АУЫЛДАҒЫ НЕСИЕЛІК СЕРІКТЕСТІК: ОНЫҢ БОЛАШАҒЫ ҚАНДАЙ?

Осыдан он төрт жыл бұрын мемлекеттің қолдауымен «Аграрлы несие корпорациясы» АҚ арқылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін төмен пайызды несиемен қамтамасыз ету мақсатында ауылдық жерлерде несие серіктестіктері құрыла бастаған болатын. Бүгінде елімізде бұл құрылымның саны  170-ке жетіп, оларда он бір мыңға жуық тауар өндірушілері біріктірілген. Олардың  82 пайызын шаруа қожалықтары құрайды.

Болашақта еліміздегі аграрлы саладағы несиелік серіктестіктерге реформалау жүргізілмекші. Соған орай, бұл ұйымдардың жұмыстары жаңа арнаға түседі деп күтілуде. Бұл туралы өткен сейсенбі күні облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында бол-ған жиында кеңінен сөз болды. 

Конференцияны облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев кіріспе сөзбен ашты. Мұнан соң басқосудың күн тәртібіне ұсынылған негізгі мәселе бойынша баяндама жасаған «Агроөнеркәсіп кешеніндегі несиелік серіктестіктер қауымдастығы»  заңды тұлға бірлестігінің басқарма төрағасы Төлеутай Ра­қым­беков мұндай жиын осыған де­йін республикамыздың жеті об­лысында өткенін мәлімдеді. Оның сөзіне  қарағанда, қазір еліміздің барлық ауылдық аймағында несие серіктестіктері жұмыс істеуде. Осы жылдар ішінде корпорация серіктестіктер арқылы 32 мыңнан астам ауыл шаруашылығы құрылымына 144 млрд. теңге не­сие берді.

«Бүгінгі таңда осы са­лада реформа жүргізу көзделуде. Өткен жылға дейін олар корпорация арқылы республи­ка­лық бюджеттен қаржы алып келген. Енді «Агробизнес – 2020» бағдарламасына сәйкес мемлекет аг­роқұрылымдарды бюджеттен тікелей несиелендіру саясатына кі­рісті. Соған байланысты қаржы инс­титуттарында серіктестіктерді несиелендірудің басқа да механизмдері ұсынылуда. Соның ішін­де банктер арқылы сыйақы став­касын демеу қаржылау (субсидиялау) механизмдері іске қосылды. Қосымша қаржы көз­дері де қарас­тырылып, олар­дың қызметтерінің аясын кеңейту жолдары көз­делуде», – деді Төлеутай Сатайұлы.

Конференцияда «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ, басқарма төрағасының кеңесшісі Бауыржан Қасенов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ  департамент  директоры Альмира Сағатова, «Қазагромаркетинг» АҚ өкілі Елдос Серіков несие серіктестіктерін қорландыру, сыйақы ставкасын субсидиялау механизмдеріне кеңінен тоқталды.

Жиын барысында Қызылқоға, Исатай аудандары мен Атырау қалалық несие серіктестерінің жетекшілері Сүйеуғали Дүйсебаев, Айсұлу Әлмұратова, Жеткіншек Мусағалиевтар ауылдастарының несие қаржы алып, өз кәсіптерін жүргізуге мүлікті кепілге қою, оны бағалау, жер телімдерін алу, жылқы малын бірдеңгейлендіру, сырғалау мәселелерінде қиындықтардың кездесетіндігін жасырмады, бұл бағытта өз ой-пікірле­рін ашық айтты.

Облыстық конференцияға қатысушылар талқыланған мәселе бойынша тиісті шешім қабылдады. 

Бақытжан ЖҰМАТ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз