Eлімізде ет бағасы қымбаттап, базарда 1 келісі 2500 теңгеден сатылуда

whatsapp image 2021 10 15 at 15.12.47 Жаңалықтар

Енді ет көпшілігіміздің тісімізге емес, түсімізге кіретін шығар.Өйткені, оның құны күннен-күнге қымбаттап барады.
Демалыс күндері «Дина» базарына арнайы барғанымызда мұндағы халықтың қарасы көп екен. Сауда орнының ет-сүт бөлігінде еттің түрі самсап тұр. Анау сом еттер 2 мың 500 теңге тұрады. Одан бергілері 2 мың 300, ең арзаны 2 мың теңгеден. Жарнамасын келістіріп, айқайлап тұрған сатушының жанына барып, бір асым ет өлшетпек болғанбыз. Бағасы 6 мың теңгеден асып кетті. 

Соншалықты неге қымбат? – деген сауалға құлағы үйренген болса керек, сатушы: «Көп қосып тұрған жоқпын. Өзі қымбатқа келген» деп жауап берді. 

Сөрелерді жағалап келе жатып одан да қымбатына кезіктік. Ол жерде сом еттерді 2 мың 700, бірінші сорттағысын 2 мың 500, одан кейінгілерін 2 мың 300 теңгеден сатып тұр екен. Бір базардың ішіндегі әртүрлі бағаны көріп, оның себебін апайдан сұрағанбыз. 

– Айналайын, ет құнының төмен болғанын кім қаламайды? Ол бізге де жақсы емес пе? Әйтпесе, ертеден кешке дейін елден сөз есту оңай деп пе едің? Көтерме бағамен 1900, 2000 теңге шамасында келетін етті өңкей сүйектерінен бөліп, сатылымға шығарғанда, көп пайда таппаймыз. Оның сүйектерін шаптырып, сөреге әкеліп берулеріне, зертханалық жұмыстарына төлейтініміз тағы бар, – деді өзін Раушан деп таныстырған ет сатушы апай. 

Алдындағы тауарын қымбатқа саудалап тұрған Раушан апай: «Мұнда бұрынғы бағаны жазып қойып тұрғандар көп» дейді. Алайда төмен бәсімен ешкім сатпайды екен. «Базар әкімшілігі осы жағдайға байланысты үнемі ескерту жасап келеді. Өйткені тұтынушыларды алдамауымыз керек. Қысқасы, базардың бәсі осындай» деді ол.

Күнде көтеріліп жатқан 

баға бәріміздің де жанымызға батады. Елдің жағдайын түсінеміз. Бірақ, оған жасайтын амалымыз жоқ, – деді онымен қатарлас тұрған сатушы. 

Аптаның сенбі-жексенбі күндері «Аламан» базарындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде еттің бәсі бұндағыдан арзан сатылатыны белгілі. Оның себебін Гүлназ есімді сатушы былай деп түсіндірді: «Бізге жәрмеңкеге арзан ет шығаруға тапсырмалар беріледі. Бірақ ойлап қарасаңыз, 1 мың 900 теңгеден келетін етті одан арзанға сату кімге тиімді? Сондықтан 1 мың 850 теңгеден сатылуы тиіс етті 1 мың 700 теңгенің шамасында көтеріп алуым керек. Солай ара-ара- сында жәрмеңкеге шығып та жүрмін. Алайда, одан түсетін табыс аз және еттің де күйі мардымды болмайды, – деді ол. 

Айтпақшы, етті «адалдау» үшін де қасапқа төленетін жарна бар екен. Оның бәсі – 1500 теңге. «Қазір халықтың көбі «халал ма?» деп сұрайды. Олай болмаса, алмайды да. Сосын амал жоқ, 1500 теңгесін төлеп, халалынан алдырамыз» дейді сатушы. Алайда ол ақшаны не үшін беріп жатқанын өзі де дұрыс білмейтінге ұқсайды. Әйтпесе, «бісмілләсі» айтылып, кез келген мұсылманның қолымен сойылған малдың еті арам болмауы тиіс еді. Бұл жайлы кейін облыстың бас имамы Алтынбек Ұтысханұлына хабарласып білдік. 

– Жалпы, шариғатымыз бойынша құбылаға қаратылып, «бісмілләсі» мен «Аллаху акбар» тәкбірі айтылып бауыздалған, қаны толық ағызылып, содан кейін барып жұлыны үзілген малдың еті адал болып саналады. Ал, «сойылатын малыңызға Құран оқып беремін» деп, сол үшін ақша алатын болса, бұл дұрыс емес, – деді бас имам. 

Осы ретте айта кететіні, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы жанынан 4-5 қасапшыға арнайы серти- фикат берілген. Олар малды шариғат жолымен әрі таза со- яды. Міне, сол азаматтар мал сойған қызметіне ғана ақша ала алады. Құран не дұға оқып бергені үшін ақы сұрамайды, – деді Алтынбек Ұтысханұлы. 

Базардан шығып бара жатып, балықтың бағасын да біле кеттік. Сазанның келісі – 1500 теңгеден. Құстың еті де ұшынып тұр. Келісі – 1200 теңге. Таңырқаған түрімді байқағандардың бірі: «Енді ештеңе арзандамайды ғой, керісінше қымбаттай береді» деді жаймен. 

Не деген қымбатшылық?.. 

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз