«Kaiser» кафесінде тапаншадан оқ атқан жігіт сотталып кетті

foto draka Жаңалықтар

Атыраудағы «Kaiser» кафесінде тапаншадан оқ атқан жігіт сотталып кетті. Енді ол өз жазасын бір жыл бойы темір торда өтейтін болады.

foto-draka

Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады. Қылмыстық іс «қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық» бабы бойынша қаралған. Тергеу кезінде анықталғандай, сотталушы М. өзінің досы Д.-мен биыл  30 сәуірде «Kaiser» кафесіне барған. Біраз уақыттан соң Д. кафедегі өзге келуші А.-мен сөзге келіп, жанжалдасып қалады. Мұны көрген М., досын алып кетпекші болған кезде А. оларға бөгет жасап, жібермей қойған. Сол кезде М. күртешесінен травматикалық тапаншаны шығарып, А.-ға бағыттап екі рет атып жіберген. Кейін оқиға орнынан бой тасалап үлгереді. Ал жәбірленуші «жеңіл» дәрежедегі дене жарақатын алыпты.

Сот отырысында сотталушы М. өз кінәсін толық мойындап, өкінетінін мәлімдеді. Үкім шығару кезінде сот оның отбасындағы жалғыз асыраушы екенін, әкесінің ерте қайтыс болғанын, анасы онкологиялық дертке шалдыққанын, жұмыссыз жұбайының және кәмелетке толмаған балаларының барын ескерді. Нәтижесінде, М. Қылмыстық кодекстің 293 бабы, 3 бөлігі, 2 тармағымен кінәлі деп танылып, оған 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

ATpress.kz

Айдос Қарабала

Фото daypic.ru сайтынан алынған

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз