Атырауда той тойлау тыйылмай тұр

14293491 Жаңалықтар

Atr.kz/13 тамыз, 2020 жыл. Атырау облысы аумағында екінші карантин басталғаннан бері (5 шілдеден бастап) полиция қызметкерлері шектеу шараларын бұзудың 1500-ден астам фактісін анықтаған.

Естеріңізге сала кетейік, Атырау облысы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің Қаулысына сәйкес, карантин режимі талаптары мен шектеулердің сақталуын бақылау мақсатында 11 шілдеден бастап өңірде мониторингтік мобильді топтар құрылды. Құрамында әкімдік, тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау басқармасының өкілдері, сондай-ақ полиция қызметкерлері бар мобильді топтары жүйелі түрде тексеру жұмыстарын жүргізуде.

Облыс орталығы Атырау қаласы мен жеті ауданда өткізілген рейдтер барысында азық-түлік дүкендері, кафелер, көлік жуу орындары, көлік жөндеу орталығы, тегершік жөндеу шеберханалары және қызметіне уақытша тыйым салынған, шектелген және санитарлық талаптарды міндетті түрде сақтай отырып рұқсат етілген басқа да объектілер тексерілді.

Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев мәлімдегендей, бүгінде мобильді топтар 900-ден астам түрлі заң бұзушылықтарды анықтады. Облыста тамыздың 1-12 аралығында карантин режимін бұзудың 359 фактісі тіркелген. Олардың арасында, санитарлық талаптарды сақтамау бойынша 21, шектеулерге қарамастан өз қызметін жалғастырған 43 дүкен және салынған тиымдарды орындамаған екі сауна, 2 көлік жуу орны бар.

Сонымен қатар, отбасылық мерекелер өткізудің сегіз дерегі анықталды. Оның екеуі Қызылқоға ауданының Сағыз ауылында тіркелген. Анықталған барлық деректер бойынша жинақталған іс-құжаттар әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз