Атырауда су сору жұмыстары үздіксіз жалғасуда

f679b51b 8203 4fb1 8f42 a76320599037 Жаңалықтар

Соңғы екі тәулікте Атырау қаласында толассыз жауған жаңбыр салдарынан бір айлық нормадан астам жауын жауып, уақытша қолайсыздық тудыруда. Бірақ қала аумағын жиналған жаңбыр суынан тазалау жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп жатыр.

Атырау қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 26-27 наурызда 18 мм мөлшерінде жауын-шашын жауған. Ал осы уақыт аралығында су сору жұмыстарына 70 арнайы техника – вакуум жұмылдырылды. Қазір «Сарықамыс», «Балауса», «Өркен», «Жұлдыз», «Мирас» шағынаудандары және ескі қала аумағы  судан тазартылуда.

–Жұмылдырылған техникалар мен қызметкерлер бір уақытта барлық аумақты қамти алмайтыны ескеріліп, жұмыс кезең-кезеңімен атқарылады. Қазір қала әкімдігі су сору жұмыстарына қосымша техникалар тауып, жетіспеушілікті жоюға жұмыстанып жатыр. Тазарту жұмыстары тәулік бойына жалғасады, – дейді қала әкімдігі баспасөз қызметінің өкілі.

Айта кету керек, туындаған мәселеге қатысты тұрғындардың өтінімдері Атырау қаласы әкімдігінің әлеуметтік желі парақшаларында және «109» бірыңғай байланыс нөмірі арқылы қабылданады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз