Кәсіподақ жарнасы қайда жұмсалады?

Кәсіподақ жарнасы қайда жұмсалады 2 Жаңалықтар

Жұмысшы  құқығын  қорғайтын кәсіподақ ұйымдарының қызметі мейлінше ашық әрі қолжетімді болуы тиіс. Бұл бағытта Мемлекет басшысы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын Жолдауында нақты міндеттер жүктегені белгілі. Заманауи технологиялар дәуірінде қарапайым қызметкер жұмыссыз қалмай ма? Ал, қолданыстағы Еңбек кодексін толықтыру мүмкін бе? «Атырау облысы кәсіподақтар орталығы» бірлестігі жанындағы үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысында осынау мәселелер қозғалды. Оған Парламент Мәжілісінің депутаты Жамбыл Ахметбеков қатысты.

Кәсіподақ жарнасы қайда жұмсалады-2

Аудандық коэффициент ескерілсе…

– Қазір  әлемде төртінші өнеркәсіптік революция басталды. Дөңгеленген дүние көшінен қалмас үшін біздің мемлекетімізде де бірқатар тың бастамалар қолға алынуда. Әрине, озық технологиялар дамуымызға оң ықпал етеді. Ұлт Көшбасшысы атап өткендей, технология  дәуірінде жұмыссыздар саны көбейетінін де естен шығармай, осы бағытта жұмысты күшейтуіміз керек. Мәселені шешудің бірден-бір жолы – жаңа индустриалды кешендер ашу. Білуімізше, мұнайлы өлкеде жақсы жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол, – деді Мәжіліс депутаты.

Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалының төрағасы Шахмұрат Қанбетов жыл сайын коммуналдық қызмет бәсі өскенмен, жалақының бір деңгейде тұрақтап қалғанына алаңдаулы. Бұл, әсіресе, мемлекеттік мекемедегі техникалық қызметкерлерге қатысты. «Жасыратыны жоқ, жанар-жағармай, газ, су, жарық бағасы көтерілуде. Бірақ, біздің техникалық қызметкерлер әлі күнге дейін 25 мың теңге көлемінде айлық алады. Ол неге жетеді?» дейді ол.

Сондай-ақ, кеңес отырысында Атырау өңірінде еңбек ететін қызметкерлерге аудандық коэффицент төлеу қажеттігі жөнінде мәселе қозғалды. «Облысымыздың экологиялық ахуалын бәріміз жақсы білеміз. Басқаларын айтпағанның өзінде, күкірттен келетін зиян шаш-етектен. Соған қарамастан, жұмысшыларымыз еш аянбай қызмет етуде»  деді «ЮСС» ЖШС өкілі М.Көшенов.   

Еңбек  адамына – жайлы  тұрмыс

Бұл қағида қарапайым әрбір қызметкердің өмір сүру «аксиомасы» болуы тиіс. «Әр азамат кәсіподаққа ерікті түрде, оның моральды және материалды көмегін, қорғаушы қызметін түсіне отырып мүшелікке өтуі керек. Ал, оның мүшелері кез келген ақпаратқа ұдайы қолжетімді болуы тиіс» деп Елбасы атап айтқан болатын. Өкінішке орай, кәсіподақ құрамындағылар өз жарналарының қайда және не үшін жұмсалып жатқандығы жөнінде толық мәліметті біле бермейді. Сөйтіп, жұмысшылар арасында сенімсіздік пайда болып, қоғамдық ұйымның беделі төмендейді. Жұмыс барысындағы осындай кемшіліктерге  тоқталған «Атырау облысы кәсіподақтар орталығы» төрағасының орынбасары Саламат Еламанов ақпараттық шараға  мән  беру керектігін  жеткізді.

– Өткен жылы аудандық үшжақты комиссия отырыстарына қатыстық. Мақат және Құрманғазы аудандарындағы қызметкерлер «еңбекпен тапқан қаражатымыз қайда жұмсалып жатқанын түсіндіруді сұраймыз?» деп көптеген сын пікірлер айтты. Қоғамдық қабылдауға келген жандар да осыны жиі еске салды, – деп баяндады С.Еламанов.

Кәсіподақ жарнасы қайда жұмсалады

Шетелдік компаниялар неге құлықсыз?

Кәсіподақ қызметінде атқарылып жатқан жұмыстармен қатар, күрмеулі мәселелер де жетіп артылады. Әсіресе, жұмыс берушілердің, соның ішінде шетелдік компаниялар  жетекшілері кәсіподақ ұйымдарымен бірлесіп жұмыс істеуге құлықсыз. «Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Атырау облысы филиалының төрайымы Салтанат Рахимованың айтуынша, тіпті кейбір мекемелер жүргізіліп жатқан күрделі жөндеуді, өндірістік орындарының стратегиялық нысан екендігін сылтауратып кездесуге рұқсат беруден бас тартқан. Біреу білсе, біреу білмес, шын мәнінде, кәсіподақ ұйымы ықпалымен біраз жұмысшының құқығы қорғалған. Мәселен, «Кәсіподақтар орталығына» келген азамат соттылығы болуына байланысты жұмысқа қабылданбай қалғанын айтып шығамданған. Оның арызы бойынша «Сичим» ЖШС басшылығына компанияның әрекеті облыстық үшжақты келісімнің талаптарына қайшы келетіні көрсетіліп, оны бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны түсіндіріліп хат жолданған. Арызданушы биылдан бастап жүк көтеру учаскесінің  шебері ретінде қызметке орналастырылған.

Айта берсек, мұндай фактілер жетерлік. Соған қарамастан  жұмыс  беруші де, қызметкер де кәсіподақ ықпалын жетік түсіне бермейді. Мысалы, Мақат ауданындағы Локомотив депосында 11 жұмысшының аутсорсингтік компаниямен құқықтарының өрескел бұзылып отырғаны анықталған. Олармен еңбек шарттары жасалмаған, зейнетақы, әлеуметтік жарналары аударылмаған. Осы дерек бойынша мекемеде кәсіподақ болмаса да Алматы қаласындағы еңбек  инспекциясына бірнеше рет арыз жазып, нәтижесінде жұмысшылардың барлық талабы қанағаттандырылған. Былтыр екі жақ арасында еңбек шарты жасақталды, зейнетақы жарналары аударылып, барлық материалдық өтемақылары төленді.

Еңбек кодексінде қабылданып, нормативтік базаға енгізілгенімен, кейбір жұмыс берушілер күні бүгінге дейін  келісім комиссияларын құрмай отыр. Ол дегеніңіз қызметкерлердің өз құқықтарын қорғауына шектеу қояды. Қазір ешбір жұмысшы сотқа тікелей жүгіне алмайды, оған дейінгі дау реттеу тәртібімен жүргізіледі. Сондықтан, барлық ірі, орта және шағын бизнес нысандарында келісім комиссияларының құрылуы міндетті, – деген  Салтанат Асқарқызы өндіріс толық технологияландырылған кезде дәстүрлі еңбек ресурстарын тиімді қолдану жайына кеңінен тоқталды.

Өндірісін модернизациялаған кәсіпорын басшысы жұмыс беруші басы артық жұмыс күшін ұстауға мүдделі бола ма, оны қайта даярлауға өз қаражатын шығаруға құлық таныта ма? Міне, осындай жайттар  бүгінгі таңда кәсіподақтар көңіл аударатын негізгі мәселе болуы тиіс. Еңбек миграциясы кезінде қызметкерлердің құқықтары қалай сақталады? Біз осыған баса назар аударуымыз қажет, – деген ол жұмысшылардың технологиялық жаңғыртудың «құрбаны» болмауын кәсіподақтар қатаң бақылауына алуына облыстық әлеуметтік әріптестіктің үшжақты комиссиясының отырысында  көтеруге ұсыныс  жасады.

Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысында оның ережесі мен құрамы бекітілді. Атырау облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Диас Сұлтанов бұл жиын енді үш айда бір рет өткізілетінін атап өтті. Ал, биылдан бастап шетелдік жұмыс күшін тарту жаңа жүйемен жүзеге асырылуда. Қалай болғанда да  жұмысшы құқығын қорғау кәсіподақ ұйымының негізгі міндеті  болып  қала бермек.

Айбөпе САБЫРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз