Атырауда Мырзатай Жолдасбековтің мерейтойлық кеші өтті (ФОТО)

EAC4038 Жаңалықтар

Атырауда Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің 80 жылдық мерейтойына орай «Атанғаным Мырзатай – ел арқасы» тақырыбында музыкалық кеш өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында өткен тағылымды кеште филология ғылымдарының докторы, академик Мырзатай Жолдасбековтың өмірі сан қырынан көрінді.

_EAC4038

Кеш шымылдығы Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың сөзімен ашылды:

– Бүгін Атыраудың төрінде қазақ руханиятының абызы, мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбековпен кездесу өтіп жатыр. Жаңа бар көрерменмен бірге тамашалаған бейнефильмде бұл кісінің тағдыр тауқыметін бір адамдай көтергені, қажымай-талмай, жасымай бүгінге жеткені жақсы айтылған. «Соғыс балалары» деп аталған буын әдебиет пен мәдениетке өз қолтаңбаларын айқын қалдырды. Сол бір қиындықтың неше сүлейін көріп өскен балалар бүгінде ғұламалар мен абыздарға айналды. Елдің дамуына өз үлестерін қосты.

_EAC4366

Таза мінсіз асыл тас –

Су түбінде жатады.

Таза мінсіз асыл сөз –

Ой түбінде жатады.

Су түбінде жатқан тас

Жел толқытса шығады,

Ой түбінде жатқан сөз

Шер толқытса шығады,– деп Асан қайғы айтқандай, шындығында әр адам қоғамға өз үлесін өз әлінше қосады. Алған білімін, тәлім-тәрбиесін елдің ел болуы үшін жұмсаса — құба-құп.

_EAC4410

Мырзатай ағамыз – ұстаз ретінде де, қоғам қайраткері ретінде де өскелең ұрпақ тәрбиесіне өз үлесін аянбай қосқан адам. Орхон-Енисей көне жазуларын зерттеп, ұлттық құндылықтарды сақтау жолында аянбай еңбек етті. Мырзатай ағаға қарап бой түзеген азаматтар көп. Ағамыз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Тәуелсіздікті баянды ету жолында аянбай қызмет жасады,– деді аймақ басшысы ағеділ көңілінен ақжарма сырын ақтарып.

_EAC4426

Маңғыстаулық жыршы Амандық Көмеков «Арнауында» ұлтының ұлылығын ұлықтаған Мырзатай Жолдасбековтің азаматтық тұлғасын танытты. Ғалымның анасы Қалдыгүл ананың әндері шырқалды. Ол әндер арқылы қайраткердің тәлім алған мөлдір бастауының ұлағаты танылды.

_EAC4194

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Тұрар Әліпбаевтың орындауындағы «Қосбасар» мен «Дүние шіркін» күйлері Мырзатай Жолдасбековтің ғалымдығына, қайраткерлігіне қоса асқан күйші екенін де дәлелдегендей. Көкірегіндегі көрікті әлемін домбыра пернесі арқылы күйге түсірген ол көрермендердің де жүрегін осы шығармалар арқылы жаулап алғанын аңғардық.

_EAC4313

Кейіпкеріміз Кенен Әзірбаевпен де өте жақын араласқан екен. Он екі жыл бойы атақты жыраудың жанында болып, сөздерін тыңдаған, әкелік қамқорлығын көрген. «Кенен атам маңдайымнан сүйген кезде әкемді көргендей болушы едім» дейді ол. Әнші Ардақ Балажанова шырқаған Кенен Әзірбаевтың «Мырзатайға» деген әнін тыңдаған жұртшылық қошеметін аямады.

_EAC3996

Мырзатай Жолдасбеков қазақстанның Иран мен Пәкістандағы Төтенше және өкілетті Елшісі қызметінде болып, дипломатиялық қатынастардың дамуына да өз үлесін бір кісідей қосқан. Сол тұста жазылған «Тотықұс» әні арқылы туған жерге деген сағыныш, елді, жерді аңсаған жанның ішкі зары мен шері көрермендердің көзіне жас үйірді. Тотықұспен сырласқан кейіпкеріміздің жан дүниесінің тереңдігі, туған елге, қазағына деген махаббаты айқын аңғарылады. Психологиялық параллелизм арқылы басқаға айта алмайтын жан сыры төгіледі. Осы әнді тыңдағаннан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та ойланып: «Мырзатай елді сағынып жүр екен ғой, елді аңсаған жанның ішкі күрсінісі ғой бұл» деп елге алдырған екен. Сөйтіп, жас дипломаттарды дайындайтын академияның негізін салыпты.

_EAC4005

Сонымен қатар, жарына, балаларына арнаған әндері де жиналған көпшілікті бейжай қалдырмады. «Дүние, шіркін», «Дәурен-ай» әндеріндегі философиялық тұжырым, психологиялық иірімдер де ел жүрегіне жол тапты. «Мың құбылған дүние-ай, шар айнадай» дей отырып автор мынау жалғанның түрленгіштігін, адам көңілінің екіұдай сәттерін тап басқан.

_EAC4171

– Атырау жұрты — менің қайын жұртым. Мәрия екеуіміз студент кезімізде табысқан едік, шүкір, ұрпағымызды бірге тәрбиелеп келеміз. Осы залға жиналған жұртшылыққа айтар алғысым шексіз. Шындығында, менің азамат болып қалыптасуым, атағым мен даңқымның шығуы – елдің ағеділ көңілінің арқасы. Менің әндерім мен күйлерім – өмірімнің айнасындай. Мәселен, қыз бала – жат жұртқа жаралған. Оны білесің, біле тұра қимайсың, орны ойсырап тұрады. Сондай бір толғаныстан «Қыз дәурен – Ақ бота» әні туған еді. Қазіргі таңда Ақбота немерем Еуразия университетінің халықаралық қатынастар факультетінің деканы, қазір Аргентинада іссапарда.

_EAC4031

Осында келерде менің шашбауымды көтеріп жүрген інілерімнің бірі Тұрар Әліпбаев келіп: «Аға, көптен бір күйге толғатып жүретінмін. Сол күй туды. Атын «Асыл Атырау» деп қойдым. Атырау облысының әкімі, қазақ руханияты мен мәдениетінің жанашыры Нұрлан Асқарұлына арнадым» деген еді. Ендеше, сол күйді автордың өзі орындап берсін. Сол біздің осынау ұлы өлкеге деген махаббатымызды әйгілейді. Сіздерге тартуымыз деп түсінгейсіздер,–деді мемлекет және қоғам қайраткері, академик Мырзатай Жолдасбеков өз сөзінде.

Кеш ғалым әрі композитордың «Бәйтерек» әнімен аяқталды. Мәдениет пен руханият мерекесіне арнап облыс әкімі атынан «Ықылас» гүлі әкелінді.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз