АТЫРАУДА КОРЕЯНЫҢ ҚҰРМЕТТІ КОНСУЛДЫҒЫ АШЫЛДЫ

Ресми кездесуден соң корейлік меймандар мен облыс басшылары Атырауда Корея Республикасының құрметті консулдығы ашылуының салтанатты шарасына қатысты.

 

Корея Республикасының Қазақстандағы Құрметті консулы қызметін елге белгілі азамат Сағат Қашкенұлы Түгелбаев атқаратын болады. Шара барысында елші құрметті консулға экзекватураны табыстады. Бұл құжатта Корея елі Үкіметі Сағат Түгелбаевтың кәсіби қасиеттерін жоғары бағалайтыны және консулды мойындайтыны куәландырылған. 

Елші өз сөзінде «Кореялық ұлттық компания», «LG Chemical», «Daewoo», «Doosan» сияқты оңтүстіккореялық белді корпорациялар  Атырау облысында белсенді жұмыс жасап жатқанын айтып, енді консулдықтың ашылуы екі ел арасындағы экономикалық байланысты одан әрі қалыптастыра түсетініне сенім білдірді. 

– Құрметті консулдықты ашу Атырау облысы және Корея Республикасы  аймақтары арасындағы өзара тиімді екіжақты қарым-қатынастарды қарқынды дамытуға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Және облыс басшылығы тарапынан қолдау көрсетілетін болады, – деген облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов Елбасының Жарлығымен Сағат Түгелбаевты «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл»  мерекелік медалімен марапаттады. 

Салтанат соңында Сағат Түгелбаев өзіне көрсетілген сенімге алғыс білдіріп, жүктелген жауапкершілікті абыроймен атқаратынын мәлімдеді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз