Арман арқалаған ұландар студент мәртебесіне ие болды

222222 1 Білім

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Жайық» спорт кешенінде «Студенттер қатарына қабылдау – 2016» салтанатты шарасы өтті. Мерекелік жиынға оқу орнының барлық бірінші курс студенттері қатысты.

222222

Биыл білім ордасына алғаш болып екі мыңнан аса студент қабылданды. Басты жаңалық, әскери кафедра ашылып, оған жүз студент қадам басты. Жиынға қатысушыларды университет ректорының міндетін атқарушы, химия ғылымдарының докторы, профессор Абзал Талтенов құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Бүгінде Мемлекет басшысының сарабдал саясатының нәтижесінде елімізде ең сапалы, қолжетімді білім алу үшін бар жағдай жасалған. Соның айғағындай, біздің университетті ерекше атауға болады. Студенттер ылғи қоғамдық-саяси, мәдени, спорттық шаралардың бел ортасында жүреді. Сіздер де терең білім алып, Қазақстанның дамуына зор үлес қосады деп сенемін, – деді ол.

dsc_0079

Қиялдарын қанаттарына байлап, армандарын арқалап келген жас ұландарға студенттік билет табыс етілді. Оны қабыл алған болашақ мамандар білім ордасының атына еш дақ түсірмей, ел патриоты болатындықтарын айтып, ант берді.

Жиында кеш қонақтары, университеттің 1988 жылғы түлегі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов, оқу орнының 1992 жылғы түлегі, Қазақстанға еңбек сіңірген спортшы, КСРО-ның бес дүркін, Қазақстанның жеті дүркін чемпионы Болат Теміров барша студенттер қауымын айтулы мерекелерімен құттықтап, жас буындарға сәттілік тіледі.

       Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз