БӘРІ ДЕ – ХАЛЫҚ ИГІЛІГІ ҮШІН!

Атырау қаласының Нұрсая мөлтекауданынан тағы бір заманауи үлгідегі  ғимарат бой көтеруде. Ол «Коммуналдық базар» деп аталады. Қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысымен бұл нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарын  «БатысАльянсСтрой» ЖШС атқаруда. Үстіміздегі жылдың мамыр-маусым айларында алғашқы қадасы қағылып, іргетасы қаланған маңызды әлеуметтік нысанның құрылысын қазан айының соңына дейін аяқтау межеленген.

 

Мердігер мекеменің өкілі, құрылыс учаскесінің бастығы Серік Асановтың айтуынша, бұрын-соңды қаламызда болмаған жаңа нысанның құрылысына 80-ге тарта адамнан құрылған бес бригада, ондаған арнаулы техника тартылған. Өзіміз де көріп байқағанымыздай, екі бөліктен тұратын ғимараттың бірінде азық-түлік тауарлары сақталатын қойма жайғастырылса, екіншісінде тұтынушыларға қызмет көрсететін сатушылар (72 сауда орнында) орналастырылады. Қабырғалары түрлі пішіндегі металл құрастырмаларынан тұрғызылып, қолдануға ыңғайлы әрі жеңіл панельдермен қапталып салынып жатқан құрылысқа қажетті материалдардың дені отандық, яғни, Қазақстанда жасалып шығарылған өнімдер екен. Тек «Сэндвич» деп аталатын қаптамалар ғана көршілес Ресей елінен әкелінген болып шықты.

Ғимараттың бұған дейінгілерден басты бір ерекшелігі сол, ол сыртынан қарағанда соншалықты биік, зәулім боп көрінгенімен, бар болғаны бір қабаттан тұрады. Халықаралық стандарттар бойынша коммуналдық базарлардың өзі солай салынуға тиіс көрінеді. Өйткені, онда сауда орны санаулы, сатушыларға қолайлы, айналасы таза, ауасы кең, жазда салқын, қыста жылы болуы, оған қоса, бұнда мал мен құс еті, балық тағамдары, көкөніс пен бау-бақша өнімдерінің сатылатындығы ескерілген. Өзінің дербес жылу қазандығы болады, санитарлық-техникалық тораппен, желдеткіш жүйелерімен, су-кәріз құбырларымен, өзге де инженерлік-коммуникациялық желілермен толықтай қамтылады.    

Білгеніміздей, мұндағы жұмыстар жоспарға сәйкес, бекітілген кесте бойынша жүргізілуде. Жоғарыда айтқанымыздай, құрылыс-монтаж жұмыстарының нобайы бас мердігер кәсіпорынның күшімен орындалса, қосалқы шаралармен  субмердігер мекеме «Сыдық сервис» ЖШС-нің  мамандары шұғылдануда. Тұтастай алғанда, жабық павильон түрінде салынып, бүгінде бойын тіктеп те қалған нысан құрылысының межелі мерзімінде тәмамдалып, игілікке берілетіндігіне қазіргі қарқынға қарап көз жеткізуге болатындай.

Дәулетқали АРУЕВ.

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз