«ЭКСОН-МОБИЛДІҢ» ЕРЕКШЕ КӨМЕГІ

Облыстық аурухананың мәжіліс залында «Эксон-Мобил Қазақстан» компаниясының демеушілігімен аурухана дәрігерлерінің біліктілігін арттыру бағытында атқарылып жатқан іс-шараларына байланысты баспасөз мәслихаты өткізілді.

 

 Онда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дина Камелова аталмыш компанияның аймақтағы емдеу мекемелерін заманауи медицина құрылғыларымен жабдықтаумен бірге мамандарды шет елдерге жіберіп оқытуда көрсетіп отырған көмегі зор екенін атап өтті.

Осы ретте «Эксон-Мобил Қазақстан» компаниясы 2014-2015 жылдары аурухананың он бір дәрігерін Каунас (Литва) қаласының медицина орталығы, Мәскеудің Склифософский атындағы жоғары ғылыми зерттеу институты, Вишневский атындағы хирургия орталығы, Қазан қаласындағы Эндоскопиялық хирургиялық орталықтарында тәжірибе жинақтап, білімдерін жетілдіруде қаржылай демеушілігін көрсетті.

Аурухананың бас дәрігері Сайын Шомыровтың айтуынша демеушілердің қолдауының арқасында атыраулық дәрігерлер жақын және алыс шет елдердің танымал клиникаларында білім мен білігін жетілдіруге мүмкіндік алды. Өңірде әлемдік стандарттарға сәйкес келетін диагностикалау мен емдеудің жаңа инновациялық әдістері кеңінен ендіріліп жатыр. Нейрохирург Ербол Иманғалиев «Ми, қан айналысының бұзылу кезіндегі қарқынды терапия» тақырыбында маманданудан өтіп келді. Нәтижесінде облыстық ауруханада қазір геморрагиялық инсультты хирургиялық емдеу жүйесі жүзеге асты. Екінші мәрте аурудың асқынуының дамуын болдыртпау үшін декомпрессивті бас сүйегін тесіп ота жасау, немесе қан құйылған жерді алып тастау сияқты оталар жасалатын болды.

Баспасөз мәслихатында аурухана бас дәрігерінің хирургия жөніндегі орынбасары Аманжол Дүсіповтің айтқанындай ол 2015 жылы Литва бариатрикалық және мининвазивті хирургия бойынша екі айлық маманданудан өтіп келгеннен кейін ауруханада емдеудің жаңа тәсілін ендірді. Нәтижесінде алғашқы рет Батыс Қазақстан бойынша ас қорыту жолдарына лапароскопия арқылы оталар жасауға қол жеткізілді. Аурухананың эндоскопист-дәрігері, профессор Рүстем Медеубаев ауруханада емдеудің озық тәсілдерінің жүзеге асып жатқандығына тоқталды.

 Компанияның көмегімен емдеу орнының тағы жеті медицина қызметкері осы жылдың қыркүйек-қазан айларында Каунас, Мәскеу қалаларына оқуға жіберілмек. Олар анестезиология және реанимация, неврология, нейрохирургия, хирургия бағыттары бойынша біліктіліктерін жетілдіреді.

Аймақта тағы бір үлкен мәселе – дәрігер мамандардың жетіспеушілігі. Бұл ретте «Эксон-Мобил» компаниясы облыстың медицина мекемелеріне жас мамандарды тартуға да қол ұшын беруде. Осы мақсатта ауылдық жерлерде үш жыл бойы жұмыс жасауға міндеттелген медициналық жоғары оқу орындарының студенттерінің оқу ақыларын компания осымен бесінші жыл төлеп келеді. Қазіргі уақытта бұл студенттер Қазақстанның және шет елдің медициналық жоғары оқу орындарында өте қажет мамандықтарды меңгеруде.

– Денсаулық сақтау саласы біздің компанияның әлеуметтік жобаларының басым бағыттарының бірі. «Эксон-Мобил» компаниясының дәрігерлердің біліктілігін арттыруға салып отырған инвестициялары Атырау өңірінің әрбір тұрғынының амандығына және денінің саулығына айтарлықтай оң істерін тигізеді деп сенемін» деді «Эксон-Мобил» компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесшісі Гүлнәр Нұғман.

Баспасөз мәслихатын қорытындылаған облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дина Камелова «Эксон-Мобил» компаниясы басшылығына аймақ халқының денсаулығын сақтау ісінде көрсетіп отырған бұл ізгілікті көмегі үшін ризашылығын білдірді.

 Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз