Атырауда 1000-шы азамат шетелдік көлігіне мемлекеттік нөмір алды

screenshot 4 2 Жаңалықтар

23 қаңтардан бастап Атырау қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығында шетелдік көліктерді заңдастыру бойынша қызмет көрсетілуде.

6 қаңтар күні 19 жастағы Қожас Али Ресей елінен әкелінген көлік құралын заңдастырып, қазақстандық техпаспортты, сондай-ақ мемлекеттік нөмірлік белгіні алды. Осы ретте, азаматтардан сұралатын құжаттар:

– мемлекеттік өтінім;

– өтінім берушінің жеке басын куәландыратын құжат;

– көлік құралының паспорты немесе тіркеу туралы куәлік;

– көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат.

Ал, қойылатын басты талап: 

– автокөлік Қазақстанға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген болуы керек;

– криминалдық есепте болмауы керек;

– басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы тиіс;

– еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден әкелінген автокөлік кедендік тазартудан өтуі қажет.

Заңдастыру талаптарына сай, құжат тапсырған соң нәтижесі арнайы базаға тіркеледі және көлік иесінің телефонына 1414 нөмірінен SMS жіберіледі. Онда қабылданған шешім нақты жазылады. Заңдастыруға рұқсат етілсе, мемлекеттік алымдар төлеу қажет.

Алғашқы тіркеу үшін – 200 000 теңге;

Техпаспорт үшін мемлекеттік БАЖ – 4 313 теңге;

Мемлекеттік нөмір – 9 660 теңге.

Одан соң көлік иесі шетелдік техпаспорт, меншік құқығын растайтын құжатты ХҚКО мамандарына тапсырады. Тіркеу бекітілгеннен кейін автокөлік иесіне ҚР тіркеу құжаты, мемлекеттік нөмір беріледі.

Шетелдік автокөліктердің заңдастыру үшін өтінім беру 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз