АРДАГЕРЛЕРДІ НЕ ТОЛҒАНДЫРАДЫ?

Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның қатысуымен өткен облыстық ардагерлер кеңесінің VII пленумында келелі мәселелер айтылып, шешімді ұсыныстар ортаға салынды.

 

Басқосуда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов бастауыш ардагерлер ұйымдарындағы есеп беру-сайлау науқанының барысы және қала, аудандық конференцияларға дайындық шаралары туралы баяндады.

– Облыстағы 238 бастауыш ардагерлер ұйымдарының 205-інде есеп беру-сайлау жиналыстары өткізілді. Айта кету керек, олардың біразы ауылдық округтер жанындағы және басқа да ірі ұйымдарды қамтыды. Бұл жиындарда аға ұрпақ өкілдері, негізінен, аудан, ауыл көлеміндегі шешілмей тұрған кейбір проблемаларды өрбіткен, – деді облыстың ардагерлер кеңесінің басшысы.

Сондай-ақ, пленумда ардагерлерге берілетін сауықтыру жолдамаларына қатысты мәселе қозғады.

– Заң бойынша жолдамалар Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектерге ғана тиесілі. Жолдаманы пайдалана алатын топтардың түрін кеңейту мәселесін ресми жиындарда талай мәрте айтып жүрміз. Алайда, әзірге шешімін таппағандықтан, денсаулығына өте қажет болып тұрса да, мүгедектігі болмағандықтан және соғысқа қатыспағандықтан, елімізге елеулі еңбек сіңірген кейбір ардагерлерімізге тегін жолдама берілмей жүр, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің басшысы.

Бұл орайда облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер басқармасының басшысы Клара Мұқашкереева 2013 жылы облысқа 668 жолдама алынғандығы, соның 315-і қаладағы «Атырау» шипажайына берілгендігін айтты. Кейін облыс басшысы бөлінетін қаражатты бірнеше есе көбейтіп, өткен жылы 128 миллион теңге бөлінген. Ал, биыл бұл сомма 102 миллион теңгені құрап, 1200 жолдама алынды. Алайда, «Ақ жайық» және  «Атырау» шипажайлары тендерге ілікпей қалған.

Ал, облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Мейірім Қалауи жастарды тәрбиелеу бағытында басқармамен тығыз байланыс жасап жүрген Орынғали Қарасаевқа, Мәдина Ғабдісәлімоваға, Орынбасар Мұхтаровқа және Бақтыбек Таубаевқа «Алғыс хат» табыс етті. Жастар арасында креативті тәрбие тәсілін пайдаланғаны үшін Мәдина Ғабдісәлімованы «Әлеуметтік желідегі ардагер» аталымымен марапаттады.

Пленумда сөз алған облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан ардагерлерге өзіміздің шипажайымызға жолдама берген дұрыс болатындығын айтты.

– Екінші мәселе, ардагерлерге тегін жолдамалар екі жағдайда берілетіндігі жөнінде ұстаным бар екені белгілі. Облыста қазір 65 Ұлы Отан соғысы ардагері ғана қалыпты. Олардың көпшілігі үйден шыға алмайтыны да шындық. Сондықтан, осы мәселені біз ойластыруымыз керек, – деді. Облыс әкімінің орынбасары тыл еңбеккерлері деген мәртебені бір деңгейге түсіру керектігін ескертіп, Атырау – Астрахан темір жолының «табанын» салған ата-әжелеріміздің еңбегін ескеріп, ескерткіш қою жөнінде қала әкіміне ұсыныс беруді тапсырды. Келесі жылы бұл игілікті істі де қолға алу жоспарда бар екендігін жеткізді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз