АТЫРАУДА – КЕЗЕКТІ ВЕЛОШЕРУ

Жаңалықтар

Аtr.kz/25 сәуір, 2019 жыл. Атырау қаласында «Charity Bike Ride Atyrau – 2019» велошеруі өтеді. Мұнайлы астанада осыменен екінші жыл қатарынан өткелі тұрған спорт мерекесінің өту жайы Атырау өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте шараны ұйымдастырушылар мен бұқаралық ақпарат өкілдері арасында талқыланды.

Жиынға Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржауған Төлеуова,  «Атырау облысындағы спортты қолдау және дамыту» қоғамдық қорының ресми өкілі Талғат Өтеғұлов, велоспорт секциясының аға жаттықтырушысы Ербол Бедербековтер қатысты.

7S5A0529

– Бүгінгі күні өңірімізде бұқаралық спортпен шұғылданушылар саны күннен-күнге артып келеді. Оның дәлелі, күні кеше өткен жүгіру марафонына 3 мыңнан астам адамның қатысуы. Өткелі отырған велошеру де бұқара халықтың басын біріктіретін, көпшілікті салауатты өмір салтын ұстануға шақыратын тамаша спорттық шара.  Сондықтан, барша атыраулықтарға ыңғайлы болу мақсатында биылғы   жаппай велошеруді  1 мамыр мерекесі  күніне белгіледік. Негізгі шеру  сағат 17:00-де  М.Өтемісов атындағы облыстық академиялық драма театры алаңында бастау алып, қос дөңгелекті көлігіне мінген қатысушылар Махамбет – Азаттық – Әуезов көшелерімен жүре отырып Тұрғындар қалашығы аймағындағы көпір арқылы Гумаров – Владимирский – Сәтпаев көшелерімен жүйітки Сұлтан Бейбарыс алаңындағы мәреге келеді. Сағат 19:00-де сол алаңда арнайы концерт өтеді, – деді  қаласы әкімінің орынбасары Ұлықбек Серікұлы.

DSC01499

Сондай-ақ, ол алдағы уақытта Бейбарыс, Құрманғазы, Амандосов көшелерінен веложүргіншілерге арналған жалпылама  ұзындығы 24 шақырымды құрайтын арнайы жол төселетіндігін мәлімдеді.

«Өңіріміздегі велоспортты дамытуды да мақсат қылған, қашықтығы 9 шақырымды құрайтын шеруге кез-келген жастағы тұрғын тегін қатысып, мәреге жеткен әр велошабандозға естелік медаль табысталады», – деді келесі кезекте сөз алған басқарма өкілі Нұржауған Төлеуова. 

8e7032a2 32a6 43bf 8e5b d65ab0b6102a

Оның айтуынша, биыл Атырау қаласында велоорталық ашылып, бүгінгі күні Авангард шағынауданында орналасқан №1 Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде және Нұрсая шағынауданындағы №48 үйдің астынан ашылған залда жаппай велоспорт секциясы өз жұмысын бастаған. Оған Талдықорған қаласынан  арнайы білікті жаттықтырушы Ербол Бедербеков шақыртылып,  демеушілердің көмегімен «Venu» маркалы 50 велосипед сатып алыныпты. Бұл секцияға велосипедтің тізгінін ұстауға ниет білдіруші 10-15 жас аралығындағы балалар топтастырылуда екен.

– Биылғы жылы мәреде серіктес компаниялардың тағам өнімдері сатылады. Саудадан түскен барлық қаражат велоорталыққа қажетті спорттық құралдар алуға жұмсалады,- деді «Атырау облысындағы спортты қолдау және дамыту» қоғамдық қорының ресми өкілі Талғат Өтеғұлов өз сөзінде.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз