Алыстан арбалағанша…

whatsapp image 2021 06 05 at 01.02.22 Жаңалықтар

Шекара шебіндегі шалғай ауылдың қыруар проблемасының бірі – қыр астындағы елді мекенге қысқа жолмен жету. Жолдың қиындығын көріп-ақ келе жатқан ауыл тұрғындары үшін аудан орталығынан гөрі, қол созымдағы Ресейдің селосы анағұрлым жақын. Алайда, тура жолмен көлік өте алмаған жергілікті жұрт 300 шақырым жердегі ше- кара бекетіне сабылуға мәжбүр. Әңгіме – Құрманғазы ауданының Балқұдық ауылы мен Ресейдің Қарабайлы өлкесіне барыс-келіс қатынасы турасында. Біз бұл жөнінде газетте бірнеше мәрте мәселе көтеріп, «Өз жеріндегі өгейлер» тақырыбындағы мақалада (No84.20.X.20) кеңірек таратқан едік. 

Атырау қаласынан 600 шақырым жердегі құмды өңірді жайлайтын жұрт басы ауырып, балтыры сыздаса да алдымен қарабайлылық ақ желеңділерге жүгінуге мəжбүр екені жасырын емес. Өйткені, аудан орталығы шалғай əрі жол сапасы сау адамның діңкесін құртатыны тағы бар. 

Бұл мəселе Парламент Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаевтың Атырау облысына сапары кезінде тұрғындар тарапынан жиі көтерілген-ді. Осыған қатысты жолданған депутат сауалына таяуда құзырлы мекеме ресми жауап жолдапты. Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне «Құрманғазы ауданының Балқұдық елді мекені арқылы Қарабайлы ауданына қатынайтын автоөткел салуға байланысты екі ел арасындағы келіссөздердің нəтижесі іс түйінін шеше ала ма?» деген сауалға берілген жауаппен таныстық. Көлік жəне жолаушылар тасымалы көлемінің артуына байланысты аталған мəселені оңтайлы шешу шекаралық облыстар үшін экономикалық жағынан да, əлеуметтік тұрғыдан да тиімді. 

Бұдан екі жыл бұрын, 2019 жылғы қарашада XVI Қазақстан- Ресей аймақаралық ынтымақтастық Форумының аясында Қазақстан Республикасының Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов пен Ресей Федерациясының Транспорт министрі Е.Дитрих екі елдің мемлекеттік шекараларындағы өткізу бекеттерінің қызметіне қатысты бірлесе əрекет ету Бағдарламасына қол қойған еді. Бағдарлама 2020-2025 жылдарға арналған Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерін дамыту жөніндегі Жол картасына қол қоюды, сондай-ақ шекарадағы 5 оңайлатылған өткізу пункттерінің мəртебесін өзгерту қажеттігін зерттеуді көздейді. Қазақстандық тарап Астрахан аймағындағы Қарабайлы оңайлатылған өткізу пунктінің мəртебесін екі жақты деңгейге дейін көтеруді ұсынады. Жергілікті халықтың сұрайтыны да сол. Қазір бұл бекет пандемиялық шектеулерге байланысты жабық тұр. Бұрынғыдай жеке адам мен жеңіл көлік те өтпейді. 

Шынында, Қарабайлыға өтетін шекаралық бекеттің жұмыс режимі жеңілдетілгенмен, ол арқылы қатынаудың қиындығын жергілікті халық жақсы біледі. Яғни, ауыл тұрғындары шекараның арғы бетіне шаруасымен шығу үшін жергілікті əкімдіктен арнайы анықтама алады, оның мерзімі – тек 3 күнге ғана. Ал, 21.00 сағаттан сəл кешіккен жан шекара бекетінде қалып, келесі таңда сағат тілінің 8-ді көрсетуін күтуге мəжбүр. Себебі, Заң солай. 

Ол жерден жүк тасуға, тіпті үлкен көлікпен өтуге де тыйым салынған. Тұрмыс түйткілдері үшін кəкір-шүкір дүниесін алу үшін көз ұшындағы Қарабайлы арман ғана. Шын керексінсеңіз, алыстағы Құрманғазы ауылына ат сабылтасыз немесе жүздеген шақырымдық Котяев бекетіне қарай бүлкілдей беруіңізге болады. 

Жоғарыда аталған Жол картасының жобасы жасақталып, екі елдің құзырлы тараптарымен келісілген соң, 2019 жылдың соңында Қазақстан Республикасы Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары қол қойған құжат Ресейдің Транспорт министрлігіне жолданған. Бірақ тым- тырыс. Былтырғы маусымда Қазақстан тарапының бейнеконференциялық режимде мəселені талдау туралы ұсынысына да тіл қатқан жан жоқ. Амалсыздан Жол картасын тезірек бекіту қажеттігі туралы Қазақстан тарапы қайтадан хат жолдапты. 

Əрине, еліміздің Сыртқы істер министрлігі аталған мəселені ұдайы назарында ұстап, жоғары деңгейдегі келіссөздер жүргізуге мүдделілік танытып отыр. Соның нəтижесі шығар, былтыр жылдың соңында өткен Үкіметаралық комиссия мəжілісінде екі елдің шекаралық өткізу пункттерінің жұмысына қатысты Жол картасына қол қою туралы да сөз болыпты. Мəселе қорытынды хаттамаға енгізіліп, ресейлік тарап Жол картасына қол қою процесі 2021 жылы толықтай аяқталатынына тоқтам жасапты. Əзірге қол қойылмаса да, үміт үзілген жоқ. 

Сенатор Ғ.Дүйсембаевтың көтерген мəселесі аса өзекті. Шалғай ауылдың мұңы мұнымен түбегейлі шешілмесе де, өзекті проблемаға қос тарапқа да оңтайлы тұжырым жасалуы тұрғындар үшін аса қолайлы болары хақ. Мемлекеттік маңызы бар мəселенің алыстағы азғырлықтардың қарапайым тұрмысын жеңілдетері сөзсіз. Болмашы шаруа үшін жол азабын шеккенше, көрініп тұрған Қарабайлыға емін-еркін қатынау – ауыл тұрғындарының арманы. 

***
Парламент Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев Астрахандағы Консулдық ғимаратының автобус тасымалы қатынамайтын қалтарыста тұрғанына да алаңдаушылық танытып, сауал жолдаған-ды. Республика Сыртқы істер министрлігі жолдаған жауапта Қазақстан Республикасының Астрахан қаласындағы Бас консулдығының жаңа мекен-жайға маусым айының аяғына дейін көшірілетіні айтылған. Жаңа ғимарат орталық стадионға жақын, автокөлік жəне теміржол вокзалдарынан келушілерге қолайлы, қазақстандық студенттер оқитын жоғары оқу орындарының маңында орналасқан. 

Гүлжан ƏМІРОВА 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз