Атырауда жанған алау мұнайлы өңірді айрықша қуанышқа бөледі

ANU 8831 2 Жаңалықтар

Мерейді тасытқан мереке

Кеше XXVIII қысқы дүниежүзілік Универсиаданың Алау эстафетасы Атырауға келді. Ол мұнайлы астанаға Астана, Павлодар, Көкшетау, Петропавл, Қостанай өңірлерінен жетіп отыр.

ANU_8831

Атыраулықтардың жігерін жанып, мерейін тасытқан бұл шара екі кезеңде ұйымдастырылды. Салтанатты рәсім Атырау мұнай және газ университетінен бастау алды. Универсиаданың алауы Қашаған кен орнында жағылып, таңсәріде Атырауға жеткізілді. Егеменді еліміздің тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған эстафетаның өңірлік шарасына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, аймақ тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады.

Әлемдік спорт сахнасында екі күннен кейін XXVIII қысқы Универсиаданың алауы жанады. Спорт пен дене шынықтыруды, салауатты өмір салтын насихаттайтын бұл доданың Қазақстанда өтуі – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған сындарлы саясатының жемісі. Ең бастысы, Универсиада өткізу бәрімізге қуаныш сыйлап, елімізде, оның ішінде біздің облысымызда да  спорттың  дамуына  игі ықпалын  тигізеді.

Мемлекет басшысы жүргізіп отырған реформалар өз нәтижелерін беріп отыр. Әлеуметтік-экономикалық саланы, елді мекендерді, инфрақұрылым жүйелерін дамыту бағытындағы бастамалар ойдағыдай жүзеге асып жатыр. Сонымен қатар, жаңа заманның талабы ретінде Елбасы қазақстандықтарға Үндеу жолдап, Президенттің біраз өкілеттілігін Парламент пен Үкіметке беру жөнінде шешім қабылдады. Арнайы комиссия құрылды. Бұл шаралар жүзеге асқаннан кейін Қазақстанды жаңа әлемдік саяси аренада дамытуға жол ашылатыны сөзсіз, – деді Нұрлан Асқарұлы. Ол, сонымен бірге, жастарға, өскелең ұрпаққа сапалы білім-тәрбие алуға, денесін шынықтырып, мәдени тұрғыдан бәсекелестікке сай азаматтардың өсуіне Елбасы зор көңіл бөліп, осы мақсатта жергілікті атқарушы билік өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеп отырғандығын айтты.

Облыста да жаңа спорттық нысандар, ғимараттар көптеп бой көтеруде. Қазіргі таңда Атырау облысы тұрғындарының 25 пайызы тұрақты түрде спортпен айналысады.

Ертең негізгі алауы тұтанатын қысқы студенттік ойындарда ел намысын қор-ғайтын Қазақстан құрамасына, соның ішінде, Атырау өңірінен аттанған үш спортшыға аймақ басшысы жеңіс пен сәттілік тілеп, алауды  кикбоксингтен әлем және Азия чемпионы, әлем кубогының иегері Абзал Дүсіповке табыстады. Одан кейін алпысқа жуық алаугер шаһар көшелері бойымен  жүріп өтті.
ANU_8863

Жүректерді  шаттық кернеді

Шеруге оқуда озат, спортта, қоғамдық өмірде белсенді студенттер қатысып, алауды шаһар көшелері бойымен алып жүру мәртебесіне ие болды. Эстафетаның алғашқы кезеңі Махамбет атындағы қазақ драма театрынан аяқталып, бокстан Қазақстан Республикасының бес дүркін чемпионы, әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері Назым Ищанова алауды бокстан КСРО-ның бес дүркін чемпионы, ҚР-ның Құрметті спорт шебері Болат Теміровке берді.

Екінші кезеңде алаугерлер Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне бағыт алды. Өңірлік кезеңнің ұзақтығы он екі шақырымға созылды.

Айта кетсек, 2011 жылғы 29 қарашада Брюссельде Халықаралық университеттік спорт федерациясында (FISU) өткен дауыс беру нәтижесінде 2017 жылы өтетін Универсиаданың астанасы ретінде Алматы қаласы ресми бекітілді. Осылайша, бұрынғы кеңестік елдердің ішінде Қазақстан бірінші болып аталмыш әлемдік доданы өткізу құқығына ие болды.  Бұған дейін 1973 жылы Мәскеу және 2013 жылы Қазан қаласы жастардың тек жазғы спорт ойындарын қабылдаған болатын. Универсиада туын Алматы қаласына беру салтанатты рәсімі 2015 жылғы 15 ақпанда Испанияның Гранада қаласында ұйымдастырылды.

Ал, Қазақстанның студенттік құрамасы Универсиадаларға 1993 жылдан бастап қатысып, содан бергі уақытта 700 спортшы бақ сынасып, 125 медаль жеңіп алды. Ал, биылғы жарысқа әлемнің 57 елінен 2000-дай спортшы қатысады. Жарыстар сегіз нысанда  спорттың 12 түрі бойынша өтеді.

Универсиада өтетін кезеңде шет елден және ел өңірлерінен келген 3000-дай ерікті жұмылдырылмақ. Шамамен 30 мың шетелдік қонақ пен турист келеді деп күтілуде. Сондықтан, дүниежүзілік доданың елімізде өткізілуі тек спорттық жетістік қана емес, бұл – мемлекет мерейінің асқақтауы, Елбасының көрегенді саясатының арқасы.

????????????????????????????????????

Жыл сәтті басталды

Азамат БЕКЕТ, Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт  басқармасының басшысы:

– Бүгін Қазақ елі, соның ішінде, Атырау халқы үшін тарихи оқиға. Бұл – бұрын-соңды  кеңестік елдерде болмаған жағдай.

Күні кеше ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойласақ, енді, міне, Жаңа жылымызды үлкен спорттық шарамен бастағалы отырмыз. Сондықтан, бұл дода Қазақ елі тарихында алтын әріптермен жазылары анық.

Алматыда ұйымдастырылатын бұл дода– еліміздің әлеуетін әлемге танытудың, спорт пен дене шынықтыруға барынша қолдау көрсетудің тағы бір жолы. Аталмыш бүкіләлемдік додада абыройымызды қорғайтын Қазақстан құрамасы сапында атыраулық шорт-трекшілер де бар. Олар – Денис Никиша, Ольга Тихонова және Ионг А Ким.

ANU_8122

Ақ тілектер ақтарылған күн

– Атырау жеріне келіп жеткен Универсиада алауын ерекше ықыласпен қабылдадық. Еуропа мен Азияны жалғайтын орталық көпір үстімен алауды алып жүру миссиясы маған бұйырды.

Әрине, мұндай шараның ұйым-дастырылуы – үлкен абырой, еліміз үшін зор мәртебе. Өйткені, бұл – кез келген елдің маңдайына жазылмаған бақыт. Намысты қолдан бермейтін халықпыз. Әр өңірді аралаған Алау эстафетасы еліміз үшін бақ-береке әкеледі деп ойлаймын. Өйткені, қаншама ақ баталар, ақжарма тілектер айтылып жатыр. Әлем алдында көк Туымызды биікте қалықтатып жүрген спортшыларымыз бұл сында да жоғары дәрежеден көрінсін.

Ринат ИБРАГИМОВ, алаугер:

Мен үшін үлкен абырой!

– Бүгін Атырау өңірі тұрғындары қайталанбас сәттің куәсі болды. Алау эстафетасының өткізілуі, ең алдымен, спортты дамытуға қозғаушы күш болатыны айдан анық. Дүбірлі дода қарсаңында бұл шара барлық облысты аралап шығады. Яғни, еліміздің түгелге жуық халқы осы игі бастаманы тікелей тамашалап, ықыласына бөленуге мүмкіндік алады. Арнайы құтыда сақталған алау ұшқынын Универсиада астанасына жеткізу жауапкершілігі маған жүктеліп отыр. Мен үшін бұл – үлкен абырой. Ел намысын қорғайтын спортшыларға халықтың тілеуі зор күш бергей!

Шаһарымыздың көшелерін аралаған алау спортшыларымыздың жігеріне жалын беріп, Универсиаданың сәтті өтуін тілейміз.

ANU_8008

Назым ИЩАНОВА, алауды Алматыға жеткізуші:

Қысқы спорттың дамуына даңғыл жол

– Биыл егемен еліміздің абыройын әлемге паш ететін үлкен оқиғалар орын алмақ. Соның бірі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен Алматыда өткелі отырған қысқы Универсиада ойындары. Әлемдік деңгейдегі оқиға еліміздің мәртебесін көтеріп қана қоймай, Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамытудағы ерекше рөлін айшықтай түсіп, қазақстандықтарды, соның ішінде, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға біріктіре түсері сөзсіз.

Қазақстанның мұндай ауқымды шараны өткізуде тәжірибесі бар. Алты жыл бұрын осындай қаңтардың шуақты күні Атырау VII Азия ойындарының алауын қабылдаған болатын. Енді араға алты жыл салып, Универсиада алауы Еуропа мен Азияның кіндігі түйіскен, ақ Жайық сағасындағы Атырау жеріне ат басын тіреп отыр.

Руслан ТӨЛЕГЕНОВ, Атырау қаласының тұрғыны:

Сөйтіп, Алау эстафетасы шарасына атыраулықтар да ерекше атсалысты. Төрткүл дүние халқы назарына алып отырған XXVIII қысқы Универсиада алауының ел-елді, жер-жерді аралауы – шынымен де, ерекше оқиға, үлкен мереке. Сондықтан, бұл жаңаша бағыттағы спорттық шара қалың бұқараға да ерекше серпін беретіні сөзсіз. Кеше кешкісін алауды жерлес    боксшы қызымыз, әлем чемпионатының қола жүлдегері, еліміздің бес дүркін чемпионы, халықаралық жарыстардың жеңімпазы Назым Ищанова «Атырау – Алматы» бағытындағы арнайы ұшақпен оңтүстік астанаға алып кетті.

Айгүл ЕРТІЛЕУ

Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз