«БАЛАПАН»: БАҒДАРЛАМА ҚАЛАЙ ІСКЕ АСУДА?

Бүгінде  облыс көлемінде 160 балабақша, 137 шағын орталық жұмыс жасағанымен, бұл көрсеткіш тұрғындар қажеттілігін толық қанағаттандыра алмай отыр. Әлі де балабақшаларға қабылдану кезегін 18 мыңдай бүлдіршін күтуде. Сондай-ақ, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының көпшілігінде білікті кадр жетіспейді. «Нұр Отан» партиясының «Білім және ғылым» бағыты бойынша сараптамалық тобы отырысында балабақша төңірегіндегі біраз өзекті мәселелер сөз болды.

Демографиялық ахуал мен қаламызға қоныс тебушілер санының көбеюі балабақшаға деген сұранысты арттырған. Отырыста сөз алған облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Шәкіржан Мырзағалиев өткен жылы 16 балабақша мен шағын екі орталық іске қосылып, үстіміздегі жылдың төрт айы ішінде 10 жекеменшік балабақша және бір жекеменшік дамыту орталығы пайдалануға берілгенін мәлімдеді. «Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қатар оқытумен қамтамасыз ету мақсатындағы 2010-2020 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасы облыс көлемінде жоспарлы түрде жүзеге асып келеді. Біздің алдағы мақсатымыз– кәсіпкерлерді тарту арқылы жекеменшік балабақшалар санын көбейту», – деді ол.

Ал, Атырау облысы білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Бектұр Қали бала санының шектік деңгейіне қойылған санитарлық талаптар сақталмайтынын, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту мамандарының тапшы болуы салдарынан арнайы кәсіптік білім деңгейі сәйкес келмейтін, кей жерлерде мүлде педагогикалық білімі жоқ адамдар оқыту және тәрбиелеу ісіне тартылғанын, балабақшалардың материалдық-техникалық базасы төмендігін бақылау жұмыстарының қорытындысымен сараптап айтты.

Атырау қалалық білім бөлімінің әдіскері Жұмағаным Қарабалиева ауылдық жерлерде мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиемен қамту мақсатында қала маңындағы Жұмыскер елді мекенінен екі, Тасқала елді мекенінен бір балабақша пайдалануға беріліп, соңғы екі жылда қаламызда балабақшалар саны артқандығын атап өтті.

Жиынға қатысқан білім саласы қызметкерлері мен балабақша басшылары қызметкерлердің жалақысын көтеру жөнінде өз ұсыныстарын айтты. Айтуларынша, көптеген жас мамандар жалақының төмендігі мен топтарда бала санының шамадан тыс көптігінен тұрақтағысы жоқ.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз