«АТАМЕКЕН-СТАРТАП»: ҮЗДІК ЖОБАЛАРҒА – КЕҢ ҚОЛДАУ

Өткен аптаның соңғы күндері атыраулық жас кәсіпкерлер үшін қызықты әрі шешуші сәт болды. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің базасында «Атамекен Стартап» бизнес-идеялар байқауы өткізілді. Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы мен «Атамекен Стартап» облыстық филиалымен бірлесе  биыл үшінші рет ұйымдастырылып отырған шара жастар арасында бизнесті насихаттау, инновациялық жобаларды қолдау бағытында қолға алынған. Ал, байқау алдындағы кәсібін жолға қойып үлгерген жас кәсіпкерлердің бизнес-жобаларының көрмесіне облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысты.

 

 Жалпы, көрмеден орын алған 18 жас кәсіпкер талапқа сай бір минуттың ішінде қазылар алқасының мүшелеріне өз бизнесі туралы әңгімелеп беруі тиіс болатын. Маңызды әрі қызықты шараға аймақ басшылығының атынан қатынасқан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан елімізде өз кәсібімді ашамын деушілерге мемлекет тарапынан барлық мүмкіндіктер жасалынып жатқанына тоқталды. Көрме қорытындысы бойынша үш бизнес-жоба таңдалынып алынып, ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Бірінші орынға қағаз пакеттер шығарумен айналысатын «Бум-2020» жеке кәсіпкерлігі лайық деп танылды.

Жеке кәсіпкерлік иелері өз өнімдерін Атыраудағы алғашқы жоба қатарына жатқызады. Қуаттылығы айына 400 мың қағаз пакеттерін шығаруға арналған. Күні бүгінде дайындық жұмыстары жүргізілуде. Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінен алған мәліметтерге сүйенсек, өндіріске қажетті құрал-жабдықтар сатып алынған, шикізат Ресейден әкелінбек. Екінші орын ұлттық кәдесыйлар дайындаумен айналысатын жас кәсіпкер Нұрлыбек Бисембаевқа бұйырса, үшінші орын түрлі торттар пісіретін Гаухар Ильясованың қанжығасына байланды.

Сол күні «Атамекен Стартап» байқауы бастауын алды. Оған жетпістен астам жоба қатысқан. Байқаудың алғашқы күнінде сайыскерлер 60 секундтың ішінде өз идеяларын түсіндіріп берсе, келесі күні басқа бағыт бойынша сынға түсті. Ақтық сайыста үміткерлер топ болып төрт минут ішінде жобалары туралы әңгімелеп берді. Үш күндік тартысты жарысқа 14 команда шықса, олардың жобалары да әртүрлі бағытты қамтыды.

Қазылар алқасының ішінде жобаға қызығып, қаржылай көмектесуге дайын кәсіпкерлер де болды. Сонымен, байқаудың қорытындысымен 300 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлықты интернет-видео пайдаланушыларға арналған «VPK» тобы жеңіп алды.

Атап айту керек, байқауға қатысқан жобалардың барлығы жеңімпаз атанбағанына қарамастан, «бизнес-періштелер» клубына жіберіледі, олардың 50 мың АҚШ долларына дейін инвестиция алуға мүмкіндігі бар.

Айбөпе САБЫРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз