17vystavka

Г ү л ж а н с а р ы

Жаңалықтар Рухани жаңғыру Қоғам

Atr.kz / 17 шілде, 2020 жыл.  Күллі батыс өңіріне ауадай жайылған бір шырайлы, кер­без әуез – «Гүлжансары» деп аталатын ән.

Біздің заманымызда оның бағын ашып, желегін желпілдетіп, оған ерекше көрік берген әнші – Ғарифолла Құрманғалиев. Оны ол өбектей шырқап, естен шығармауының бір себебі – ол өзіне ұстаз болған өз елінің аса зерделі ірі әншілері – Шынтас пен Шайқының жолын көріп, олардың бұл әнге деген ынта-ықыласымен өскен- ді. Шынтас қаршығадай жұтынған Ғарифолланың «Гүлжансарыны» тамылжыта балбыратқанына сүйініп: «Ә, солай керілтсең жігіттің дүррі болады екенсің. Дүниенің бәрі түгел. Төрт құбылаң сай, бір армансыз жансың. Осы лебіңнен жаңылма» десе, Шайқы «Пәлі, сенің өз үнің өзіңе ырық бермей кетеді екен ғой. Сілтей бер солай! О, шіркін, әншінің қол жетпес шаттығы осы да!» деп қолтығына су бүркіп, он­сыз да желпіне соғатын қызуқанды Ғарифолланы көтермелей береді екен.

Ғарифолла «Гүлжансарының» адам жанын сыршыл сезіммен аялайтын жұмсақ лиризмін таңғы шықтай мөлдіретті. Ол оны өмірбақи ре­пертуарынан түсірмеді. Өзіне дәйім сын көзбен қарайтын ай­тулы әншілер – Әли Құрманов, Қали Байжанов, Манарбек Ержановтардың алдында дәл осы әнмен бұлғақтап, олардан мүлде ықпады да. Еркін көсілді. Қали «Гүлжансарының»:

Жайықтың ар жағында үйген пішен,

Гүлжанжан, үйдемісің ат­тан түсем,- деген құмарлық, құштарлық сөзіне қайран қалып, оны Сарыарқаны ұйытқан бір сұлу ән «Ахау, Бикемнің»:

Қозыбақтың қызы едім атым – Ұмсын,

Мені іздеген жігіттер үйге кірсін, – деген сөзімен салысты­рып: «Шалқыт, Ғарифолла! Бал сілекей ақсын! Айтуыңда қапы жоқ… қапы жоқ!» деп балаша мәз болған.

Ал, Әли Құрманов: «Бұл – Молдабайдай серілерден қалған ән. Серпе бер, осылай­ша үйіріп!» деп жел берген.

Ғ а р и ф о л л а н ы к ө п тыңдайтын әріптес әнші Манарбек Ержанов: «Сен – бұл әнде серісің, сырбазсың. Егер бет жоқ жортақтасаң, «Гүлжансарының» қадірі кетеді. Бұл әдемі келіншек – Арқадағы Майра, Ғалия, Зұлқия сияқты думанды ортаның көркі. Соның сынын бұзба!» деп сыздана, нықырта ескертіп, сабырға шақырған. Бірақ, Ғарифолла бұл уәжге онша т о қ т а й бермеген. Манарбекке «Сіз, қадірлі Манеке, біздің Қаратөбедегі екі ән дүлдүлі – Шынтас пен Шайқы тыңдасаңыз… Шайқы – Мұхиттың немересі. Сол ағамыз осы әнмен Мұхиттың өзін балқытқан. Солардың асқақ шырқауын көрсеңіз, маған бұлай демес едіңіз. Бір жолы кез келген жанға иіліп, исіне бермейтін Ахмет Жұбановтың өзі «Сен осы әнмен сондай сәулеттісің!» деді. Манеке, бұл ән – менің әнім!» деген. Сол күннен бастап Манарбек әлгіндей қағытуын қойып: «Әй, Құрманғалиев, әлгі сенің әніңді айтшы» деп әзілдейтінін Ғарифолланың өзі шегі қата күліп, «Әулие ғой, Манекең, әулие ғой!» деп риясыз қимастықпен көзіне жас ала елжіреп, айтып оты­ратын еді.

Ғарифолла «Гүлжансарыны» елге әбден сүйкімді еткендіктен оны орындаушылар да көбейген-ді. Оның кейбіреуі бұл әнді «Гүлжансара» деп шырқаған. Ғарифолла осыған ылғи қатты күйініп «олай емес, былай ғой» деп, төңірегіндегі әншілерге «Гүлжансары» деп тәптіштеп, мұқият қадағалап, солай бекітіп, мүлде есінен шықпайтындай етіп үйретіп, өзі соған рахаттана масаттанған.

Мен бұл әннің «Гүлжансары» деп аталатынын ертеден білетін едім. Оның хикаясы да әртүрлі шертіліп жататын-ды. Ал, 1996 жылдың мамыр, мау­сым айларында Атырау жерін асықпай аралап, бұл өлкедегі көп ұмытылған әндерді зерттеп жүріп «Гүлжансарының» да біраз тарихына көз жеткізіп едім.

Иә, «Гүлжансары» – Доссор топырағында туған ән. Гүлжансары – осы елдің толықсыған тотысы! Ол жайын­да алыпқашты әңгімелер көп- ақ. Біраз қисынды сөз – жора­мал Гүлжансарыны Ысықтың қызы дегенге саяды. Оның әке- шешесі кімдер? Ол ұмытылған. Гүлжансары гүлдеп тұрған шағында тұрмысқа шықты ма? Әрине, бір үйдің босағасын аттап, бір марқасқаны сүйгені анық. Бірақ, ол баянды бол­ды ма, ол жағы бір тұңғиық сыр. Гүлжансарының бой­жеткен кезі, келіншек болған тұстарында, айталық, Майра мен Зәржанның, Ғалия мен Б а л у а н Ш о л а қ т ы ң , Х о р лан мен Естайдың, Ақбөбек пен Қайыптың, Ақбөпе мен Сауытбектің махаб­бат хикаясындай машақат болды ма, болмады ма, ол да көмескі тартқан. Мүлде айтылмайды да. Жұрт Гүлжансарының пәктігіне күні бүгінге дейін елжірей тамсанады. Оған қылау жұқтырмайды. Сөз келтірмейді. Оны пендешілік қисық сөзден қорғап бағады. Өткен ғасырдың он бесінші- жиырмасыншы жылдарында Орал, Ақтөбе жағындағы ел фарфордан жасалған шыны– аяқ пен (фамильный) пәміл шай салынған қалайы құтының сыртында алтын шашты, қасы қияқтай болып керілген ақмаңдай келіншектің суретін «Гүлжансары» деп, соған ұқсатып, әспеттеп ұстаған көрінеді.

Дәл осы жерде бір тама­ша дәлелдің реті келді. Алма­тыда тұратын Қазақстанға белгілі фототілші Нұрғожа Жұбанов Гүлжансарыны зерттеп жүргеніме қызығып: «Өзің білесің, мен Атырау топырағында туған азаматпын. Анда-санда елге келгенімде бала кезімде естіген кейбір әңгімелер арада жылдар өтсе де сол қаз-қалпында айты­лып жатады. Соның бірі – Гүлжансары хикаялары. Мен 1930 жылы сыртында жыл­тыр ақ қағазға әртүрлі бояу­мен өте көркем етіп салынған Гүлжансарының суреті бар иіс сабынды көрдім. Қағазын ашқанда бұрқыраған жұпар иісі бір үйдің ішін алып кетеді. Керемет. Иә, мен ұмытқам жоқ, осы күнгі «Кармен» деген жа­зуы бар иіс сабын сияқты сол сабындағы «Гүлжансары» де­ген сөз жадымда қалып қойды. «Гүлжансары» сабыны сол отызыншы жылдардың орта­сына дейін бар еді. Меніңше, ол сабын Москва жақтан шыққан болуы керек», – деп ойда-жоқта елең еткізді. Атыраулықтар кезінде Гүлжансарыны дәл осылай ардақтай сөйлеген. Оны қазір де мақтаныш етеді.

Жазушы-драматург, Атырау елінің қария сөзін көкірегіне көп жиған Баяны – Берік Қорқытов Гүлжансары жөнінде былай дейді:

«Әлбетте, өмір қашанда өмір, адамның жайнаған жастық шағы не істетпейді, Гүлжансарының да сүйгені, сүйіскені болды ғой. Менмін де­ген талай ер оған қолы жетпей ішқұса болып қалған да шығар, амалы құрып. Гүлжансарыдай жан біткенді ұмсындыра іңкәр қылған асыл ару етегіне намаз оқыды десек, уәжімізге кім сенеді? Көне көздерден бізге жеткен кейбір әңгімелерге қарағанда, Гүлжансарының сұлулығына қоса әншілігі де болған деседі. Ертіс бойындағы аққудай сылаң қаққан Майра әнші сияқты Гүлжансары да табиғаттың бір бере салған көркем сыйы дерлік ару. Өнердің адамы. Өнер иесі қашан да көпшіл, халықпен бірге. Ол – бір отбасының ғана иесі емес, көшелі жиынның көркі. Елдің сәні. Ал, тиген күйеулері көп отаспаған. Шетінен қызғаншақ болып кездескен. Оған ән арналуы да тегін емес қой».

Гүлжансарының атағы Доссор, Жылыой төңірегі, Ойылдағы әйгілі Көкжар жәрмеңкесіне мәлім болған. Ауызекі тараған кейбір әңгімелерде Гүлжансарының Орынбор жәрмеңкесінен орыс байларының бикештері киетін биік өкше етік, бұлғын жаға, кәмшат бөрік алдыратыны да айтылады. Сондай-ақ, Оралдың бай қазақтарының бриллиант­тарына да қызыққан деседі. Кигені – зерлеп тіккен қамзол, бешпент, жеңсіздер… қосетек көйлектері, шашына, мойнына тағынған алқа, шолпысы… ақ білек, ақ саусақтарындағы көз жауын алған білезік, жүзіктері, құлағындағы сырғасы… осы әсемдік бұйымдар қандай кел­бетке сән берген, енді тағы да ел сөзіне жүгініп, осы бір сұлулық періштесінің суретіне сұқтана бір қарайықшы: Гүлжансары – мойыны аққудай иілген сұңғақ бойлы, қынай бел, ақсары жүзді, пісте мұрын, адам­ды ыстық мейірмен үйірген қойкөзді, сынық мінезді, қос бұрымы жер сызған сыпа әйел.

Киімді тазадан киіп, оны өзінің Бәтима секілді құрбыларынан бастап бәріне үлгі еткен. Бір шайдың үстінде ол үш рет көйлек ауыстырған. Бұған еріксіз таңғаласыз. Нағыз асыл арудың қылығы.

Гүлжансарының шайын аңыз қылған жұрттың сөзіне қарағанда, оны тек шай құюшы ғана деп білуге болады. Ал, шын мәнінде ол ерте көктемде, жазда, сарша тамыз, қазан айларында ақ отау тіккен, күн суыта жер үйде отырған. Шай беру рәсімін кәсіп қылып, өз төңірегіне даяшы, аспаздарды жинап, жан-жақтағы елдің қымыз, шұбатын, Астрахан, Орынбор, Гурьев, Көкжар жәрмеңкелерінен дастархан мәзірі – өрік, мейіз, мампаси, тағы басқа да тәтті тағамдар алдырып, көтерме саудамен айналысатындармен жағысып, өзі де үлкен- үлкен базарларға жиі-жиі шыққан.

Бір деректерде Досат әнші Гүлжансарыны Көкжар жәрмеңкесінде көрген. Бағзы біреулер Досаттың «Босмо- йын» әнін осы Гүлжансарыға икемдейді. Оны әлі зерттеуіміз керек. Гүлжансарының сол бір жүрістері, мысалы, Майра әншінің Қоянды жәрмеңкесіне келіп, үй тігіп, думанын жасап, ойға алған саудасын да қоса жүргізгені сияқты жай. Балуан Шолақ та Ғалияны Қараөткел жәрмеңкесінде қымызшы болып жүрген кезінде кезіктірген. Сондықтан, сол кездегі Доссордағы қарапайым өмір көрінісін елестетсек, бүгінгі Атыраудан Тайсойғанға қарай жыландай ирелеңдеген ескі қара жолдың бойында әрі-бері өткен керуеншілердің, базаршылардың ат басын тіреп тоқтайтын жерінің бірі – Гүлжансарының ақбоз үйі екен.

Гүлжансарының кезеңі – Доссорды ағылшындардың билеп тұрған кезі. Сәл шегініс жасайық, ағылшындарға дейін Доссордың мұнай көзін алғаш зерттеушілердің ішінде ғалым Н.А.Северцевтің аты аталады. Ол бұл жерді «Мұнайлы» деп атаған. Ал, Доссордың төңірегін көп шиырлаған ин­женер-геолог Кирпичников: «Мұнда мұнай қорының көп екендігіне күмәндануға бол­майды, бірақ, бұл байлықты алып, пайдалану өте қиын» деп жазыпты. Арада жылдар өткенде, Доссорға ағайынды Нобельдердің геологиялық э к с п е д и ц и я с ы к е л г е н . Алғашқы мұнай 1911 жылдың 26 сәуір күні атқылаған. Сөйтіп, Доссордағы мұнай кәсіпшілігінің қызметкерлері, жұмысшылары жататын қалашықтың іргетасы қаланып, онда үш мыңға жуық орыс, қазақтар жұмыс істеген. Мұнда «Ағайынды Нобельдер» қоғамы (Доссор мұнайының бар қаржы-қаражатын осы Нобельдер көтерген. Олар мұнайды ағаш бөшкелерге құйып, Каспийге дейін түйемен тасыған. Ол кеме­мен Астрахан, Баку, Иранға жеткізілген) қалашықтың солтүстік жағына, «Қосалқы кәсіпорындар жолдастығы» оңтүстік бетіне, «Ембі-Каспий» қоғамы күншығысқа қарай үйлер салған. Доссордың өздеріне бірде жетіп, бірде жетпейтін шағын қызыл кірпіш күйдіретін зауыты да жұмыс істеген. Орыстың білімді инженерлері қызмет еткен. Жұмысшы күші негізінен Гурьев уезінің адамдарынан құралған. Сонау Гурьевтегі жұмыссыз орыс, қазақтар арып-ашып, көліктісі көлікпен, көліксізі жаяу-жалпылы шөл далада Доссорға қарай ағылып жатқан. Кейбіреуі аптаған аңызақта қаталап-шөлдеп, қу далада көз жұмған.

Белгілі бір кезең суретін, оның ахуалын елестетуде әннің атқаратын міндеті осындай жайлардан да аңғарып, сезіп, білуге болады. Ән қашан да өмір айнасы. Сол бір қиын күндерде Доссорда жұмысқа бір кіріп, бір шығып, не мына бейопа жалғаннан жүзін үйіріп, дүние салған мұнайшылардың санын санап та болмас. Ақыры бұл ауыр тұрмысқа шыдамаған Доссор мұнайшылары 1914 жылдың бесінші қаңтарынан бастап, дүркін-дүркін ереуіл жасап, ол 1917 жылғы ақпан революциясына ұласты. Доссорлықтар сол жылдың сәуір айында өздерінің қожасы Спирин сияқты бастықтарын түгел ұрып-соғып, арада екі айдай уақыт өткенде, шыжыған шілдеде Доссорда тұңғыш рет Совдепті ұйымдастырады. Д о с с о р жұмысшылары теңдікке қолы жеткендей мәз-мейрам болып шаттанады. Дәл осы бір кезді жазушы-дра­матург Берік Қорқытов тағы да былай деп еске алады:

«Доссорда Гүлжансарының тәп-тәуір қазақы үйі болған. Бұған қоса ол сол кездегі зама­на ағымына орай табыс тауып, тірлік етудің жолына түсіп, екі бөлмелі шайхана ұстаған. Алғыр, пысық, ыспадияр әйел ол жұмысқа өзімен көңілдес, не туыстас қыз-келіншектерді пайдаланған. Шайхананың бір бөлмесін Доссордың бетке шығар шоңдары – ағылшындар мен орыстарға ар­нап, солардың салт-дәстүрінше еуропаша безендірген. Екінші бөлмесін қазақ тәртібімен еденге текемет пен сырмақ төсеп, дөңгелек шай үстелдер қойып, отырып тамақтануға лайықтап, өте ыңғайлы етіп жабдықтаған. Гүлжансары өзінің жай қарапайым тірлігін осылайша бастап, әуелі Доссор тұрғындарының, келе-келе жан-жақтан мұнда ағылып кеп тоқтап, шай ішетін жүргіншілердің ауызына ілігеді. Жұрт, әсіресе, байлар, небір бағыландар, елдегі серілер: «О, шіркін, Гүлжансарының құйған шайы!» десіп оның есімі Доссордан асып, талай жер­лерге жетеді. Тарихтың осы бір аумалы-төкпелі төңкерісті жылдарында, дәлірек айтсақ, сол 1917 жылы Совдептің мүшелері Гүлжансарының шайханасында отырыс жасап, ішімдіктерін ішіп, болашақ істеріне бағдар белгілеп, жиі- жиі бас қосқан. Гүлжансарының шайханасындағы осы бір оқиғалар зерттеуші, ақын Берқайыр Аманшиннің бір пье­сасында өз көрінісін тапқан.

Осы елде әйгілі Еспай күйшімен дос-көңілдес болған бір білікті жан – Ақпанбеттің Өмірі деген қария сөзді көп жиған, шежірешіл, әңгімешіл, көкірегі алтын сандықтай күмбірлеген кісі Гүлжансарыны құлпырған отыз жасында көріпті. Екеуі жас жағынан қарайлас екен. Өмір ақсақал 1879 жылы туғ ан. Гүлжансарымен алғаш рет жүздесіп, қолынан шай ішкенде, оның өзі де қылшылдаған отызда екен. Сонда Гүлжансарының туған жылын 1879 жыл деп айтсақ, онша қателесе қоймаспыз. Гүлжансары – әнші Мәдиден бір жас, Ақан сері жырлаған Балқадишадан төрт жас үлкен. Міне, Гүлжансары кімдермен замандас…

Мұхит салдың дер шағында

«Гүлжансары»:

Доссорда шай құяды

Гүлжансары,

Гүлжандай бола бермес

қыздың бәрі.

Жігіттің еш арманы

болмас еді,

Гүлжандай сұлу болса

алған жары.

Отырған қарсы алдымда

қасын керіп,

Мал болса алар едім,

бәсін беріп.

Мен саған басыбайлы бол демеймін,

Жүрсейші азғантай күн

қасыма еріп.

Қарағым, айналайын,

асыл айнам,

Хабарың бар ма, құрбым,

біздің жайдан.

Құрбы деп көп ішінде

қол созамын,

Жан сәулем, арғы жағын өзің ойлан, – деп келетін осы шумақтармен Шынтас пен Шайқы кербез керілткен.

Көп жерде соңғы шумақ айтылмайды. Оны Ғарифолла сақтаған. Алдыңғы екі шумақтың демі мен лебі, аусар көңілмен сұлулыққа құлай берілуі «Босмойын» әніндегі ынтызарлығы оттай ыстық Досаттың махаббатын сездіргендей елең еткізеді. Соңғы шумақтың иесі ол да Досат сияқты, Доссорға келіп- кетіп жүрген бір сері. «Асыл айнам» деген іңкәр сөз көбіне Мұхит сал, Қызыл әнші, оларға шәкірт Шынтас пен Шайқылар е м і р е н е а й т а т ы н с ө з . «Гүлжансарының» төңірегінде осындай жорамалдар қисынға келеді. Әннің үшінші жолы Мұхит салдың әндеріндей тік шырқалып, өрлеп, шығандап кетуі оны тап сол Мұхит салдың өзіне жақындатады. Бірақ, ол – Мұхит салдың әні емес. Сарыарқада Біржан сал мен Ақан Серінің кейбір әндерін бір-бірінен ажыратудың қиындығы батыста Мұхит сал бастаған ән мектебінде де бар құбылыс екендігін жоғарыдағы жаңағы бір жорамалдардан көруге болмас па екен? Әрине, болады.

А т ы р а у л ы қ т а р А м а н есімді бір кеуделі әншіні құрметпен атайды. Аман орындаған «Гүлжансары», «Шымыр», «Жылыой» әндерін Ғарифолланың өзі бас шұлғып, ұйып тыңдаған. Сүйсінгені сондай: «Айтарға сөз жоқ. Қали Байжановша айтсам, қапы жоқ» деп оның шеберлігіне шек келтірмей, табына қараған. Аман «Гүлжансарыны» өзіне ғана тән әсем өрнек, уыз иірім, ыстық сезіммен аһылатып, Оралға қарай өрлете жеткізген. Әнге екі өріс берген. Ғарифолла Аманмен жүздескенде өзі еш уақытта ән салмаған. Тек тыңдай берген.

«Гүлжансарының» бір қызықты сәтін Атыраудың әйгілі әншісі, бізбен заман­дас, бұл өлкенің арғы-бергі әндеріне жете қанық, көне көкіректен саф алтындай әуез алып қалған Қуанғали Жұмалиев әңгімелеп еді. Жаңағы Аман әнші бір жолы Сарайшықта Жұмалы қарттың үйінде қона жатып, Қуанғалидың әкесі Қаште екеуі алма-кезек ән салысып, «Гүлжансарының» біраз тари­хы шертіледі. Одан көп кейін Қуанғали осы әнді Аманның өз аузынан үйреніп, әкесі Қаштенің орындауында кейбір өзгеше жерлерін түзетіп, әбден орнықтырып, оны ел алдында жиі орындаған. Әкесінен бір естіген әңгімесінде, шамасы 1912 жылдары Сарайшықта Балқаш есімді бір көрнекті бәйбішенің үйінде болған қызойнаққа Мұхит сал келіп қатысады. Сол кездерде Мұхит сал әнді сирек айтып, өзінен кейінгі жастарға ден қойған кезі екен. Осы думан үстінде «Гүлжансарыны» Мұхит салдың алдында Қаште шырқаған. Бұл дерек те «Гүлжансары» әніне Мұхит салдың қандай қатысы бар-жоғына сәуле түсіретін бір орай.

Гүлжансары… Өмірге тек­ке келіп, текке кетпей, әнге айналған перизат!

Гүлжансары тағдырын әрі-бері сөз қылып, көмескі тартқан көп сырды сары майдан жалғыз қылды суыртпақтап шығарғандай зорға тірілтіп, «Ә, мына бір әңгіме де бар екен ғой» десіп жиі-жиі шүйіркелесетін Бе р і к Қ орқыто в ағ а й : «Үлкендердің әңгімелерінен бір сезгенім, Гүлжансары көп жөтеледі екен. Ол шамасы жи­ырмасыншы жылдардың орта­сында дүниеден өткен. Кеңес өкіметінің жиырма сегізінші жылдан басталған кәмпескелеу кезеңін көрмеген де болу керек. Отызыншы жылға анық жетпе­ген» деді осы жақында ғана.

«Гүлжансары» әні өз кейіпкері – айдай сұлу Гүлжансары сияқты әзірше басы бос, пәленнің әні деу­ге ертерек, емін-еркін өмір сүріп келе жатқан батыс әндерінің, оның ішінде Аты­рау елінің бір ажары тоз­байтын інжу-маржаны! Біздің заманымызда оның жұлдызын жарқын еткен – сұңқар үнді Ғарифолла Құрманғалиев. Ғарифолланың лапылдаған ыстық лебін алып қалған асқақ әнші, шәкірттерінің ең көрнектісі, үздігі – Қажыбек Бекбосынов. Атыраудың өз ішінде кеше ғана осы өңірде Ғарифолланы жоқтатпаған нағыз дәстүрлі әнші Қуанғали Жұмалиев еді. Сондай- ақ, Мекес Төрешов, Елемес Мағазовтар да «Гүлжансары» әніне өздеріне тән әсем мәнер салды. Ал, Ғарифолланың өз аузынан үйренген әнші Сәуле Жанпейісова «Гүлжансарыны» жұмсақ, мақпал үнмен мамыр­лата бастап, үшінші жолда Мұхит салдың тік шырқауына бірден көтерілгенде, адам дауысының мол мүмкіндігіне қайран қалып, сол Доссордағы өз шайханасында, не болма­са Ойыл бойындағы Көкжар жәрмеңкесінің ұлы думанын­да аққудай керіліп, әндетіп отырған Гүлжансарыны елестеткендей бір тылсым әсерге бөленесің. Қазір жас әншілердің арасын­да «Гүлжансары» «менікі» дейтін сырбаз – Қайрат Кәкімов. Оның орында­уында «Гүлжансары» басқа әншілердегі «Гүлжансарыдан» мүлде бөлек, мөлдіреген бір көркем дүние. Гүлжансары баяны енді ғана басталды…

…Осы хикая «Мұнайшы» газетінде жарияланғанда, Мақат пен Доссор төңірегіндегі қария сөзді кісілер: «О, пәлі, бұл Гүлжансарыға ғашық бо­лып, оған ән шығарған сол кездерде Доссорда мұнайшы болып істеген әнші, домбыра­шы – руы Қаратоқай Беріш, Темірхан есімді сері жігіт еді ғой!» деп дүр ете түскенін естідім…

Илья ЖАҚАНОВ,

композитор, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған