ҚАЗАҚ МҰНАЙЫНЫҢ ПАТРИАРХЫ

92959 image Жаңалықтар

«Қара алтын». Біз осы жұмбақ затты, ең  қызықты табиғи феномендердің бірін осылай атаймыз. Мұнай бағзы заманнан бері жер қабатында құралатын жай ғана сұйықтық болудан қалғалы қашан?! Ол қоғамдық санаға жиі әсер ететін және сол арқылы өркениеттің әрі қарай дамуын айқындайтын ғаламдық саясаттың маңызды аспектіне айналды. Мұнай – әлемдік экономиканың, ең алдымен, күкіртті сутегінің айтарлықтай қоры бар елдер дамуының маңызды элементі.

92959-image

Осы орайда Қазақстан дүние-жүзілік деңгейде лайықты орынға ие. Ең алғаш 1899 жылы Атырау (Гурьев) облысының Қарашүңгіл алаңында мұнай алынғаннан бастап қазіргі күнге дейін «қара алтын» өндірушілердің бірнеше ұрпағының жанкешті еңбегінің арқасында мұнай-газ өндірісі еліміздегі жетекші салаға айналды. Тәуелсіз Қазақстанның жас ұрпағы оны қалыптастырудың бастауында тұрғандардың еңбегін білуі тиіс.

Міне, сондай тұлғалардың бірі – Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, Теңіз кенішін тұңғыш ашушы Жолдасқали Досмұхамбетов. Биылғы қыркүйекте оның  дүниеге келгеніне 100 жыл толады. Өмірімде алғашқы қазақ инженер-мұнайшыларының бірі, талантты геолог, үлкен ұйымдастырушы, парасатты жанмен жиі кездескенімді, қызметтес болғанымды мақтан тұтамын.

Мен он алты жасымда Доссордағы автомобиль, трактор, мұнай құрал-жабдығын жөндеу және шығару зауытына ұстаның көмекшісі болып орналастым. Содан 1957 жылы көктемде біздің зауытқа жақында ғана «Ембімұнай» комбинатының бастығы болып тағайындалған Жолдасқали Досмұхамбетов келді. Өндірісті аралап, мен жұмыс жасайтын механикалық цехты да қарап өтті. Бұл – менің атақты тұлғамен бірінші рет кездесуім.

Кейін Мәскеудегі И.М.Губкин атындағы мұнай-химия және газ өндірісі институтына түсіп, оны 1966 жылдың жазында тәмамдадым. Инженер-механик дипломын алып,  зауытқа қайта оралдым. Бастапқыда инженер-конструктор және бас механиктің міндетін уақытша атқарушы етіп тағайындады, ал бір айдан кейін  бас инженердің міндетін атқаруды жүктеді. Үш айдан кейін мені «Ембімұнай» комбинатының бас инженері И.Н.Диментман  шақырды. Жан-жақты сөйлескеннен кейін ол мені  Ж.Досмұхамбетовке апарды.

Жолдасқали Ахметұлы мені жылы қабылдап, жұмыс жайын сұрастырды, Исаак Наумовичке қарап, «бұл жігіт – мұнайшылар династиясының өкілі, оның әкесі – 1911 жылы Қазақстанда Доссор кен орнында алғаш мұнай өнеркәсібі басталғанда «Ағайынды Нобельдер серіктестігі» мұнай компаниясында бесеуі еңбек жолын бастаған жеті ағайындының ең кішісі. Олардың барлығы белгілі мұнайшы болды» деді. Әңгіме соңында Жолдасқали Ахметұлы «Сені зауыттың бас инженері етіп тағайындаймын»  деп кездесуге нүкте қойды. Мен де үлкен кісінің сенімінен шығуға тырыстым.

Ал, 1968 жылдың қараша айында мені обкомның ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі М.К.Тәжин шақырды. Әңгіме барысында Маңғыстау өңірін дамыту жайы, Жаңаөзен ауданын құру туралы айтылды. Ол кезде қазыналы түбек бүкілодақтық комсомолдық екпінді құрылыс ретінде жарияланған. Мені аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына ұсынып отыр екен. Келісім берген соң  облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы М.А.Исеновке алып барды.

Қысқаша сөйлескеннен кейін, Мұхамбет Айтуұлы «Қазақстанмұнай» бірлестігінің бастығы Ж.Досмұхамбетовке қоңырау шалып, Доссор зауытының бас инженері Р.Шырдабаевты жуырда құрылған Жаңаөзен ауданына  комсомол жұмысына жұмсау жөнінде шешім қабылданғанын жеткізді. Созылып кеткен әңгімеден аңғарғаным, Жолдасқали Ахметұлының өз жоспары бар секілді. Мұхамбет Айтуұлы оның кадрлар дайындау жөніндегі бағдарламасын қолдайтынын, алайда, жас маманның белгілі бір тәжірибе жинақтағасын өндіріске қайтып келетінін айтып жатты.

Сонымен, 1968 жылдың желтоқсан айында Жаңаөзен аудандық тұңғыш комсомол конференциясы болып, онда мен аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайландым. Біздің аймаққа Жолдасқали Ахметұлының шақыруымен КСРО мұнай-газ саласының жетекшілері, мердігер және ғылыми-зерттеу институттары басшылары жиі келетін. Соның нәтижесінде келелі мәселелер шешімін табатын.

Ал, 1975 жылдың көктемінде Махамбет аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарып жүргенімде Мартыши кен орнына байланысты үлкен басқосу болды. Ол кезде қазіргі Исатай ауданы Махамбеттің құрамына кіреді. Міне, осы шара барысында «Ембімұнай» бірлестігінің бас геологы Жолдасқали Ахметұлына  арнайы бардым. Мені сонда оның облыстың негізгі мұнай-газ кен орындарының сипаттамасын бүге-шігесіне дейін білетіні таң қалдырған.

Жолдасқали Ахметұлымен соңғы және жүрекжарды әңгімелесуім 1977 жылдың наурызында мені Гурьев қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлағаннан кейін болды. Бір аптадан кейін «Ембімұнай» бірлестігінің партия жиналысына қатыстым. Жиналыс басталғанға дейін ізет сақтап, Ж.Досмхамбетовке кіріп шықтым. Ол мені  кабинетінде қабылдап, жаңа жұмысыммен құттықтап, бұдан тоғыз жыл бұрын мені комсомол жұмысына жіберер кездегі обкомның бірінші хатшысы М.А.Исеновпен әңгімені есіме түсірді. Жолдасқали Ахметұлы өзінің туып-өскен Ракуша поселкесі, мектебі, менің әкеммен және оның ағаларымен жақсы таныс әкесі Ахмет пен шешесі Балжан жайлы ерекше жылылықпен айтып отырды. Оның ата-анасы Ракушадағы өздерінің шаруа қожалықтарымен 1917 жылға дейін айналысқан, одан кейін әкесі Ахмет қызметкер болып ауысады. Жасаған соңғы қызметі – Гурьев округтік атқару комитетінің іс меңгерушіcі. Ол 1935 жылы қайтыс болған.

Жолдасқали Ахметұлы  балалық шағында алған әсерімен бөлісіп, 1913 жылдан бері жұмыс істейтін Доссор мен Мақат кеніштерінен өндірілген «қара алтынды» түйемен тасымалдап,  мұнай өңдеу зауытына жеткізетінін айтқан. Бұл екі аралық 60 шақырым. Одан әрі  кемеге тиеліп, Астраханға жөнелтілетін. Екеуіміз армансыз әңгімелескен едік. Сол ғажап жан 1977 жылдың желтоқсан айында өмірден өтті.

Жолдасқали Досмұхамбетов 35 жыл халық игілігі үшін адал да абыройлы еңбек етті, Қазақстан мұнай-газ саласының негізін қалаушылардың бірі және патриархы болды. Жоғары деңгейлі кәсіпқой геолог және іскер басшы ретінде  еліміздің батыс аймақтарындағы ондаған мұнай-газ кен орындарының ашылуы мен игерілуінің бастауында тұрды. Ол ХХ ғасырдың алып кен орны – Теңізді тұңғыш ашушы және атауының авторы.

Жолдасқали Ахметұлының тұсында оның бастамасымен мұнай-газ саласына көптеген жаңалықтар енгізілді. Алғаш рет КСРО-да 1941 жылы Байшонас кенішінде екі және одан да артық қабаттарды ортақ өңдеу, сұйықты жылдамдатылған іріктеу және қосымша атқылату әдістері басталды. Ал, 1943 жылы Доссор кенішінде қабаттарға көлдете су айдау арқылы мұнай алудың екінші  әдісі енгізіліп, 1947 жылы ұңғымаларды бұрғылаудың турбиналық әдісі тәсілі игерілді. Қазыналы Маңғыстау зерттелді. Сөйтіп, 1956 жылдың 25 желтоқсанында КСРО Министрлер кеңесінің қаулысымен «Қазақстанмұнай» бірлестігінің құрамында Форт-Шевченко қаласында орналасқан «Маңғышлақмұнайбарлау» тресі құрылды.

Маңғыстаудағы алғашқы бұрғылау агрегаты 1958 жылдың наурыз айында Тюбеджик қабатында пайдалануға берілді. Сол жылдың жазында Қызан және Кусайник алаңдарында терең бұрғылау басталды. Ал, 1959 жылдың қаңтарында Жетібай, 1961 жылдың сәуірінде Өзен қолға алынды. Осы жылы Жетібайдағы №6 барлау ұңғымадан мұнай фонтаны алынды. Қазыналы түбектегі мол байлық   1973жылы сәуір айында  Маңғыстау облысының құрылуына алып келді.

Жолдасқали Ахметұлына тән қасиеттердің бірі, меніңше, ол кісінің бастаған ісін соңына дейін жеткізетіні болса керек. Ол жоғары тұрған шаруашылық, партия-кеңес органдарына сәйкес қаулы шығару қажеттігін дәлелдей білетін. Сірә, Жолдасқали Ахметұлының жеке басының қасиеттері, мызғымас беделі өз еңбегінің ақырғы нәтижесін көруге, оған сенім білдіріліп, ол көтерген мәселелердің қолдауға ие болуына септігін тигізген де болар.

Еліміздің мұнай-газ саласын дамы-туға сіңірген ерекше еңбегі мен қосқан үлесі үшін  Жолдасқали Ахметұлы Ленин, «Октябрь революциясы», екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталды.

Жолдасқали Ахметұлы Оңтүстік Маңғыстаудағы мұнай-газ алаңдарын ашып, Жетібай және Өзен кен орындарын барлағаны үшін 1966 жылы Лениндік сыйлыққа ие болды. Кеңестік кезде мұндай атақ өзгеден оқ бойы озық болғандарға ғана беріледі. Ал, Атырау (Гурьев) облысында Теңіз кенішін ашқаны үшін  1994 жылы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.  Мұнай-газ саласын дамытуға қосқан үлесі үшін  Жолдасқали Ахметұлына «КСРО Құрметті мұнайшысы» және «ҚазКСР-нің  еңбек сіңірген мұнайшысы» атақтары берілді.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың дана және көреген саясатының арқасында мұнай-газ саласы ел экономикасындағы жетекші салалардың біріне айналды. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жылдарында алғашқы инвесторлардың бірі, танымал мұнай компаниясы «Шевронның» (АҚШ) қатысуымен 1993 жылдың сәуір айында «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны құрылды. Ж.А.Досмұхамбетовтің тікелей қатысуымен ашылған Теңіз кен орнын игеріп отырған ТШО ұжымы алға қойылған міндеттерді табысты орындап, еліміздегі  алдыңғы қатарлы компаниялардың біріне айналып отыр. Өткен жылы тек осы кен орнында өндірілген «қара алтын» көлемі 27 млн. тоннадан асты.

«Шеврон» корпорациясынан кейін республикадағы мұнай-газ байлығын бірлесіп игеруге миллиардтаған доллар инвестиция әкелген басқа да әлемге әйгілі компаниялардың келуі Қазақстан экономикасының дамуына үлкен серпін берді.  Республикадағы мұнай өндіру көлемі кеңестік кезеңмен салыстырғанда үш есе артты. Осы жылдар ішінде елімізде шет тілін меңгеріп, қазіргі заманғы технология мен алдыңғы қатарлы басқару әдістерін игерген  көптеген мұнайшы мамандар даярланды. Олардың арасында  Жолдасқали Ахметұлы мен оның жұбайы Нұрзиланың жеті ұл-қызы да бар. Олардың Қобылан, Исатай және Махамбет атты ұлдары – И.М.Губкин атындағы Мәскеу мұнай институтын бітірген мұнайшылар.

Ежелгі Римнің саяси қайраткері, жазушы және шешен Марк Туллий Цицерон жазғандай, қайтыс болған кісілердің өмірі тірілердің жадында жалғасады. Сол секілді Ж.А.Досмұхамбетовтің есімі мен атқарған еңбегінің нәтижелері ел жадында ғасырлар бойы сақталарына күмән жоқ.

 

Равиль ШЫРДАБАЕВ,

мемлекет және қоғам қайраткері.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз