Аида Балаева атыраулық дін саласы мамандарымен кездесті (+ФОТО)

img 20210105 wa0253 Жаңалықтар

Бүгін Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Атырау облысына іссапармен келді.

Облыстық дін істері басқармасының Ақпараттық талдау орталығында болып, имамдармен кездесті.  Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова, облыстық дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев пен  Ақпараттық талдау орталығының басшысы Рүстем Сейітқалиев және имамдар қатысты.

Жиында бүгінде дін саласында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.

Атырау облыстық «Иманғали» мешітінің бас имамы Алтынбек Ұтысханұлының айтуынша, алдағы 5-7 жылда облыста  25 мешіт салу жоспарлануда. Оның төртеуі Атырау қаласында бой көтереді. Қалған мешіттер құлшылық үйі жоқ ауылдарда салынады.

Қазіргі таңда мешіттердің нақты салынатын орындары бекітілді.

Бұдан басқа,  облыста қарилар дайындау орталығын және медресе салу жоспарланды.

Облыстағы дін саласының бүгінгі тынысымен танысқан Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева пандемия жағдайында  халықтың рухын көтеріп, сақтық шараларына бейжай қарамай, біртұтас ұлт екенімізді дәлелдей түскені үшін облыс имамдарының жұмысы зор екенін басым айтты.

– Қашанда басты құндылық – адамның өмірі. Сондықтан, қай кезеңде де адамның саулығын сақтау маңызды. Осы тұрғыда мешіттерде жұма намазына әзірге рұқсат жоқ. Бұл біздің құндылықтардан алыстағанымыз емес, халықты қауіпті індеттен қорғаудың жолы екенін ұғыну керек,- деді Аида Ғалымқызы.

Сондай-ақ, министр өз сөзінде бүгінде дін саласының қызметкерлеріне дәстүр мен ғұрыпты кеңінен дәріптеу  маңызды екенін басым айтты.

«Қазір дін саласында танымдық дүниелер аз. Руханиятты дамыту үшін кітаптарды саралап, жетілдіріп, қайта жасақтау керек. Қоғамға пайдалы танымдық дүниелерді көбірек ұсыну керек. Әсіресе, жас ата-аналар мен балалар үшін танымдық бағыттағы дүниелерді кеңінен ұйымдастыру керек. Кітап етіп жазылса, оның заманға сай форматтарын да ойластырған жөн, әрі қолжетімді болуы маңызды. Теологтарды тәрбиелеп, оқытып шығару керек. Қайткен күнде де қоғамда діни сауатсыздыққа бой алдырмаудың жолын табу маңызды» деді А.Балаева.

Алтыншаш Құрмашева

Суретті түсірген: Ерлан Алтыбаев

img 20210105 wa0251
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз