ЕҢБЕКТЕН ТАПҚАН АБЫРОЙ

Жақында Атырау қаласындағы «Жайық» спорт кешенінде ауыл шаруашылығы саласының ардагері, ұзақ жылдар шаруашылықтарға жетекшілік етіп, Исатай ауданының әкімі, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы сынды лауазымдық қызметтер атқарған, аймақтағы төрт ауданның Құрметті азаматы, ғылым кандидаты  Жанай Беркәлиевтің құрметіне дзюдодан жасөспірімдер арасында  республикалық жарыс болып өтті.

Оған атыраулықтармен бірге, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары мен Ресейдің Калмыкия автономиясынан және Әзербайжан Республикасынан келген үш жүздей балғын палуан қатысты.

Жарысты облыстық дзюдо федерациясының президенті, Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев сөз сөйлеп ашып, қатысушыларға сәттіліктер тіледі.

Еңбек ардагері Жанай Беркәліұлына ҚР Дзюдо федерациясының президенті Кеңес Рақышевтың атынан Алғыс хат ұсынылып, ұлттық дәстүр бойынша иығына шапан жабылды.

Жарыстың бас төрешісі Жандос Қияновтың пәрменімен 14-15  жастағы балғын дзюдошылар тоғыз салмақ дәрежесі бойынша боз кілемде бақ сынады. Екі күнге созылған бәсекеде жерлестеріміз Құралбек Саталиев, Бақыт Әбусамат,  Жәнібек Тельман, Дінмұхаммед Шалинов, Серікболсын Шынтас және Аян Өмірбек бірінші орынды жеңіп алды. Командалық сайыста да атыраулық палуандардың мерейі үстем болды. Екінші орын шымкенттіктерге бұйырды. Сондай-ақ, ерекше әдіс көрсетіп, жарыста үздік палуан атанғандар да сый-сияпаттан құр қалмады.

Б.ХАМИТҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз