1553675400 698f99da 26eb 4be8 ad10 beb0d8791ec8

Баланы қорғауға кепілдік беру – мемлекеттің міндеті

Жаңалықтар

Atr.kz/2 қыркүйек, 2019 жыл Бала құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету мемлекеттің міндеті болуы тиіс.

Өйткені, әрбір елдің даму деңгейі, өркениеттілігі ана мен бала құқықтарының қорғалу деңгейімен өлшенеді. Бала – мемлекеттің, ұлттың болашағы. Сондықтан, баланың өмірі мен денсаулығына мемлекет кепілдік беруі керек.

Қазақ халқы – баланы бақытына балаған, бала құқықтарының қорғалуын алдыңғы орынға қойған ел. Сондықтан, Қазақстан Конституциясының 27- бабымен бала мемлекет қорғауында болатынын бекіткен. Сонымен қатар, Қазақстан – 1994 жылы Бала құқықтары жөніндегі Халықаралық Конвенцияны ратификациялаған ел. Алайда, соңғы кезде әлемде орын алып жатқан сұмдық оқиғалар мен жантүршігерлік жағдайлар балалар құқығын қорғау шараларын әлі де жетілдіре түсу керектігін анық байқатады. Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауында зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны күшейтуді тапсыруын дер кезінде жүктелген міндет деп ұқтық.
Соңғы кездері үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген оқиғалар жиі кездесіп жүр. Нәрестені зорлау, бейкүнә сәбилерді қорлау қылмысының көбеюі көп нәрсеге күдікпен қарауға итермелеп отыр. Қазір балаларды мектепке өз бетімен жіберуге қорқатын болдық. Балалар улап-шулап, сөмкесін екі иыққа алма-кезек көтеріп, алаңсыз үйден мектепке, білім ордасынан кері асығатын күндер келмеске кеткендей. Қалай десек те, бүгінгі күннің ащы шындығы осы болып отыр. Ақпарат сайттарын ашып қарасаңыз, ең алдымен «үш жасар сәбиді зорлап кетті, педофил күдікті ұсталды…» деген хабарлардан көз сүрінеді. Шыны керек, біз мұндай жаңалықтарды оқып алып шошимыз, ал, осы жағдайды бастан өткерген ата-ана мен бейкүнә сәби қандай көңіл-күйде екенін елестетудің өзі қиын.
Бүгінгі күні жасөспірім мен жасы толмаған балаларға қарсы жасалған жыныстық сипаттағы қылмыстарға ең ауыр жаза 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Әрине, бала өмірі – ештеңемен өлшенбейтін құндылық. Бала өмірін педофилге тағайындалатын жазаның ауырлығымен өлшеуге болмайды. Дей тұрғанмен, бүгінгі қылмыстық жаза осы сипаттағы қылмыстар үшін әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ете алмай отырғанын, осы сипаттағы қылмыстармен күресті жүзеге асыруда мүлдем дәрменсіз екенін көрсетіп отыр. Сондықтан, елімізде педофилизмге қатысты жазаны күшейтетін уақыт әлдеқашан жетті.
Қоғамда өршіген өткір проблемадан хабардар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев адамға қарсы жасалған қылмыстар үшін жазаны күшейтуді тапсырды.
– Біз сот төрелігінің шектен тыс және репрессивті шаралары мен қатал жазалау тәжірибесінен алшақтадық. Алайда елімізде көптеген ауыр қылмыс әрекеттері бар. Біз заңнаманы ізгілендірумен айналысып, азаматтардың негізгі құқықтары туралы ұмытып барамыз. Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тасымалдау, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және жеке адамға, әсіресе балаларға қатысты басқа да ауыр қылмыстар үшін жазаны күшейту қажет. Бұл менің үкіметке беретін тапсырмам, – деді ол.
Менің ойымша, Мемлекет басшысы атап өткен ауыр қылмыстардың барлығы – тұтас ұлттың түп-тамырымен жойылуына әкеп соқтыратын ең қауіпті дерт. Сол себептен, педофилизм қылмысы бойынша сотталғандарға өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын қолданатын кез келді. Әрине, педофил екендігі анықталып, сот үкімі шыққан қылмыскерді өмірінің соңына дейін мемлекет қаржыландыратын түрмеде өткізу керек дегенмен келіспеушілер де болуы мүмкін. Қазақстандықтардың басым көпшілігі өлім жазасын тағайындауға қатысты ұсыныстарын білдіруде. Мен құқық қорғаушы, заңгер, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы бас бостандығынан айыру орындарындағы қорлау, азаптаудың алдын алу тетігінің мүшесі ретінде өлім жазасын енгізу туралы ұсынысты құптай алмаймын. Алайда, осы санаттағы қылмыстар үшін жазаны ауырлату керектігі – заман талабы. Сондықтан, Үкімет пен Парламент жан-жақты зерделеп, нақты шешім қабылдайтынына сенімдімін.

Бала – мемлекеттің, ұлттың болашағы. Сондықтан, баланың өмірі мен денсаулығына мемлекет кепілдік беруі керек.

Салтанат РАХИМОВА,
заңгер

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған