«АTYRAY»-дың абызымен СОҢҒЫ СҰХБАТ

ngege Жаңалықтар

ОСЫДАН БІРАЗ БҰРЫН БАЙЫРҒЫ ЖУРНАЛИСТ, ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМГЕР, КӨСЕМСӨЗ ШЕБЕРІ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰРМЕТТІ ЖУРНАЛИСІ ШӨПЕНҒАЛИ ДӘУЕНОВПЕН СҰХБАТТАСҚАНЫМ БАР. БҮГІНДЕ ДҮНИЕДЕН ОЗҒАН АҒАМЫЗ СОЛ ЖОЛЫ ЖУРНАЛИСТ ЖҮРЕГІНДЕГІ ЖАН СЫРЫМЕН БӨЛІСІП, ІЗІН БАСЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН ЖАС МАМАНДАРҒА АҚЫЛ-КЕҢЕСІН АҚТАРЫЛА АЙТҚАН ЕДІ. КЕЙІН БҰЛ СҰХБАТЫМЫЗДЫҢ СОҢЫ БОЛАТЫНЫН КІМ БІЛГЕН ДЕСЕҢІЗШІ… ЕНДЕШЕ, ОРАЙЫ КЕЛГЕН ӘҢГІМЕНІ ОҚЫРМАН НАЗАРЫНА ҰСЫНҒАНДЫ ҚҰП КӨРДІК.

Contents
  1. – Аға, әңгімеңізді қазіргі баспасөздің беталысы, бағытынан бастасам деп едім…
  2. – Жарты ғасырға жуық «Аtyray» (бұрынғы «Социалистік құрылыс», «Коммунистік еңбек») газетінде қызмет атқарып, қазақ журналистикасына зор үлес қостыңыз. Ендеше, газет бетіндегі алғашқы жолыңыз қалай басталып еді, соған тоқталсаңыз.
  3. – Ең алғаш қандай жанрларда қалам тербедіңіз?
  4. – Аға, бұрын редакциялық құрамда әйелдерге қарағанда ер азаматтардың көп болғандығы рас па?
  5. – Жалпы, Тәуелсіздік шежіресін білгісі келген жан газет тігінділеріне үңіледі. Демек, мерзімді баспасздің ел тарихын зерделеуге қосып отырған үлесі қомақты болғаны ма?
  6. – Қазіргі журналистердің жазып жүрген дүниелеріне көңіліңіз тола ма?
  7. – Бүгінгі студент – ертеңгі жас маман.Әйтсе де, мұны естерінен шығарып алғанжастар журналист болуға еліктейді де, кейін басқа саланы таңдап жатады. Бұған не себеп деп ойлайсыз?

– Аға, әңгімеңізді қазіргі баспасөздің беталысы, бағытынан бастасам деп едім…

– Қазіргі журналистиканың қалтарысы мен қыры көп. Сан салаланып барады. Оған баға беру, əрине, көргені мен көкейге түйгені мол азаматтардың еншісінде. Жаныма жақын «Аtyray»-дан бастап «Егемен Қазақстан», «Казправда», «Ардагер айнасы» газеттерінің əр санын бүгешүге сіне дейін оқып шығамын. Əсіресе, «Казахстанская правданың» бір сандарында «Бесславный конец смутной поры» деген мақала жарық көрді. Сонда «Егемен Қазақстан» АҚның президенті, белгілі журналист Сауытбек Əбдірахмановтың Елбасымен жүргізген сұхбаттары жарияланған. Мұнда кешегі кеңес үкіметінің соңғы жылдары, Одақтың абыройсыз күйреуі секілді Тəуелсіздігімізге жол ашқан бірқатар саяси оқиғаларға пайымды пікірлер айтылады.

– Жарты ғасырға жуық «Аtyray» (бұрынғы «Социалистік құрылыс», «Коммунистік еңбек») газетінде қызмет атқарып, қазақ журналистикасына зор үлес қостыңыз. Ендеше, газет бетіндегі алғашқы жолыңыз қалай басталып еді, соған тоқталсаңыз.

– Менің алғашқы еңбек жолым да, шығармашылық дəуренім де сонау қанды қырғын, сұрапыл соғыс жылдарынан бастау алады. Газет арқылы білімімді молайттым, шығармашылық шеберлігімді шыңдадым, азаматтық ұстанымымды, өмірлік көзқарасымды орнықтырдым. «Қазақ баспасөзінің атасы» атанған Тауман Амандосовтың ақыл-кеңесін тыңдап өскенімді де мəртебе санаймын. Гурьев (Атырау) облысы, Новобогат (қазіргі Исатай) ауданының Манаш ауылында дүниеге келіп, еңбек жолымды ауылдық кеңестің хатшылығынан бастадым. Міне, сол кезден бастап облыстық газет редакциясымен байланыс жасап тұрдым. Ол Ұлы Отан соғысы басталған кез болатын. Халықтың жағдайы өте ауыр, əр шаңырақтың асыраушылары майданға аттанған осындай кезде ауылда қалған қариялар мен əйелдер, жасөспірімдер түгел еңбекке араласты. Сол кездегі қоңырқай тірлік маған да көп ой салса керек, адамдарды рухтандырып, жігер беретін біраз өлеңдер жаздым. Дегенмен, өзімнің «жақсы ақын» бола алмасыма көз жеткіздім де, журналистік жолға біржола ден қойдым. Ол кезде «Социалистік құрылыс» (қазіргі «Аtyray») газетінде майдан даласындағы мəн-жайды, елдегі жай-күйді жазатын Берік Қорқытов деген ағамыз болатын. Жарияланған басты мақалалардың көпшілігі сол кісінің қаламынан туды. 1953 жылдың сəуірінен бастап газетке біржола жұмысқа ауыстым. Екі жыл басылымның Новобогат, Теңіз аудандарындағы меншікті тілшісі болдым да, кейін 1955 жылы сəуірде мені облыстық газеттің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушілігіне тағайындады. Содан зейнеткерлікке шыққанша, редакцияда жұмыс істеп, ұзақ жыл редактордың орынбасары, бірінші орынбасары қызметтерін атқардым.

– Ең алғаш қандай жанрларда қалам тербедіңіз?

– Облыстық баспасөз бетіне алғашқы кезде дабыл, хабарошақ сияқты шағын жазбаларым жарияланып тұрды. Публицистикалық шығармаларымның ішінде «Бір түннің оқиғасы» атты естелік-əңгімемде сол кездегі нағыз өмір жайы баяндалады. Мұнда Манаш ауылдық кеңесінің төрағасы Батырбай Бозтаевтың 1943 жылғы тамыз айында түскен неміс десанттарын ұстаудағы ерлігі сөз болады. Ал «Социалистік құрылыс» газетіне басылған өлеңдерім мен аламан айтыстағы өнерім арқылы дүйімжұртқа таныла бастадым. Кеңге құлаш жайып, алысқа қанат қағуыма сол кездегі Жазушылар Одағының Гурьевтегі өкілі Саламат Хайдаров деген азаматтың ағалық ілтипаты мен керемет кісілігі өз септігін тигізді. Ол талай айтыстарға шақырып, шығармашылық бағытта көп нұсқау берді. 40-шы жылдардан кейін айтыс өнері шыңырау көкке көтерілді. Міне, сонда Новобогат ауданының абыройын қорғадым. Жыр алыбы –Жамбылдың жүз жылдық мерейтойында өткен республикалық ақындар айтысына да делегат болып барғаным бар. Шалғынына аунап, құмына ойнаған қазіргі Исатай ауданында еңбек жолымның біразын өткердім.

– Газет бұрын қалай шығушы еді, сол туралы айта отырсаңыз…

– Ол кезде газеттің бірінші-екінші беттеріне міндетті түрде Жоғарғы Бас қолбасшы И.В.Сталиннің бұйрығы берілетін-ді. Содан кейінгі беттерге соғыстың барысы туралы хабарлар мен өлеңдер, тұрғындардың тыныс-тіршілігі жайында жазылған материалдар жарияланатын еді. Теледидар мен радио секілді ақпарат көздеріне халықтың əлі де қол жеткізе қоймаған кезі, облыста «Социалистік құрылыс» газеті көп тарады. Адамдар бұл басылымның келесі санын асыға күтіп отыратын. Соғыс жылдарында майдангерлердің жаумен шайқастағы ерен ерлігін, тыл еңбеккерлерінің ұлы іске қосып жатқан үлесін дəріптеу мақсатында газетке «Жеңіс алға басуда», «Ұласты табыс сыйға-сый», «Сəлем ыстық жүректен», «Бостандық шамын жағамыз» деген тақырыптарда өлеңдерім жарияланды. Соғыс жылдарында шұғыл жағдайлар көп болатын. Көліктің жоқтығына қарамастан тілшілер жаяулап-жалпылап, ауыл-ауылды аралап, тылдағы жұмысшылармен тығыз байланыста қызмет атқардық. Соғыс кезінде бүкіл ел гитлершіл фашистік басқыншыларға қарсы күреске жұмылған уақытта партия ұйымдары ел рухын көтеріп, халықты жеңіс жолында жан аямай жігерлендіру, кеңес адамдарының отаншылдық сезімін күшейту мақсатындағы жұмысқа ерекше мəн берді. Газеттерде халқымыздың аса құнды мұрасы – ақындар айтысы да осы мақсатта жанданды. Бұл орайда «Социалистік құрылыс» маңызды роль атқарды.

– Аға, бұрын редакциялық құрамда әйелдерге қарағанда ер азаматтардың көп болғандығы рас па?

– Иə, солай еді. Арулардың қызметке келуі ол кезде сирек құбылыс болатын. Сол кезде менімен бірге хат бөлімінің меңгерушісі болып Хадиша Сұлтангереева жұмыс жасады. Жоғары комсомол мектебін бітіріп келген ол өте сауатты, зерек болды. Журналистика күн-түн демей ақпарат аймағынан табылып, қуанышпен де, қайғымен де санаспайтын мамандықтың ерекше түрі ғой. Кімдер келіп, кімдер кетпеді десеңші бұл қызметке.

– Жалпы, Тәуелсіздік шежіресін білгісі келген жан газет тігінділеріне үңіледі. Демек, мерзімді баспасздің ел тарихын зерделеуге қосып отырған үлесі қомақты болғаны ма?

– Əрине. Кешегі күндер тұнып тұрған тарих. Ал, оны қағазға түсіріп алмаса, кейін ұмытылып қалады. Осы тұрғыдан алғанда, Тəуелсіздік тағылымын тасқа басып отырған аймақтық «Аtyray», «Прикаспийская коммуна», «Сахара» жəне т.б. газеттер де өткеннен сыр шертеді. Басылым арқылы кеше мен бүгінге баға беріліп, ертеңге жоспар құрылады, мақсаттар мен міндеттер межеленеді.

– Қазіргі журналистердің жазып жүрген дүниелеріне көңіліңіз тола ма?

– Бір бағытқа ғана төселіп, бір саланың суын ішіп, тонын пішетін тілшілер көбейді. Ал, шындығына келгенде, журналист тар қапас шеңберінде қалып қоймай, кең ақпарат алаңына шығуы тиіс емес пе? Журналиске ең əуелі жан-жақты білім мен білік, сауаттылық пен салмақтылық қажет. Өткенге шегініс жасасақ, бұрынғы журналистердің қайсысы да қызметті үлкен-кіші, ауыр-оңай деп бөлген емес. Анау Тəжі Ақымов, Құмарғали Ғабдешов, Мақсот Елеусінов, Төлеген Жаңабайұлы, Қилыбай Қуанышбайұлы, Жаңбырбай Сұлтанғалиевтар өткен ғасырдың асылдары ғой. Əрқайсысы өлеңді, мақаланы, əңгімені, очеркті, басқасын да теңдей жазды. Бұрынғы тілшілер жиі жазған очерк, эссе, мақала, корреспонденция, суреттеме, фельетон, өлең, əңгімелер қазір жоғалуға жуықтады.

– Бүгінгі студент – ертеңгі жас маман. Әйтсе де, мұны естерінен шығарып алған жастар журналист болуға еліктейді де, кейін басқа саланы таңдап жатады. Бұған не себеп деп ойлайсыз?

– Мұның бəрі мамандықты о баста дұрыс таңдамағаннан көрініс табуда деп білемін. Демек, жоғары оқу орнына түспес бұрын болашақ мамандықты жан-тəніңмен сүйе білуің керек. Бұл ретте, үлкендер жағы да жастардың бойында белгілі бір кəсіпке деген қызығушылығын оятуы керек. Дұрыс бағыт-бағдар берсе, кейінгі ұрпақ та тура жолды таңдауға ұмтылары хақ. Қазір білгенін үйретіп, көргенін айтатын аға ұрпақ та сиреп барады ғой. Сен де жас екеніңе қарамай, қала мен аймақтан бөлек, жергілікті республикалық, халықтық, елдік деңгейде қалам тербе. «Журналист боламын» деп жүргендер қызметтің қызған шағында «қолымнан келмейді» деп жеңіл бағытқа бет бұрып жатады. Қазір журналистика мамандығын төрт жыл бойы оқып, басқа қызметке кететін жастарды түсінбеймін. Оларға мамандықты таңдамас бұрын мың ойланып, бір толғанып алса екен деген аталық ақылымды жеткізгім келеді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз