Ережеп айының кереметі

Ережеп айының кереметі Жаңалықтар

Сынаптай сырғыған уақытпен ілесіп, Жаратушы Иеміздің қалауымен қасиетті Ережеп айына аман-есен жетіп отырмыз. Биыл қадірлі Ережеп айы 29  наурызға тұспа-тұс келіп отыр.

Ережеп айының кереметі

Тұғырлы тәуелсіздігімізбен бірге қайта қауышқан жауһар құндылықтарымыздың бірі һәм бірегейі ретінде  дінімізде бекітілген қасиетті күндер мен шұғылалы түндер екенін ерекше атауға болады. Анығында, Құран мен сүннетте белгіленген иләһи шақтар – адамзат баласы үшін бақыт қақпасының, яки, кемелділіктің кілті іспетті. Ендеше, қасиетті айлардың хикметі мен алдағы күндері қауышатын Рағайып, Миғраж кештерінің рухани сырына аз-кем тоқталып өтсек.

Исі мұсылман жұртшылығы үшін қасиетті төрт ай бар. Сол ұлық айлардың бірі – Ережеп. Бұл туралы қасиетті Құран Кәрімнің «Тәубе» сүресінің 36-аятында «Расында Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардан төртеуі құрметті айлар. Міне, осы берік дін. Онда бұл айларда өздеріңе зұлымдық етпеңдер» делінген. Сондықтан, Ережеп айының барша мұсылмандар үшін орны бөлек. Алланың айы саналатын Ережеп айында қайырымды істерді атқарып, нәпіл және түнгі құлшылықтарды көптеп жасасақ, сауабының да молырақ болары сөзсіз. Алладан кешірім сұрап, тәубесіне келген пенденің дұға-тілектері мен құлшылықтары қабыл етіледі.

Ережеп – ең ұлық ай. Өйткені, бұл Алланың айы. Оған дәлел Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) бір хадисінде былай келеді: «Ережеп  – Алла Тағаланың айы, Шағбан – менің айым, Рамазан – үмбетімнің айы». Көптеген ислам ғұламалары бұл қасиетті айларды былайша жіктеген: «Ережеп – құрмет айы, Шағбан – қызмет айы, Рамазан – нығмет айы» немесе «Ережеп – ғибадат, Шағбан – тақуалық, Рамазан – осы екеуінің жемісін арттыратын ай».

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде «Кімде-кім қасиетті айларда (Зулқағда, Зулхижжа, Мұхаррам және Ережеп) үш-үш күннен ораза ұстаса, амал дәптеріне тоғыз жүз жылдық ғибадаттың сауабы жазылады» деген жолдар бар.  Бұл хадис Ережеп айын құлшылықпен өткізген пендесіне Алланың жақсылығы мол келетіндігін байқатуда.

Осы айда ұстаған нәпіл оразаның сауабының көптігі жайындағы хадисте «Шындығында, жәннатта бір өзен бар. Оны «Ережеп» деп атайды. Оның суы сүттен ақ, балдан тәтті. Кімде-кім Ережеп айында бір күн ораза ұстаса, Алла Тағала ол пендесіне осы өзеннің суын ішкізіп, дәмін татқызады» делінген.

Ережеп айында қасиетті түн бар. Ол – Миғраж түні. Миғраж – Ережеп айының 26-нан 27-сіне қараған түн. Миғраж оқиғасы хижреттен бір жарым жыл бұрын Ережеп айының жиырма жетінші түнінде болды. Осы түні мұсылман қауымға намаз оқу парыз етілді.

Ережеп айының келуімен алдағы Рамазан айының да лебін сезе түсеміз. Рамазан айына деген рухани дайындығымызды пысықтай түсуде Ережеп айының берері мол. Өйткені, Ережеп – Алладан келер жақсылықтың бастамасы.

Батыржан МАНСҰРОВ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі,

«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы.

 

Ережеп айының барша мұсылмандары үшін орны бөлек. Алланың айы саналатын Ережеп айында қайырымды істерді атқарып, нәпіл және түнгі құлшылықтарды көптеп жасасақ, сауабының да молырақ болары сөзсіз. Алладан кешірім сұрап, тәубесіне келген пенденің дұға-тілектері мен құлшылықтары қабыл етіледі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз