БАРЛЫҚ ЖАҚСЫЛЫҚ НАУРЫЗДАН БАСТАЛҒАН
Мифологиялық нанымдар бойынша, 22 наурызда Қыдыр ата әрбір үйге жақсылық пен бақыт тілеп келеді. Халық Қыдыр атаны үлкен дайындықпен күтеді. Қазан толтырып көже мен ет асады, үй-жайын тазартады. Осындай жұмыстар жасау арқылы жұрт үйге пәле-жала, ауру-сырқау, жаман жағдай жоламайды, қуаныш пен бақыт орнайды деп түсінеді. Халықтық дәстүр негізінде қыздар жігіттерге соғым мен уыздан жасалған тамақты ұсынатын болған. Ал, жігіттер қыздарға үнемі әдемі жүрсін деп, айна, тарақ, әтір сыйлаған. Мұндай сыйлықты «селт еткізер» деп атаған.
Ертедегі салт бойынша жыл басы – наурыздың келгенін көпшілік жас тайыншаға қоңырау байлап, оны қуалап, бүкіл ауылды оятумен бастаған. Бұл «Жаңа жыл келді, қарсы алыңдар!» деген мағынаны білдірген. Қазақтар осы кезде өмірге келген ұл-қыздарына Наурыз, Наурызбай, Наурызбек, Мейрам, Мейрамгүл, Наурызгүл, бертін келе Марта дегендей есімдер берген.
Наурыз мейрамын қазақтардан басқа халықтар да атап өтетін болған. Бірақ, оларда бұл мерекенің атауы әрқалай. Мәселен, тәжіктер оны «Гүл гардон» десе, буряттар «Сагаан сара» деп атайды. Наурыз жайлы деректер Абу Райхан Бируни, Ибн Балхи, Омар Хайям шығармаларында кездеседі. Сол кездегі дәстүр бойынша адамдар наурыз мейрамында отқа май құйып, ертеңгі күннен игілік, береке-бірлікті, тоқшылықты шақырған.
Наурыз күні, ертедегі салт бойынша, көрші отырған екі ауылдың адамдары бір-бірін қонаққа шақырып, ұлттық ойындар – бәйге, қыз қуу, көкпар, қазақша күрес ұйымдастыратын болған. Ақ қанатты ағаш үйлер тігіп, олардың есігін күншығысқа қаратып қойған. Төрге ең құрметті қонақтар мен жасы үлкендер отырып, оларға қойдың басы тартылған. Бұған қоса қыстан қалған соғымның еті, қазы мен қарта, жал мен жая, арнайы дайындалған наурыз көже ұсынылған.
Ертемен өрген көпшілік бірінің үйіне бірі кіріп, наурызбен құттықтап, төс қағыстыратын болған. «Наурыз мерекесі құтты болсын!» деп, жарапазан айтқан. Сондай-ақ, «бар жамандық осымен кетсін, ескі жылда қалсын!» деген ниетпен ескі ыдыс-аяқтарды сындыратын дәстүр де көрініс тапқан. Сол кездің өзінде ауылдың бетке ұстар өнерпаздары Алдар көсе, Жиренше, Қарашаш, Қожанасыр, Шығайбай, Тазша бала болып киініп, түрлі көңілді көріністерді көрсетіп, бүкіл ауылды мәре-сәре еткен.
Иә, қаншама ақындар мен композиторлар жылдың осы бір керемет мезгілі жайында өлеңдер мен әндер жазды. Олар жазған ән-жырлар қазіргі сахнадан әлі орындалып жатыр. Ата-бабаларымыз Наурыз мерекесі күнгі ауа райына қарап, түрлі болжам жасаған. Не десек те, мұсылман жұрты үшін Наурыздай мереке болмаған. Өйткені, ол – жыл басы, барлық бастама мен жақсылықтың арқауы. Келе жатқан Наурызымыз құтты болсын, халайық!
Аманқос ҚАРЖАУБАЕВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің педагогика және психология кафедрасының профессоры,
ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері,
Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері.