АТЫРАУ ҚАЛАСЫНДА – ЖАҢА ӘКІМ

Бейсенбіде Атырау қаласы әкімдігінде актив жиналысы өтті. Онда қала әкімі Серік Айдарбековтің басқа жұмысқа, ел Президенті аппаратына ауысуына байланысты оның қызметіне оң баға берілді.

 – Қалаға басшылық жасаған бір жылдан астам уақыттың ішінде  Серік Айдарбеков өзін білімді де білікті, не нәрсені де жан-жақты ойластырып, бағамдап,  батыл қадам жасай алатын, өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін іскер басшы ретінде танытты, – деді облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов.

Аймақ басшысы қалалық мәслихат депутаттарының келісіміне сәйкес қала әкімі лауазымына Ожаев Нұрлыбек Жұмахметұлының кандидатурасын ұсынды және оның қысқаша өмірбаянымен таныстырды.

– Өздеріңіз білесіздер, Нұрлыбек Жұмахметұлы бұған дейін де бірқатар  жауапты, мемлекеттік қызметтердің басында, жергілікті атқарушы билік құрылымдарында, шетелдік, бірлескен компанияларда, кейіннен Исатай ауданының әкімі сияқты жауапты лауазымды жұмыстарда болды. Бұлардың қай-қайсысында да өзін қолынан іс келетін, ұйымдастыра білетін, қабілет-қарымы мол  азамат тұрғысында танытты. Осындай жан-жақты қырлары мен мүмкіндіктерін ескеріп, Нұрлыбек Ожаевты Атырау қаласының әкімі қызметіне ұсынып отырмыз, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы.

Атырау қаласының әкімі болып тағайындалған Нұрлыбек Жұмахметұлы да алдымен аймақ басшысының, қала активінің өзіне көрсеткен сеніміне рахметін айтты.

Актив жиналысына қатысқан, кезінде қаланың, облыстың қалыптасып  дамуына, өркендеп, өсуіне өзіндік үлестерін қосқан аға буын өкілдері де сөз кезегін еншілеп, Елбасының, аймақ басшысының жүргізіп отырған саясатының, ұстанған бағыт-бағдарының дұрыстығына сенімді екендіктерін білдірді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз