«Ассамблея аруы»

Облыс әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Тамара Аман-Турлинаның айтуы бойынша,  осындай атаумен байқау биыл бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Оның мақсаты – түрлі ұлт жастарын Ассамблея жұмысына тарту, олардың белсенділігін арттыру.

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткен шараға сегіз ару қатысты. Олар «Сыр мен сымбат», «Мен өз елімді сүйемін», «Өнерлі өрге жүзеді», «Ұлттық киімдер» және «Біздің ас үй» деп аталатын кезеңдер бойынша бақ сынады.

Бойжеткендердің сұлулығы ғана емес, ақылдылығы мен қазақ тілін қаншалықты меңгергенін анықтайтын сайысты арулар өздерін таныстырудан бастады.

Кез келген ұлтты ерекшелейтін нәрсе – ұлттық киім. Міне, байқау барысында оның үздік үлгілерін осы сахнадан көргендей болдық. Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек киген қазақ қыздарымызбен бірге ханбок киген кәріс, сарафанымен  орыс, әзербайжан, шешен, украин арулары көрермен қауымға  ұлттық киімдерін бар сән-салтанатымен ұсынды.

«Өнерлі өрге жүзеді» аталымында әр ұлттың биін билеген арулар әншілігімен де тамсандырды. «Мен өз елімді сүйемін» кезеңінде өз шығармашылықтарынан сынға түсті. Әсіресе, өзге ұлт аруларының ақын Нұралы Әжіғалиевтың «Атырау» өлеңінен үзінді оқуы  көптің көңілінен шықты. Ұлттық тағам бөлімінде бойжеткендердің дайындаған асына тек әділқазылар алқасы ғана емес, жиналған көрермендер де баға берді.

Байқау қорытындысымен «Ассамблея аруы» атағын Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжінің студенті Наталья Михайлова жеңіп алды. Оған 50 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Ал, барлық қатысушылар «Этнос стиль», «Білгір ару», «Шығармашыл ару», «Әсем ару», «Көрермен көзайымы», «Нәзік  ару», «Сүйкімді ару» сынды номинацияларға ие болып, естелік сыйлықтармен марапатталды.

Абай АБЫЛАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз