ГАЗБЕН ҚАМТУДАН АЛҒАШҚЫ ОРЫНДАМЫЗ

Өткен аптада хабарлағанымыздай облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин Исатай ауданының Томан елді мекенінде табиғи газ жүйесін іске қосқан болатын. Кейін Томан бастауыш мектебінде Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауын ауыл тұрғындарына насихаттау мақсатында жиын өтті.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендік саясатының арқасында мемлекетіміздің ауыл-аймақтары мен шағын елді мекендеріне барлық жағдай жасалып, мәселелер ретімен шешіліп жатыр. Биыл 19 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп, «Ақ  бұлақ» бағдарламасы бойынша табиғи ауыз су жүргізілді. Осыдан екі жыл бұрын ауданға келгенде Томан ауылына газ жүргізу жөнінде тұрғындардан өтініш түскен болатын. Бұл мәселе де шешілді. Мектеп те күрделі жөндеуден өтті, – деді аймақ басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы.

Облыс жұртшылығына Жолдауды насихаттау мақсатында келген ақпараттық-насихаттық топтың жетекшісі, ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Сүлейменұлы өз сөзінде Жолдауды елді нұрлы болашаққа бастайтын құжат деп қабылдауға болатынын айтты.

– Елді мекендер тұрғындарына жағдай жасауды Мемлекет басшысы жергілікті басқарушы органдарға үнемі тапсырып отырады, – деді бірінші вице-министр. – Әрине, бүкіл елдің бәрін газбен қамту оңай шаруа емес, алайда, бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, Атырау облысында соңғы жылдары бұл мәселе оңтайлы шешімін тауып келеді. Бүгінде мұнайлы өлке 92 пайызға «көгілдір отынмен» қамтамасыз етіліп отыр. Бұл – республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Бұлай болуы да заңды. Өйткені, Атырау облысы мұнайдың қарашаңырағы саналады.

Елбасы Жолдауы халық­аралық жағдай тұрақсыз­данып, көп­теген елдерді дағдарыс қыспаққа алып, мұнай бағасы күрт төмендеп, экономикалық құлдырау белең алып отырған заманда мемлекетіміздің өркендеуіне, экономикалық және әлеуметтік дамуына жаңаша серпін беретіні сөзсіз. Ел Президенті Жолдауына томандықтар да бірауыздан қолдау білдіріп, қиын кезеңнен сүрінбей өтуге күш салатындарын жеткізді.

– Шағын ауылымыз күн санап көркейіп келеді. Көп жылдардан бергі армандарымызға қол жеткізудеміз.  Биыл «Ақ  бұлақ» бағдарламасы аясында екі шақырым су құбыры жүргізіліп, елді мекен тұрғындары таза ауыз суға қол жеткізді. Ұялы байланыс стансасы қондырылып, халықтың тағы бір тілегі орындалды. 1971 жылы салынған бастауыш мектеп осы уақытқа дейін ескіріп, тозып, күрделі жөндеу көрмеген еді. Биыл бұл мәселе де оңтайлы шешімін тауып, Томан бастауыш мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мұның барлығын біз тағатсыздана күткен едік. Енді ауылға балабақша салынса деген тілегіміз бар, – деді Томан бастауыш мектебінің меңгерушісі Жанаргүл Жанғалиева.

– Облыс орталығына жақын маңда орналасқандықтан, осы елді мекеннен жер сұрап, арыз берушілер көп екен. Бұл – болашақта ауыл көркейіп, үлкейе түседі деген сөз. Сондықтан, трассадан ауылға 2,5 шақырым кіреберіс жолға асфальт төсеу керек деп есептеймін. Жобалық сметалық құжаттарын жасақтауды аудан әкімдігіне тапсырамын, – деп облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов ауыл тұрғындарын тағы бір қуантып қойды.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Исатай ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз