«Егер мен мұғалім болсам…»

19bet f11 Білім

Ұстаз… Қандай қасиетті сөз! Әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға. Адам баласының жүрегіндегі қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, оның бірі – ұстаз.

19bet_f11

Ұстаздар күніне орай біз облыс мектептеріндегі оқушылардың «Егер мен мұғалім болсам…» деген тақырыпта ойларын білген едік.

 

Аружан  РУСЛАНҚЫЗЫ,

Жамбыл  атындағы  №21  орта  мектептің

6-сынып  оқушысы.

– Мен бастауыш сыныптарда түрлі мамандықты қалап, бәрін бірдей қамтығым келді. Қазір де он ойланып, жүз толғанып жүрмін.

Егер де мен мұғалім болсам, онда өзіміздің сынып жетекшіміз – Ұлжан Ерниязова апайдай боламын деп шештім. Себебі, ол бізбен өзімен тең дәрежеде сөйлеседі. Өзінің география пәнін оқушы қызығатындай етіп өткізеді. Біз бәріміз оны сондай жақсы көреміз.

 

Алина  ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ,

Қызылқоға  ауданындағы  Жаңашаруа

орта  мектебінің  8- сынып  оқушысы:

– Ұстаздық, бала тәрбиелеу – зерделі де зерек, парасатты, ұлттық және азаматтық құндылықтарды ұрпақ бойына дарыту. Алға талпынған оқушының алдында  ұстаздың  жауапкершілігі зор. Сондықтан, оқытушылық жолды таңдауда, алдымен, мың ойланып, жүз толғану керек. Өйткені, ол – жауапты мамандық. Адамның адам болып қалыптасуында үлкен рөл атқарады. Мені алаңдататыны, қазір гуманитарлық мамандықтардың оқу ақысы төмен болғандықтан, ол жерге кез келген жанның қолы жетеді. Сондықтан да, жастардың дені «әйтеуір, қолыма диплом алсам болды, арзан мамандықты таңдай салайын» дейді де, оның астарына үңілмей, жауапкершілік жүгін сезінбей жатады. Ал, егер мен мұғалім болсам, алдымен,  әр шәкіртіммен қарым-қатынасымды түзеуден бастар едім. Оқушы да – жеке тұлға, онымен өзіммен қатар адамдай қарым-қатынаста болар едім. Жасы кіші болса да,  өзіндік ойы, пікірі мен көзқарасы бар. Сондықтан, баламен де санасу керек. Сонда ғана жасөспірім өзінің басындағы проблемалық мәселесін де ашып айтады. Бұл балаларға жасалып жатқан түрлі қастандықтар мен суицидтің де алдын алады.

 

Ардақтым  НИЕТҚАЛИЕВА,

Атырау  қалалық

№34  лингвистикалық мектеп-гимназиясының

5-сынып  оқушысы:

– Мен мұғалім болсам, математика пәнінен сабақ берер едім. Биылғы жылы 5-сынып оқып жатырмын. Бізге математиканы егжей-тегжейлі, көркемдік құралдар арқылы үйрететін Арай апай сияқты мұғалімдер көп болса екен. Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Ақтолқын Серікқызы да шәкірттерді қызықтыра біледі. Осындай мұғалім болсам, шіркін!

 

Ұлболсын  СЫРҒАБАЕВА,

№24  орта  мектептің оқушысы:

-Егер мен мұғалім болсам, оқу режімін өзгертер едім. Таңертеңгі ауысымдағы сабақты сағат 8-де емес, 10-ға ауыстырар едім. Сонда жұмысқа асыққан үлкендермен жағаласпай, таңертең асықпай ұйқымызды қандырып алып, қоғамдық көлікте де қысылып-қымтырылмай мектебімізге емін-еркін барар едік.  Және сабақты сыныпта жүргізе бермей, шәкірттерімді мұражайларға, кинозалдарға, түрлі оқу-танымдық орындарға апарып, уақытты қызғылықты да көңілді өткізер едім.

Жазып алған: Абай АҚМҰРЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз