Елімізде кезекті ұлттық санақ 1 қыркүйекте басталады

1 4 Жаңалықтар

Еліміздегі кезекті ұлттық халық санағы  2021 жылдың 1 қыркүйек – 30 қазан аралығында өткізілетін болып белгіленгені мәлім.

Мемлекет саясатының басым бағыты болып табылатын халықтың санын анықтау мақсатында өткізілетін осынау маңызды шараны ойдағыдай ұйымдастырудың нәтижесінде, республика тұрғындарының қаншаға өскендігін ғана біліп қоймай, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, халықтың әлеуеті мен тұрмыстық ахуалының, күнелтіс деңгейінің қаншалықты жақсарғаны, т.б. туралы нақты ақпараттарды жинақтаудың мүмкіндігі туады. Санақтың  өзі екі (дайындық және негізгі) кезеңнен тұрады. Осыған орай,  Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Галя Мұханғалиевамен әңгімелесіп, мәселенің мән-жайына қаныққан едік.

­-Галя Кәшуқызы, сұхбатымызды ұлттық халық санағының бірінші – дайындық кезеңінен бастасақ?

­-Ұлттық халық санағының дайындық кезеңі 2021 жылдың 1 – 30 маусым аралығында өткізіліп, бүгінгі күні толықтай аяқталды. Бұл кезеңде облыс бойынша барлығы 170 адам жұмысқа тартылды. Олардың 149-ы интервьюерлер (сұхбат алушылар) ретінде қабылданып, тұрғын үйлердің, ғимараттар мен тұрғын емес үй-жайлардың тізімін жасақтап, тұрғындардың санын нақтылады.

 Аралау жұмыстары қорытындысында облыста 175 641 нысан анықталды. Негізгі  тіркеу учаскелерінен бөлек  арнайы ұйымдарда (ауруханалар, қарттарға, мүгедектерге арналған интернат-үйлері, балалар үйі, сәбилер үйі,  әскери бөлімдер,  уақытша ұстау изоляторлары, түрмелер, түзету мекемелері, әлеуметтік бейімдеу орталықтары, қонақүйлер және т.б.) барлығы 139 нысан қалыптастырылды. Оларда тұрақты тұратындардың саны 2 877 адамды және 11 369 бірлік төсек-орынды құрады. 

Ұлттық халық санағының негізгі кезеңін өткізу барысында  осындай ұйымдарда тұрақты тұратын тұрғындар да есепке алынатын болады. Анықталған нысандардағы  тұрғындардың саны 664 493 адамды құрады. Айта кету керек, 2021 жылдың 1 маусымы жағдайындағы ағымдағы деректерге сәйкес, облыс бойынша халқының саны 662 212 адам болған.

­-Енді екінші – негізгі кезеңге әзірліктің жайы қалай болып жатыр, соған тоқталсаңыз?

         Қазіргі таңда  ұлттық халық санағының негізгі кезеңіне дайындық жұмыстары жүргізілуде. Атап айтатын болсам, дайындық кезеңінде жасақталған тұрғын үйлердің, ғимараттар мен тұрғын емес үй-жайлардың тізімінің негізінде қалалық және ауылдық елді мекендердің аумақтары нұсқаушылық және есеп учаскелеріне бөлініп, аудандастыру жұмыстары жүзеге асырылуда. Бұл халық санағының 2-кезеңі  интервьюерлеріне жүктеме көлемін біркелкі бөлуге және халықты толықтай қамтуға мүмкіндік береді. Әрбір интервьюердің жүктемесі 833 адамды құрайды.

 Облыс бойынша ұлттық халық санағының негізгі кезеңінде 913 адам уақытша жұмысқа тартылатын болады. Олардың ішінде: нұсқаушы-бақылаушылар – 114 адам (24 қыркүйек – 7 қараша аралығында (1,5 ай), жалақы мөлшері 125014 теңге); интервьюерлер – 799 адам (1-30 қазан аралығында (1 ай), жалақы мөлшері 104178 теңге).  Аталған санақ персоналы өтемелі қызмет көрсету шарты негізінде жұмысқа қабылданады.

­-Ұлттық халық санағын өткізумен байланысты пандемия жағдайында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында қандай шаралар алынуда?

­­-Осы жылдың 12 шілдесінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан  Смайыловтың төрағалығымен ұлттық халық санағын өткізу жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Отырыста санақ персоналын тарту және оларды вакцинациялау мәселесіне айрықша көңіл бөлініп, жергілікті әкімдіктерге халық санағының негізгі кезеңі үшін міндетті түрде вакцинациялауменинтервьюер ретінде жұмыспен қамту орталықтарында есепте тұрған жұмыссыздарды, оның ішінде еңбекке қабілетті атаулы әлеуметтік көмек алушыларды, волонтерлерді және студенттерді тарту жөніндегі жұмысты күшейту тапсырылды.

 Сонымен қатар, статистика департаментімен  негізгі кезеңнің санақ персоналдарын жұмысқа қабылдау туралы хабарландырулар (жұмыс мерзімі, еңбек ақысы, қызметтік функциялары көрсетілген) Биылғы 21 шілдеден бастап бұл хабарландырулар«Электрондық еңбек биржасы» (www.enbek.kz) мемлекеттік интернет-ресурсына орналастырылды және өтініштерді қабылдау  жұмыстары басталды.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз