Бала құқығы — басты назарда

Кеше облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиевтің төрағалық етуімен кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтті.

Жиында кәмелеттік жасқа толмаған балалардың салауатты өмір салтын ұстануына, дене шынықтырумен шұғылдануына жағдай жасау мақсатында атқарылған жұмыстар жөнінде Махамбет және Индер ауданы әкімдерінің орынбасарлары баяндады. Сонымен қатар, облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Мұрат Демегенов бала еңбегін қанауға қарсы күрес бойынша жүргізілген жұмыстарға тоқталды.

Басқосуда қаралған үшінші мәселе оқушылардың жазғы демалысы кезіндегі бос уақытын тиімді ұйымдастыру, сауықтыру, шынығу, жұмыспен қамту жайы болды. Бұл жөнінде облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенова хабарлама жасады.

(Комиссия отырысы жөніндегі толық материалды газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар).

Өз тілшіміз.

 

Экология тақырыбына ашықтық керек

Өңірдің атмосфералық ахуалын жақсарту үшін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы экологиялық жағдайдың ашықтығын жүзеге асыру қажет. Аталған мәселемен тікелей айналысатын мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдармен байланыс орнатып, «жасыл» экономиканың жұмысына да басымдық беру маңызды. Бұл туралы «Төртінші билік» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен семинар-тренингте айтылды.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысқан тренингте «Жайық-Каспий» Орхус орталығының жетекшісі Шынар Ізтілеуова экологиялық мәселелердің баспасөз бетінде жазылу жайына тоқталды. Ол өз сөзінде қоршаған ортаны сақтауға қатысты дауларды қарау кезінде Орхус конвенциясы мен белгіленген заңнамаларды ескеруді баса айтты.

Тренинг барысында аталмыш тақырыпқа қалам тербейтін журналистер өз біліктіліктерін шыңдап, экологиялық ақпаратқа қол жеткізу мен оларды өз материалдарында қолдана білудің шеберлігін үйренді.

Шараның екінші күні құзырлы орын өкілдерінің қатысуымен семинарға жалғасты. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан Арыстан «Экологиялық мәселелермен қатар, Елбасының тапсырмасы негізінде қолға алынған «жасыл» экономиканы дамытуды ақпараттандыру арттырылса» десе, басқа да мекеме өкілдері қоршаған ортаны қорғау жұмыстары туралы баяндады. Семинар соңында біліктіліктерін шыңдаған барлық қатысушыларға сертификат табыс етілді.

Алтынгүл ЖАҚЫПОВА,

Атырау облысы бойынша

экология департаментінің бас маманы:

Ауада алау жанып тұр

– Ауаның ластануының басты себебінің бірі – алауларда ілеспе мұнай газын жағу болып табылады. Бұл проблема бүгінге дейін өз шешімін таппай келеді. Биыл бірінші жартыжылдықта он екі табиғат пайдаланушы 6,7 млрд. шаршы метр ілеспе газ өндіріп, оның 6,4 млрд. шаршы метрін өз мұқтаждықтары үшін кәдеге жаратқан. Сондай-ақ, «Теңізшевройл», «Самек интернешнл», «Ембімұнайгаз» және «НКОК» компаниялары ілеспе газды алауларда жағуды тоқтататын емес. Нәтижесінде, ілеспе газдың мөлшері – 255 миллион шаршы метрді құрады.

Бұдан басқа, жекелеген мұнай компанияларының ілеспе улы газды алауда өртемей, атмосфераға тірілей жіберу деректері анықталды. Мәселен, соңғы бес жылда «ТШО» зауыттарында 158 технологиялық ақау болып, бір миллион тоннадан аса газ жағылды.

Мәлік ТҰРЖІГІТОВ,

облыстық мамандандырылған

табиғат қорғау прокуратурасының прокуроры:

Заңнаманы сақтау – Басты талап

– Экологиялық заңнаманың сақталуында жүргізілген талдау нәтижесінде биыл алты айда 56 заңбұзушылық орын алды. 228 миллион теңге мемлекетке келтірілген залал өндірілді. Сегіз жер қойнауын пайдаланушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, мемлекет пайдасына 954 мыңнан аса айыппұл өндірілді.

Мәнсия ЕСЕНАМАНОВА,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік

университеті химия және экология

кафедрасының қауымдастырылған

профессор міндетін атқарушы:

Экологиялық тәрбие беру – маңызды

– Бүгінде аймақта қоршаған ортаны қорғау проблемалары өршіп тұр. Оның әрқайсысын оқырманға жеткізуде тілші дұрыс, түсінікті ақпарат беруі қажет. Бұл ретте тақырыптық журналистиканың ерекшеліктеріне басымдық берген жөн. Білім беру орындарында экологиялық тәрбиеге де ерекше ден қою маңызды.

Алтыншаш

Құрмашева

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз