Қазақ даласындағы «Маугли» туралы фильмнің тұсауы кесілді (ВИДЕО)

IMG 5706 Жаңалықтар

Елордадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде режиссер Еркін Рақышевтың «Көкжалдар» фильмінің тұсаукесері өтті,-деп хабарлайды ҚазАқпарат.

IMG_5706

Қалың көрерменге жол тартқалы отырған тың туынды қасқырлардың арасына сіңген қазақ баласының өмірі туралы сыр шертеді.

«Киноның аты «Көкжалдар» деп аталады. Оның авторы «Жаралы сезім» деп жастардың сезімін қозғаған, «Жетімдер» деп көптің көзіне жас келтірген, «Астанаға көктем кеш келеді» деп керемет фильм түсірген, ашаршылық, Тұрар Рысқұлов туралы деректі фильмдерді дүниеге әкелген режиссер Еркін Рақышев. Фильмнің сценарийін екеуміз жазып шықтық. Туынды көпке ұнайды деген сенімдемін»,-дейді фильмнің сценарийін жазған Рамазан Құрманбаев.

IMG_5707

Фильм желісіндегі оқиға қарапайым қазақ отбасының басында өрбиді. Ерлі-зайыптылардың Мұрат есімді ұлдарын үш айында қасқыр ұрлап әкетеді. Қан жылаған әке мен шеше қанша іздегенімен, баласын таба алмайды. Арада 20 жыл өткеннен кейін қазақ даласында «Мауглидің» жүргені туралы әңгіме тарап, арнайы құрылған топ бір кездері жоғалып, қасқырлардың арасына сіңген Мұратты ұстау үшін жолға шығады.

Режиссер қазақтың кешегісі мен бүгінін байланыстыра отырып, фильм кейіпкерлері арқылы қазақтың көкжалды кие тұтатынын көрсеткен. «Ежелде ғұндардың туында қасқырдың бейнесі болғанын бүгінгі ұрпақ біле ме екен», «Біз көк бөрі екенімізді ұмытқан халықпыз» деген кейіпкерлердің айшықты сөздері терең ойға батыра түседі. Мұраттың рөлін фильмде актер Жандос Исаев сомдаған.

Айқара Ғұмар

Фото және видео inform.kz сайтынан алынды

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз