болғандықтан да шығар, басқаларынан гөрі ол жиірек жұмсалатын. Өзі де «кәдеге жарағанына» мәз болып, ертелі-кеш анда-мында шапқылап жүріп, жұмысын қызығушылықпен, айрықша ынта-жігермен атқаруға, дайындаған материалдарын тездетіп тапсыруға тырысатын. Үлкенді-кішілі әріптестері де Құтекеңнің соншалықты шапшаңдығына, шаршап-шалдығу дегенді білмейтіндігіне таңырқап, қызығатын.

Сонау «Қаштай», «Айбас», «Үштаған», «Мыңтөбе», «Бура» секілді мал жайылымдарына жетудің өзі бір қиямет еді ғой ол кезде. Кеңшардың  су таситын машинасына әзер ілігіп, күні-түні жүріп, малшы ауылға да жететін. Ал, Каспий теңізінің жағасындағы «Новинск» аралдарына барудың, ондағы пішеншілер бригадалары мен малшы қыстақтарын аралаудың өзі тіптен де оңай емес-ті. Біздің Құттыгерей солардың бәріне де әлденеше реттен қадам басты. Өйткені, сол кезеңдерде газет қызметкерлері өз көзімен көрмей ештеңені жазбайтын. Ал, сын мақалаларға келгенде Құттыгерей талайды тамсандырды да. Суреттеме ме, репортаж, очерк, рейдтік материал дейсіз бе, әйтеуір Құттыгерей газет жанрларының бәріне де еркін қалам  сілтейтін, соған әбден төселіп те алған-ды. Әрине, бәрінің бірдей «теп-тегіс, жұп-жұмыр» боп келмейтіні де заңдылық қой. Көлдей етіп, құлатып тұрып жазғандары басшылар тарапынан түзеліп те, күзеліп те  жататын. Сол жасаң кезінде-ақ, ол аудандық газеттің нағыз «қара өгізі» атанған-ды. Кезінде Сайлаубай Тәжбентай ағамыздың өзі «сиырдың тіліндей» деп сипаттаған, бір қарағанда алақандай ғана боп көрінетін аудандық газет дегеніңнің өзі нағыз жұтпа, аждаһа дерсің. Бір тесігін бітесең екіншісі тесігі үңірейіп, көрініп тұрады. Мұндайда жылдам жазатын, деректері қойын дәптеріне сыймай, асып-төгіліп жүретін жазғыштардың жолы болғыш-ақ.

Әркімнің өсу, жетілу жолы әрқалай өрілері кәдік. Бұл тұрғыда Құттыгерей кәсіби журналистік білімге кешеңдеу қол жеткізді.  Бір артықшылығы Құттыгерей Алматыға тек кезекті курс тапсырмаларын ғана орындап бармайды, сол кезгі астанамыздағы газет-журналдарға ең тұщымды деген мақалаларын, басқалай материалдарын қоса апарады. Өйткені, ол газеттегі өмір университетін баяғыда бітіріп алған,тәжірибесі де бір басына жетерлік еді. Құтекең ешқашан өсемін деп ұмтылған жоқ. Бұрқыратып жаза берді. Тілші де, бөлім меңгерушісі де, жауапты хатшы да болды. Кешегі «Малды өңір» қазіргі «Жайық шұғыласы» газетінде жүргенінде Құттыгерейдің журналистік шеберлігі шынымен-ақ шыңдалды. Оның қаламынан туған өткір тілді фельетондардың өзі талай өктемсіп, кеуде кергендерді жиырып тастайтын. Осылар арқылы газет беделі де артты. Бір кеңшардың бас  агрономын қудалаған шаруашылық басшылары турасындағы «Тасадан атылған тас», екінші бір мекеме басшысы жайындағы «Сиялар сыры» секілді  фельетондары туралы осыны айтуға болады.

Әрі-беріден кейін ол аудандық газетпен шектеліп қалмай, соқталы-соқталы мақалалары облыстық, тіпті республикалық басылымдарда жарияланатын болды. Сол кезеңдерде «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде қызмет атқарған Нұреден Мұфтахтың өзі әріптес інісін қолдап, қолпаштайтын. Қ.Смадияров жазған проблемалық мақалалар еліміздің бас газетінде жиі жарық көретін. Біртіндеп, Құттыгерей «Лениншіл жасты» («Жас Алаш») да жаулап алды.

Құттыгерей Қыдыр Есімов ақсақалмен қатарласа жүріп аудандық мұражайдың негізін қаласуға бел шеше араласты. Комсомолдың да, партияның да нағыз сарбазы бола білді. Оның редакцияда отыруынан жүруі көп. «Жүрген аяққа жүз жол ілінеді» деп қойып  қайда болса да тартып кетеді. Сөйткен Құттыгерейіміз бір күні  облыстағы баспасөздің қармағына ілікті де кетті. Өкила анасының айтқаны келіп, арманы орындалды. Ол кісі  «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған, қарапайым еңбек адамы-тұғын, бірнеше мәрте аудандық кеңеске депутат болып та сайланған. Әкесі Жұматай да адал еңбегіне орай көптеген марапаттың иесі атанған. Анасы айтқандай, бұл шаңыраққа түскен келін Мүслиманың әкесі Талпаш Ұлы Отан соғысының ардагері, әрі Жұматаймен жасы да қарайлас, анасы да атақты сауыншы болып шықты.Құтекең осы Махамбетте жүргенінде Мүслиманы жар етіп алды. Өмірге ұл да келді, қыз да келді. Біздің Құтекең қай кезде де үйдікінен гөрі түздің шаруасын көп ойлайтын адам. Облыстағы марғасқа журналист ағаларының шақыруымен «Атырауда» қызмет атқарды. 90-жылдарғы алапат су тасқыны Қызылқоға, Жылыой аудандарына біраз қиындықтар әкелді. Міне, осы кезде облыстық газеттің меншікті тілшісі Қ.Смадияров та күн демей, түн демей сол апаттың басы-қасында жүрді.  Былайғы жұртпен бірге жер-жерде, іс басында болып шаршап-шалдығып келсе де ұйқыдан көзі кілгіріп отырып газетке жедел репортаждарды жазды, оларын облысқа қатысатын көліктерден жылдам жіберіп тұратын. Қарымды қаламгер облыста алғашқылардың бірі болып Тауман Амандосов атындағы сыйлықтың иегері атанды.

Бүгінде Құттыгерей Смадияров облысымыздағы беделді басылымдардың бірі–«Мұнайлы Астана» газетінің бас редакторы. Бұл газет алғашында 12 бет болып шығатын. Одан 16,40 бет болып шығып жүрді. Қазір 65 бетке дейін көбейіп, қазақ,орыс және ағылшын тілдерінде шығатын дәрежеге жетті. Алғашында бірде-екілі қызметкермен ғана әзер шығатын басылымда қазір жиырмаға тарта адам жұмыс жасайды. Құттыгерей нағыз ізденгіш журналист, қажымайтын қаламгер. Соның айғағындай, қазақтан шыққан тарихи тұлғалар, Атырау елінің ардақты азаматтары турасында құнды еңбектердің авторы. Оның ұшқыр да жүйрік, ойлы қаламынан туындап, баспа бетін көрген кітаптарының саны қазірде онға жуықтады.

 

Әркім өз бақытын әрқалайша табады десек,біздің Құтекең бақытын қаламынан тапқан азамат. Қатарда жүрсе кәдімгідей қарапайым, әзіл-қалжыңы аралас,адамдармен де тез тіл табысқыш Құтекеңе құт әкелетін де осы құдіретті қаламы. Абырой мен бедел биігінде асқаралы алпыс жастың асуына көтерілген қаламдасымызға осынау мерейлі шағында зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, баянды тұғыр тіледік.

Қадыржан ҚАЗЫМБЕКҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер

Одағының мүшесі.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз