el jane ELBASY 1

Елін сүйген, елі сүйген Елбасы

Жаңалықтар Рухани жаңғыру Шаһар шырайы Қоғам

Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрме жобасы сәрсенбіде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде жалғасты. Мұнда «Назарбаев моделі: стратегиялық болжам және прагматизм» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.

????????????????????????????????????

Әлем таныған Көшбасшы

Алдымен, Мемлекет басшысының жеке кітапханасының жинақтарынан «Әлем таныған Елбасы» бейнелі кітап көрмесінің ашылуы өтті. «Елбасы және тәуелсіздік», «Халық және Елбасы», «Әлем таныған Елбасы» атты үш бөлімнен тұратын көрмеде Ұлт Көшбасшысы туралы 100-ден астам басылым орын алды. Олардың қатарында Мемлекет басшысының балалық шағы мен жастық кезеңі, адами жеке қасиеттері, еңбек жолы мен саяси қызметі жөнінде баяндайтын жазушылар мен публицистердің, отандық және шетелдік танымал  саясаткерлердің, Елбасы замандастарының еңбектері бар.

– Тұңғыш Президент тағдырындағы өмір белестері мен ең есте қаларлық оқиғаларды айшықтайтын басылымдар Елбасы өмірбаянын егжей-тегжейлі бейнелейді. Қазақстанда және шетелдерде жарияланған тарихи-публицистикалық мақалалар мен очерктердің түрлі жинақтарында тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаған Президентіміздің Қазақстанның қалыптасуы мен нығаюындағы ерен еңбегі арқау етілген. Қазақстан жолының іргетасын қалап, жас мемлекетіміздің жетістігін қамтамасыз еткен Елбасының басқарушылық шешімдерінің сырын ашады, – деді Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов.

Көрмеде басылымдармен қатар, өзге елдердің басшыларымен кездесу барысындағы тарихи сәттерді бейнелейтін архивтік фотосуреттер ұсынылды.

 Бірегей саясаткер

Ал, конференцияда Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудағы Елбасының рөлі талқыланды. Жиынға қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өткенге көз жүгіртіп, бүгінгі жетістіктерді саралауда Мемлекет басшысының ерен еңбегінің маңыздылығына тоқталды.

– Егемендік алған жылдар ішінде біз көп нәрсеге қол жеткіздік. Президенттің аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі үнемі ізденісі Қазақстанның дамуына ғана ықпал етіп қоймай, басқа елдермен өзара қарым-қатынас кепілдігі ретінде қызмет етеді. Біздің мемлекет – бүгінде экономикалық реформаны жүргізу аймағында көшбасшы. Елбасымыз – тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы, Ұлт Көшбасшысы ретінде мақтанышымыз. «Назарбаев» пен «Қазақстан» деген сөз синоним болып қалды. Нұрсұлтан Әбішұлы тәжірибелі көшбасшы болуымен бірге, экономикалық және саяси жетілдіру, сыртқы және ішкі саясат, еліміздің таяу және ұзақ мерзімді мүдделері арасындағы тепе-теңдікті таба білді. Бұл оған маңызды стратегиялық мақсаттардан ауытқымастан елімізді алып шығуға мүмкіндік берді, – деген Нұрлан Асқарұлы Елбасының бірегей саясаткер екенін айтты.

Шынында да, саяси тәжірибе мен энергияның, теория мен практиканың, интуиция мен парасаттылықтың тоғысуы жаңа заманғы әлем тарихында жиі кездесе бермейді. Тұңғыш Президент мемлекеттік және қоғамдық өмірдің аса зәру мәселелері туралы ашық айтады. Саяси жобалардың нағыз генераторы бола жүріп, жаңа идеялар мен жаңа тәсілдерге ерекше зеректік танытып келеді.

 Қауіпсіздік көшіндегі  қадам

Осыдан 27 жыл бұрын  Қазақстанда Елбасы Жарлығымен 40 жыл бойы 500-ге жуық ядролық жарылыс жасалған полигонның үні біржола өшті. Жер бетіндегі үлкен ядролық сынақ – Семей полигонының жабылуы қауіпсіздік көшіндегі батыл қадам. Бұл туралы Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов  баяндады.

«Семей полигоны тәрізді Атырау тұрғындарына қасірет әкелген Азғыр, Тайсойған полигондарын жабу үшін Президентіміздің күш-жігері қажет болды. Елбасының батылдығы арқасында халқымыз тәуелсіздік таңы атар сәтте бейбітшілік жолын таңдайтынын барша әлемге паш етті. Әлемдік қауіпсіздікті нығайту жолында көптеген тың бастамалар көтерді», – деді Әмірхан Мұратбекұлы.

Сондай-ақ, қоғамды трансформациялау және жаңа Қазақстанды қалыптастыру стратегиясын жүзеге асыруда Елбасы тұлғасының ел егемендігі мен мемлекеттілігін нығайтудағы орны, сыртқы саяси бастамаларының әлемдік қауымдастықтағы халықаралық мәртебесі мен беделін арттырудың факторы ретінде жаңа жаһандық  жаңғырудың қазақстандық үлгісі тақырыптары бойынша ғылыми зерттеулердің қорытындылары ұсынылды. Шетелдік студенттер толеранттылық, үштілділік, жаһандық қауіпсіздік саласындағы Ұлт Көшбасшысы рөлі туралы пікірлерін ортаға салды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Қазақстанды дамытуда бәсекеге қабілеттілікті арттыра отырып, тәуелсіздікті, ұлттық құндылықтар мен ана тілінің абыройын асқақтату қажеттігін баса айтты.

«Тәуелсіздік – ата-баба аңсаған басты арман. Мемлекет басшысы айтқандай, оған оңайлықпен қол жеткен жоқ. Ал, оны мәңгілік ұстап тұру одан да қиын. Бұл ретте біз өркениеттен қалыс қалмай,  адами капиталды дамытып, туған өлкеге деген патриотизм, елге, тілге деген құрметті қашан да алға ұстауымыз қажет. Осынау қасиеттерді өскелең ұрпаққа жеткізу аға буын өкілдерінің міндеті болса, оны саналы тұрғыда қабылдау ел болашағы – жастардың қолында», – деді Нұрлан Асқарұлы.

Көшпелі көрме жобасы аясындағы іс-шара Атырау мұнай және газ университетінде жалғасып, оқытушылар мен студенттердің қатысуымен «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» тақырыбындағы семинар-тренингке ұласты. «Бәсекеге қабілеттілік – ХХІ ғасыр ұлт жаңғыруы», «Қазақстанның тарихи жолы мен эволюциялық дамуы» тақырыбындағы дәрістер оқылып, топтық ойындар мен психологиялық жаттығулар, тәжірибелік сабақтар жүргізілді. Одан әрі «Тарихи таңдау» ғылыми-экспозициялық жобасы бойынша көшпелі экскурсия Махамбет ауданында жалғасты.

 

 Мұстафа Угур ЧЕТИН, Кыркларели университетінің студенті, Түркия:

Түркі кеңістігінің данасы

– Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – Түркі әлемінің рухани көшбасшысы. Ол Түркі әлемін әркез бірлік пен ынтымаққа үндеді. Астана қаласында Түркі әлемінің өткенін зерттеп, қазіргі жағдайын пайымдап, келешегін болжайтын «Халықаралық Түркі академиясы» атты ғылым, мәдениет және әдебиет орталығының құрылуы – Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы. Мұндай жұмыстардың бірінші кезекте Елбасының идеясы мен күш-жігері арқасында орындалып жатқандығы Түркі әлеміне кеңінен таныс.

 Сейдіқапар  ЖОЛБОЛДЫ, Қытай елінен қатысушы:

Жетістік жолы – татулықта

– Қазақстанның көп ұлтты болуы – елдің байлығы мен мақтанышы. Халқымыздың ауызбіршілік пен түсіністік, сыйластық деген асыл қасиеттерінің арқасында сан ұлт бір шаңырақ астына біріктіріліп, Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылды. Мұның бәрі Елбасының сындарлы саясатының нәтижесі. Сондай-ақ, шетелдегі қандастарымызды Отанға шақырып, жастардың егемен елде білім алуына жағдай жасалды. Қазірдің өзінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде Қытайдан келген 85 қандас бауырымыз білім алуда.

 

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған