Ханкелді ӘБЖАНОВ: «Ел тәуелсіздігі мен тіл тұтастығы – қымбат құндылық»

20161129181028 Білім

Алаш тарихындағы ақтаңдақтарды аршуға белсене араласып, өзі де осы тақырыпта тынбай ізденісте жүретін Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент- мүшесі Ханкелді Әбжановтың есімі көзі қарақты оқырмандарға етене таныс. Таяуда ғалыммен тілдесуге мүмкіндік табылып, Алаш тақырыбы туралы аз-кем әңгіме қозғалған еді.

20161129181028

Алаш мұрасы бүгінде халыққа жетті. Десек те, мұраны тану, бүгінгі өмірде қолдану, олардың тағылымын алу жағынан үнемі біржақтылыққа ұрынып келе жатқан жоқпыз ба? Мәселен, Алаш зиялыларына «жансыз портрет ретінде қарау» көзқарасын орнықтырып, олардың мұрасын «кезеңдік дүние» есебінде бағалаудан арыла алмай жүр емеспіз бе?

– Алаш қозғалысының басында халқымыздың кемел тұлғалары тұрды. Кемелді кемел ғана тани алады. Әуезовтың даналығы «Абай жолын» дүниеге әкелді. Бекмахановтың шалқар білімі Кенесарыны асқақтатты.

Алаштанудағы біржақтылық әлеуметтік-кәсіби даярлығы әлсіз ғалымдардың, әуесқойлардың, насихаттаушылардың кінәсінен. Біреулері Алаш қайраткерлерін асыра сілтеп мадақтайды, екіншілері тырнақ астынан кір іздейді, үшіншілері болмағанды болды деп дәлелдеумен әуре…  Пікір алуандығы тұсында бұл объективті ахуал.

Түбінде алаш тақырыбына бүгінгі дүлдүлдерден – әдебиетшілер Тұрсын Жұртбайдан, Дихан Қамзабекұлынан, тарихшылар Мәмбет Қойгелдіден, Өмірзақ Озғанбайдан, жазушы Шерхан Мұртазадан асыра жазатын қалам иесі шығатынына сенемін.

Алаш қозғалысы – мақсат-міндеттері, географиялық аумағы, қатысушылары бойынша ұлттық құбылыс. Оның өзегінде қазақ халқы, оның өткені, бүгіні, болашағы тұрды.

Ал, сипаты мен мазмұны жағынан әлемдік тарих пен өркениет заңдылықтарына сай келеді. ХХ ғасыр басында әлем халықтары отарлаушы және отарланушы болып екіге бөлінді. Отарланған халықтың азаттық үшін күресі Америка мен Еуропада да, Азия мен Африкада да жүріп жатты, халқын соңына ерткен ерлер тарих сахнасына көтерілді.

Алаштың идеясы мен практикасы Алжир мен Үндістандағы, Польша мен Финляндиядағы, Балқан түбегі мен Америка құрлығындағы ұлт-азаттық күрестер болмысымен үндес, әрі ұқсас.

Қысқасы, Алаш мұрасын адамзат өркениеті арнасынан ажырағысыз бірлікте қараумен сыңаржақтылықтан арылуға болады. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа.

Алаштың негізгі идеясы – ел тұтастығы. Бабалардың осынау аманатын кейінгі ұрпақ қалай түсінуде?

– «Ел» – түркілердің көне сөзі. Халық, мемлекет мағынасында қолданылған. Ендеше, ел тұтастығы халықтың бірлігі мен бірегейлігінен, мемлекеттің азаттығынан туындайды. Ел тұтастығы сыртқы факторларға да тәуелді. Дегенмен,  ел  ішілік тіл мен дін мәселелері, байлық пен кедейшілік текетіресі асқынбаса, заң үстемдігін заңсыздық бұзбаса, Алаш идеялары салтанат құрады.

Алаштықтар жеті жұрттың тілін білсе де, ана тілін бәрінен жоғары қойды. Дінді бағдарламаларында сипаттады, бірақ, діни фанатизмге ұрынған жоқ. Қазақ даласына кедейшілік пен заңсыздық отарлаумен келгенін аяусыз әшкереледі.

Ынтымағы жарасқан жерге бақ қонатынын халқымыз жақсы білген. «Бүлінген елден бүлдіргі алма» дегенде де ел тұтастығын бірінші орынға қойып отыр.

Халық өмірінің білгірлері алаштықтар барлық саналы өмірін қазақ мүддесіне арнады. Елдің, жердің, тілдің тұтастығы, тәуелсіздігі бұлар үшін ең қымбат құндылық еді. Біз де осы ұстанымнан ауытқымауымыз керек.

«Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асырып жатқан Қазақстанда «Үшінші жаңғыру» мен «Рухани жаңғыру» қолға алынды. Бұл бағдарламалар арқылы ел тұтастығы нығаятыны сөзсіз.

– Азаттық пен Алаш – егіз ұғым. Ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздіктің ақ таңы атқан тұста сол ұлы істердің басында болған ұлы тұлғалардың арасында әлі де болса зерттелмей, тіпті, аты аталмай жүргендері де бар ма?

– Алаш қозғалысында ісімен, сөзімен көзге түскен азаматтардан аты аталмай қалған ешкім жоқ. Ендігі әңгіме осылардың еңбегін, мұрасын әділ бағалай алуымызда. Көптомдық «Алаш» энциклопедиясын шығару жүзеге аса қалса, ақтаңдақ есімдер төңірегінде талас-тартыс болмас еді.

Алашты мақтау үшін басқаларды даттау бой көрсетіп қалады. Бұған не айтасыз?

– «Алаш» сөзінің баламасы – қазақ. Демек, кең мағынасында, XVIII ғасырдан 1991 жылға дейінгі ұлт-азаттық қозғалыстың бір дәуірін Алаш қозғалысы алып жатыр. Сол дәуірде қазақ мүддесін қорғаған, бірақ, Алаш партиясы мен Алаш Орда жағында болмағандарды бір-біріне қарсы қоюдың негізі жоқ. Қызыл Сәкен де, алашшыл Ахмет те, діншіл Серәлі Лапин де, «Үш жүздік» Тоғысов та позитивті ұлтшылдар болатын. Қайсысының таңдаған жолы дұрыс, қайсынікі бұрыс екенін кейін уақыт көрсетті. Коммунистік идея күйреген екен деп Сәкен мен Тұрарды, Әліби мен Санжарды құбыжықтай көрсету – білгендік емес. Бұлар халқына қиянат жасаған жоқ.

– Әңгімеңізге  рахмет!

Гүлжан ӘМІРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз