IQANAT: ауыл балаларына айрықша мүмкіндік

bez imeni333 Жаңалықтар

IQanat қоры еліміздегі ауыл балаларының әлемнің үздік білім ордаларында білім алуына мүмкіндік беріп, оқу ақысын төлеуде. Бұл – 150-ден астам қазақстандық кәсіпкер қолдайтын әлеуметтік-білім беру жобасы.
Аталған қор кез-келген «Лига плюща» университетінде бакалавриатқа түскен мектеп оқушыларының шығындарын толық жабады. Бағдарламада тек оқуды ғана емес, сонымен қатар студенттердің тамақтануын және жол жүруін қаржыландыру да қарастырылған. Бұл туралы бүгін Дінмұхамед Қонаев атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінде өткен IQanat республикалық олимпиадасының екінші кезеңінің ашылуында айтылды.
«Лига плюща» деп – түлектері бүкіл әлемге танымал АҚШ-тағы ең беделді 8 жеке университет тобын айтамыз. Олардың ішінде, мемлекет басшылары, әлемдегі алпауыт компаниялардың жетекшілері, ғалымдар, зерттеушілер, Нобель, Пулитцер және басқа да халықаралық сыйлықтардың көптеген иегерлері бар. Лигаға Гарвард, Йель, Браун, Колумбия, Корнелл, Принстон университеттері, Дартмут колледжі және Пенсильвания университеттері де кіреді.


–Елдің ең бір шалғай, алыстағы ауылдарында небір дарынды да талантты балалардың бары белгілі. Олардың қатерлі ісікке қарсы дәрі-дәрмекті ойлап табуға немесе тұтас әлем мен елді басқаруға және миллиардтаған долларлық стартаптарды әзірлеуге қабілетті болуы да мүмкін. Мұндай жауһарларды тек іздеп тауып, содан кейін жақсы білім түрінде демеп жіберу жеткілікті. Кез-келген айқанаттық өреннің «Лига плюща» құрамына кіретін оқу орындарының оқу ақысын төлейміз дегенде, біз бұл әлемде балалардың қолы жетпейтін ештеңе жоқ екеніне сендіргіміз, бойларындағы үрей мен қорқынышты жеңуге көмектескіміз келеді. Біз болашақта IQanat табалдырығынан қарапайым ғана ауылдың қарадомалақтары Гарвард пен Иель түлегі болып қанаттанғанына куә болсақ дейміз, – деді IQanat жобасының бастамашысы және қамқоршысы Айдын Рахымбаев.
IQanat Олимпиадасының финалына өткен барлық «айқанаттықтар», яғни ауыл оқушылары қор гранттарына үміткер бола алады. Бұл олимпиада жыл сайын Қазақстанның барлық өңірінде өтіп, 60 мыңға жуық ауыл оқушысын қамтуда. Ал, қазір тек бір ғана Атырау аймағының өзінен 306 бала аталған олимпиада кезеңіне қатысуда.
Айта кетейік, дәл қазір олимпиаданың екінші кезеңі ел бойынша өтуде. Оған 10 мың ауыл баласы өзара бақ сынасуда. Үміткерлердің көпшілігі, шамамен 70 пайызы халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады, яғни көпбалалы және толық емес отбасылардан.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз