Алыстағы асандықтардың жайын ауыл әкімі айтып берді

9d6bf48c 4aeb 49f0 aa89 6c0e10b2ebde Жаңалықтар

Шалғай ауылдарда өзге өңірлерге қарағанда мәселе көп болады. Сондықтан, жолы алыс, орталықтан жырақ жатқан ауылдың тұрмысы ілгері, тірлігі мығым болуы ауыл әкіміне тікелей байланысты. Алыстағы Азғыр өңірінің кірер қақпасы – Асан ауылдық округінде де атқарылған алуан іс, межелі міндеттер жетерлік. Сол істердің басы-қасында ауыл әкімі Гүлім Қабдыражитова (суретте) жүр.

Округ аумағындағы Асан мен Үштаған ауылдарында мыңнан астам адам тұрады. Негізінен төрт түлік өсіріп күнкөріс қылады. Интернет, ұялы байланыс дегендер бұл өңірге кешеуілдеп жетті. Соның да кесірі болар, кейінгі буын қа лаға кетуге құмар. Үшт ағандағы 700, Асандағы 500-ден астам тұрғынның көбі – егде жастағылар. 2007 жылы әкімшілік аумақ құрылғанда округ әкімі аппаратының бас маманы болып жұмысқа орналасқан Гүлім Жамеледенқызы мемлекеттік қызмет саласында шыңдалып, мол тәжірибе жинақтады. 2013 жылы ауылдастарының қолдауы арқасында әкім болып сайланды.

– Бұл қызметке кірісуіме отбасымның мені демеуі себепші. Ұсыныс айтылған сәтте ең алдымен қабырғаммен кеңестім, отбасыма айттым. Отағасы қарсылық танытпастан, «жасап жүрген жұмысың емес пе, қолыңнан келеді» деді. Сол сөз зор сенім жүктеп, тәуекел еттім. Ауылдастарыммен бірле се жұмыс жасап келеміз, – дейді ол жылы жымиып.

«Ауылдастың аты озсын» деген қазақ емес пе, округ тұрғындары да бірнеше жыл бұрын екі тізгін, бір шылбырды Гүлім Қабдыражитова қолға алғанда кәдімгідей қуанып қалды. Өзі осы өңірдің тумасы болған соң «әкіммін» деп шіренбей, мансабы мен келіндік міндетін тең қоятын ол ауылдастарының ақ батасын алып жүр.

– Әкім болып алғаш сайланған кезім. Мереке қарсаңында ауылдағы тыл еңбеккерлері, атаәжелеріміздің үйін аралап жүргенмін. Әжейге мені таныстырған отбасы мүшелері: «Сізге әкім келіп тұр. Мерекемен құттықтайды» десе, маған бір қарады да, әжей «әкім болса, неғылайын» деген сыңай танытты. Сөзден тосылып қалдық. Дереу үйіндегі адамдар: «Әже, бұл өзіміздің ауылдың адамы ғой, ана әулеттің келіні» деп таныстырып еді, әже «жібіп» сала берді. «Өзіміздің бала екенсің ғой» деп, батасын бергені есімде, – дейді Гүлім Қабдыражитова қызметтегі қызықты сәттерді еске түсіріп.

Ауылдан 50 шақырым жерде Ресейдің жабық әскери полигоны бар. Кез-келген көмек түрі қажет болғанда қолдау білдіріп келеді. Бірде арнайы техника қажет болып, әкім әскери бөлімге барады. «Жергілікті әкімшілік басшысы келіп тұр» дегенде командир «қабылдамаймын» деп кері қайтарады

Арада бірер күн өткенде, ауыл ақсақалдарының бірі үйге арнайы келіп, «Түсініспеушілік туындапты. Командир сенімен сөйлескісі келеді» деп бөлімге алып барған. Орнынан атып тұрған командир қолымды алып, жұмысыма сәттілік тіледі.

– Кешірім өтінемін. Қазақстанда әйел адамның әкім болғанын естімесем керек, сізді «самозванка» деп ойладым, – деп иіліп-бүгіледі. Гүлім Жамеледенқызы қызығы мен қиындығы қатар өрілген қызметіне қатысты осындай жайтты да еске түсіріп, күліп алды.

Әрине, әр ауылда өзіндік түйінді мәселе бар. Асан да одан ада емес. Құм басу қаупі жоғары, интернет нашар, пошта жұмысы ақсап тұр. Жуырда ұялы байланыс желісі түбегейлі шешіліпті. Сөйтсе де, ғаламторға кіру қиын. Қалтасы көтергендер ресейлік байланыс жүйесіне қосылып, құны қымбат болса да жоғары жылдамдықты интернетті тұтынып отыр. Ал, қазақстандық байланыс жүйесі арқылы отандық порталдарға кіру қиын.

Бірақ мәселе таяуда шешімін табатынына әкім сенімді. 64 метрлік арнайы бағана тұрғызу арқылы интернет сапасын жақсарту үшін тиісті құжаттарды жасақтауға сұраныс түсіпті. Құм басу қаупіндегі Үштаған ауылының тұрмыс-тіршілігімен облыс басшысының өзі арнайы келіп танысты. Нақты тапсырмасына сәйкес жұмыстар қолға алынған. Бірнеше сатыдан тұратын ауқымды жұмыстар аясында 10 гектар жерге сексеуіл егу жоспарланыпты. Тиісті шешім шығарылып, жер актісі дайындалуда. Бұл өңірдің халқын алаңдатқан тағы бір мәселе – пошта жұмысы.

Биылғы 1 ақпаннан бастап, «қызметкер ұстап, жалақы төлеу өзінөзі ақтамайтын тәсіл» болғандықтан, штат жабылыпты. Енді кез-келген төлем түрін пошта арқылы жасайтын ауыл тұрғындары үшін аяқ астынан күрделі проблема туындады. Аптасына бір-екі рет келетін, 4-5 сағаттық қана жұмыс кестесі бар жылжымалы поштаның қызметі ауыл халқының көңілінен шықпай тұр. Азғырлықтар үшін Атыраудан Астрахан жақын.

Бірақ Ресейге кірер қақпа саналатын Қарабайлыдағы өткізу пункті қашықтау болғандықт ан, Ас ан тұрғындары қатты сырқаттанса 180 шақырымдағы аудан орталығына келеді. Ал, басы ауырып, балтыры сыздағандар Үштағандағы амбулатория мен Асандағы дәрігерлік пунктке қаралады. Мектептің бір бөлмесінде отырған дәрігерлік пункт те таяуда жаңа ғимаратқа көшеді деп жоспарланған. Болашақ аналар жайына алаңдағанымыз да негізсіз емес екен. Ауылдағы айы-күні жақындаған аналар мен олардың құрсақтағы сәбиінің саулығы үшін Құрманғазыдағы ауруханаға баруы жөнінде күні бұрын айтылып, бұл іске әкім де араласады екен.

– Өзім де анамын. Балаларын, отбасын тастап, ұзақ уақыт бойы біреудің үйін паналау айтуға да қиын. Алайда, ең маңыздысы – ана мен бала денсаулығы. Сондықтан, үгітнасихат жұмыстарын жүргіземіз, – дейді Гүлім Жамеледенқызы.

Санитарлық талап нормаларын сақтай отырып, ауылдық округтегі екі мектепте де офлайн оқу форматы қабылданған. 2006 ж ы л ы п а й д а л а н у ғ а б е р і л г е н қ о с б і л і м ордасы т а лапты да т а лантты шәкірттер тәрбиелеп келеді.

fab004a9 5b8f 4dfd 83dd 583fe5fe4a36

ӘКІМ. ӘЙЕЛ. АНА!

Гүлім Жамеледенқызы осы санатта. Мемлекеттік қызметтегі абыройлы жұмысына қоса, үй тірлігі де мойнында. «Үш перзентім – байлығым» деген мейірбан ана – үлкен әулеттің келіні. Өзі де келін түсірер шаққа таяғанын меңзеп, «Қолыңыз ұзарған кезде не істеріңізді білмей тосылып қалатын боларсыз» дейміз күліп. «Келін түссе, үй тірлігін тапсырып, мал шаруалап, сауатын сиыр санын көбейтемін» дейді ол. Отағасы Нұржан Таңатаровпен бірге шаруа қожалығын дамытып, мал басын молайтуды көздеп отырса керек. – Әкімнің жұмыс күні қалай басталады?» дейміз біз.

– Алдымен, отағасы мен балаларымның таңғы асын дайындап, сиыр саууға барамын. Сосын жұмысқа келемін… – деген Гүлім Жамеледенқызы алдағы жоспарларымен де бөлісті.

Сайлау туралы заңдылыққа сәйкес, мерзім биыл аяқталады. Әкім Гүлім тағы да бақ сынап көріп, халық үніне құлақ қойғанды жөн санайды.

– Ауылдастарымның алдында айтқан уәде, міндеттерім көп-ақ! – дейді ол…

Гүлжан ӘМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз