orrshrg

Ән әлеміндегі Әдемі

Жаңалықтар Мәдениет Қоғам

Atr.kz/12 қараша, 2019 жыл. Өмірде адамдардың бір нәрсені өлердей жақсы көруінен, ынтығып ұнатуы немесе жан-тәнімен ғашық болу сезімінен әнмузыкада, поэзияда, суретте, өнердің қандайма саласында болмасын, небір ғажайып қайталанбас туындылардың дүниеге келіп, халықтық, әлемдік биікке көтеріліп, шартарапқа тарап жататынын тарихтан білеміз.

Халық арасына кең тараған осындай туындылардың бірі – сөзі Бәкір Тәжібаевтің, әні Ескендір Хасанғалиевтің «Бұлбұл құс туған жерден гүл іздейді» – деп басталатын «Әдемі-ау» әні. Әңгіме, осы әнді құрап тұрған өлең сөздерінің кездейсоқтықтан туындамағандығы, адамның рухани құдірет күшін әлдилейтін өзіндік шынайылығы, шығу тарихының бар екендігінде…

Осы өлеңдегі басты кейіпкер – елге өнерімен танылған, Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының актрисасы, Қарақалпақ АССР-нің Халық әртісі, сахна шебері, мәдениет қайраткері, бұл күнде мерейлі 80 жасқа шығып, парасат биігіне көтерілген, театрдың анасы деген құрметті атты иеленген – Сисекенова Әдемі Ділханқызы, кәдімгі өзіміздің Әдемі апамыз.

Бұл әңгімені естіп білгеннен кейін де, бірнеше рет Атырауда концерт өтіп, Е.Хасанғалиевтің өзі осы әнді сахнада шырқағаны, әнді айтарының алдында халыққа бұл әнді Дарико жеңгемізге арнап жазғанын айтқаны бар. Әрине, елге белгілі Халық әртісі, композитор Ескендір ағамыздың әнді жеңгемізге арнап шығарғаны сөзсіз, оған еш талас жоқ.

Бірақ, өлеңнің сөзін көрнекі ақын Бәкір ағамыздың шынайы жүрегімен Әдемі апамызға арнап жазғаны туралы білетін адамдардың айта жүргендері де дұрыс-ау дейсің. Бұны білгеннен өнердегі бірнеше тұлғалардың басын біріктірген тарихы бар әннің мәртебесі өспесе, еш аласармасы анық. Ендігі кезекте өмірі өнермен өрнектелген «Әдемі-ау» әнінің кейіпкерінің өміржолына, әннің шығу тарихына, апамызбен болған сұхбаттан қысқаша әңгіме өрбітейін.

1939 жылы дүниеге келген Әдемі апамыз анасынан төрт жасында айырылып, балалық шағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі елдегі сұрапыл қиын-қыстау жылдарға тап келіп, бастапқыда әкесінің апасының қолында тәрбиеленеді.

Үнемі далада жүретін балықшы әкесіне қолғабыс етіп, жеті-сегіз жасында Жайық жағалап шалашта да тұрған кезі болыпты. Қаршадайынан балық ашып, бидай орып, тары түйіп бір кісідей тағдырдың тауқыметімен, ауыр еңбекке араласып есейіпті.

Әкесі үйленіп, өгей шешесінен де біраз теперіш көрген екен. Өгей анасы да көп ұзамай ауырып дүниеден озады да, әкесі үшінші рет отбасын құрып, содан жанұялары жапырақ жайып, артынан бауырлары өсіп жетіледі. Еңбек ерте есейткен Әдемі апамыз әкесінің жолын қуып еңбек жолын балық-консерві зауытынан бастайды, сол қызметімен тәжірибе алмасу мақсатында Қарақалпақ АССР-іне жолдама алады. Жастайынан көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысады, әнге құмар болып өседі.

1961 жылы Алматыда өткен ән фестивалінен бірінші орын иеленіп келеді. Сөйтіп, Қарақалпақстанда да ән айтуды жалғастырады. Түрлі фестиваль, байқауларға қатыса жүріп, кейін Нүкіс қаласының ән-би ансамбліне әрі әнші, әрі биші болып жұмысқа ауысады. Содан балық-консерві заводындағы жұмысын біржола тастап, өнер жолына түбегейлі бет бұрады. Ел алдына шығып өнер көрсетудегі тынымсыз еңбегінің, ән айтудағы табиғат берген талантының арқасында 1965 жылы «За трудовое отличие», 1968 жылы Қарақалпақ АССР-інің Халық әртісі деген атақтарға ие болады.

1969-70 жылдары Ақтөбе, Орал қалаларында, 1971 жылы туған жері Гурьевке гастрольдік сапармен келіп, концерттер қояды. Сол келгенінде облыстық атқару комитетінің хатшыларының көзіне түсіп, олардан: «жерлесіміз шетте, далада неге жүр, елге алдырыңдар!» деген қолдау естіп, елге шақырту алады.

Бастапқыда апамыз біраз ойланып жүріпті, өйткені, Қарақалпақстанда да ол кісіге жақсы жағдай жасалып, атақ-дәрежесін беріп, пәтермен де қамтамасыз етіп қойған екен. Бұны естіген сол кездегі Гурьев қалалық атқару комитетінің хатшысы пәтер беріп, жұмысқа орналастыру жөнінде мәдениет басшыларына тікелей тапсырып, әнші қыздың туған жерде қалуына толық жағдай жасатыпты. Апамыз бастапқыда филармонияға әнші болып орналасады, кейін бір жылдан кейін театрға қабылданады.

Театрға барған алғашқы жылдары Қуат Төлековтің сахналауында Қасым Аманжоловтың «Досымның үйленуінде» Насиханы, Мұстай Кәрімнің «Ай тұтылған түн» драмасында Шафақты сомдайды. Осы қойылым жөнінде 2016 жылы Ә.Бөпежанованың құрастыруымен жарық көрген хронологиялық «Атырау облыстық драма театры» кітабының 54-ші бетінде журналист Б.Дінәсылов мынандай пікір жазыпты:

«Қойылымда көзге ерекше түскен тағы бір актерлік ойын – Шафақ рөліндегі Әдемі Ділханқызының ойыны. …Әдемі десе әдемі-ақ екен. Пьесадағы Шафаққа сайма-сай. Дауыс дикциясы мен әдемі қимыл-қозғалысы да көрерменді өзіне тартады. Күйеуі қайтыс болғанын естігендегі іс-әрекеті мен психологиялық ахуалы нағыз шеберлікті танытты…»

1 9 7 5 ж ы л ы « Ұ л ы Жеңістің 30 жылдығы» қарсаңында Қ. Доғалақовтың р е ж и с с е р л і г і м е н Б.Тәжібаевтың «Ана жүрегі» қойылымы сахналанып, онда Әдемі Ділханқызы Гүлжан мұғалімді сомдайды. Сол жылдары Гурьев театрымен шығармашылық тығыз қатынас орнатып, театр туралы бірнеше мақала жазып жүрген шығарма авторы ақын-драматург Бәкір Тәжібаев қойылымның сахналануында да өзі болыпты.

Міне, Бәкір ағамыздың Әдемі апаға деген сезімі осы қойылым барысында оянса керек және ашық бүкпесіз елге тарап, әнге айналатындай ұнамды, жүрек кілтін ағытар шынайылығымен де өлең таза махаббаттан туындағанын көрсетеді. Көп кешікпей әнге айналғанда да көпшіліктің жүрегін лезде жаулап алуы да сондықтан болса керек.

Темірбек МҰХТАРОВ,

Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театрының бас суретшісі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған