"ATYRAÝ"-ға 100 жыл!ЖаңалықтарҚоғам

Әбуғали ҒАБДУЛЛИН туралы не білеміз?

Аtr.kz/26 мамыр, 2020 жыл. Жалпы қазақ журна­листикасында өзіндік қалам қарымын танытқан, тәлімгер ұстаз атанған Әбуғали Ғабдуллиннің біз де алдын көріп, тағылымын алған едік. Сонда есімізде мықтап сақталып қалғаны – Әбекеңнің аса еңбекқорлығы.

Қашан көрсек те, қағаз-қаламы қолында, үстелге шұқынып отырғанына куә болатынбыз. «Жур­налист жазудан бір сәтке де қол үзбеуі тиіс. Қалам қаңтарылса, ой тоқырап қалады, содан соң айтарың пышырап, қалпыңа келуің қиын» деп қайталап отыраты­нын да ұмытқанымыз жоқ.

 …Әбуғали ағамен өткен ғасырдың 80-ші жылдарының соңында «Коммунистік еңбек» (қазіргі «Аты­рау») газетінің редакциясында бір бөлмеде отырып, қызмет еткен едік. Бұл – оның зейнет демалысына шыққаннан кейін редакцияда ау­дармашы қызметін атқарып жүрген кезі. Сол шақта да Әбуғали аға негізгі жұмысынан сәл қолы босаса- ақ өзінің жеке шығармашылығына кірісіп, бір сәт бос отырмайтын. Оның, басқасын былай қойғанда, Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған очерктерінің кейіпкерлері хақында мен сол жылдарда өз аузы­нан қызықты әңгімелер естіп едім. Өзі ерлік істерін шежірелеген май­дангерлер мен тыл еңбеккерлерін қашан, қалай кездестіргенін, қалай жата-жастана әңгімелескенін май­ын тамыза әңгімелейтін. Арасында үнемі қолынан та­стамайтын үлкен қара сөмкесінен уақыт табы­нан сарғайған газет қиындылары мен фотосуреттерді көрсетіп, айтқанын әбден пысықтайтын.

Міне, бұдан қырық жылдай бұрын өзім Әбуғали ағаның өз аузынан естіген сол тартымды әңгімелер бас-аяғы жұп-жұмыр очерктерге айналып, «Пірім де­мей, кім дейін…» деген жалпы атпен жеке кітап болып жарыққа ш ы қ т ы . Ж и н а қ т ы б а с п а ғ а дайындағандар – ардагер ұстаз Зүлипа Ғабдолла келіні және был­тыр дүниеден озған ардагер журна­лист Жаңбырбай Сұлтанғалиұлы. Атап айту керек, бұл кітап бүкіл ғұмырын журналистика саласына арнаған кемел қаламгер Әбуғали Ғабдуллиннің артында қалған шығармашылық мұрасының тағы бір бөлігін оқырманмен қайта қауыштыруымен құнды. Яғни, кітапты құрастырушылардың бұл орайда елеулі еңбек сіңіргені көрініп-ақ тұр.

 Жинаққа атауы берілген «Пірім демей, кім дейін» деген очеркінде автор көркем де кестелі тілмен соғыс жылдарының тауқыметін қаз- қалпында айнытпай суреттеп берген.  Оқып көрелік: «…Сталинградтағы кескілескен шайқастың дүбірі біздің қырдағы ауылға естіліп жатты. Ертеңгі тымықта батыс жақ дүрілдеп тұратын, кейде шай­дай ашық аспан қақ айрылғандай болып шатырлап қоя беретін. Жер бауырлай ұшқан самолеттер төбенің астынан шыға келетін де, төбеңнен зулап өте шығатын. Тіпті, бірін-бірі қуалап, атысқан самолеттерді көргендер де бар- тын. Гурьев үстінен неміс самолеті ұшыпты, бомбы тастапты, құдай оңдағанда, ұйыма сорға түсіп жа­рылмай қалыпты. Қарғыс таңбалы самолеттер теңіздегі балықшылар үстінен ұшыпты…». Осылай бір деммен оқылып, көз алдыңнан кинолентадай сырғып өтетін сұрапыл күндер картинасы одан әрі «Правда» колхозының қым- қуыт тіршілігімен астасып жүре береді. Кейіпкерлерінің ішкі ой- толғанысы, сезім бұлқынысы моно­логтар арқылы да, диалогтар арқылы да әдемі өріледі. Журналистік шеберлік деген осы!

 Көркем очерктің түйінінің өзі қандай шымыр, шиыршық атып тұр: «…Иә, ағаларым сондай жандар еді. Майданнан ақсақ-тоқсақ болып, кем- кетік болып оралғандары «мен жауды жапырдым, аяғымды бердім, қолымнан айрылдым, қанымды төктім» деп кеу­де соғып жатпайтын. Солардың бірде- бірінің жүйкем босады деп әлдекімге дауыс көтергенін де көрген емен. Жаралы майдангерді жарылқаймын деп күнде жарлық беріп жатқан әкім- қараның шешіміне де құлақ салмай­тын. Бұл күнде қатары азайып болды. Ешкімге алақан жайып жалбарынбай, еңкейіп құлдық ұрмай, шоқаңдай сылти басып өмірден өтіп жатыр. Апа-жеңгелерімді айтсайшы… Түзде азамат, үйде қамқор ана. Өкпесі өшіп, шаршап болдырғанша, мертігіп жығылғанша ата-ана деп, бай деп, бала деп сарпылумен күн кешкен Пірім! Иә, пірім демегенде, кім деймін бұл жандарды!». Міне, Әбуғали жур­налист ұрпағының бейбіт те, тыныш өмірі үшін өздерінің жастық шағын отты жылдардың өтеуіне берген қаhармандар хақындағы тағзымын осындай зор шығармашылық қуатпен тұжырымдаған.

Кітаптағы «Мәңгі тоңның жылы лебі», «Ешкім ұмытылған жоқ, ешнәрсе ұмытылмайды», «Тайсойғаннан Рейхстагқа дейін» атты очерктері де тартымды баяндалған сюжет­ке, сол арқылы шебер сомдалған образдарға толы. Бәрі де – өзіміздің атыраулықтар, бірқатарын күні ке­шеге дейін қатардағы қарапайым майдангер, тыл еңбеккері деп қана таныған болсаң, мына дүниелерді оқып шыққанда «апырау, күнде көріп жүрген сол бір қария тап осындай ба­тыр екен ғой» деп еріксіз сүйсінесіз.

 Ерлікті шынайы дәріптеп, патриоттық рухты асқақтататын қалам құдіреті дегеніміз осы. Оның үстіне бұл туындылардың қай-қайсысының да кейіпкерімен бірер мәрте жолығып немесе ол туралы аз-кем мағлұматты талшық етіп жазыла салмағаны, автордың жалықпай ізденіп, мұрағат қопарып, тың деректерді індетіп барып, ақ қағазға толғана төгілткені көрініп тұр.

Әбуғали Ғабдуллиннің бұрын да тарихи тақырыптағы «Саржала», «Шынияз», «Нарынға Бөкей бастап өтіп еді…» (Құмарғали Ғабдешевпен бірігіп жазған), Социалистік Еңбек Ері М.Нұрмұханов тура­лы «Атыраудың ақиығы», «Мұрат Мөңкеұлы» атты кітаптары жарық көргенінен көзқарақты оқырман жақсы хабардар. Мына жаңа жинақта соғыс тақырыбындағы жазбала­рымен қатар, оның өлке тарихы, ұрпақ тәрбиесі жайлы да мазмұнды мақалалары енгізіліпті. «Халықтық педагогика сәбиге обал мен сауап­ты танытудан басталады. «Жер қазба, ол жаман ырым», «Талды кеспе, шөпті жұлма – обалы бар», «Адамға жамандық келтірмейтін жәндіктерді өлтірме», «Итті тепкенің – ырысыңды тепкенің», «Ырысты ысырап жасама», «Малды ренжітпе!». Балаға сәби шағынан құлағына сіңіретін осындай ақыл сөздің арғы жағында табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғау жай­лы халық даналығы жатыр…» деп жазыпты Әбекең «Жақсыдан – шапағат, жаманнан – кесапат» деген мақаласында. Көргені мен түйгенін кейінгіге ұлағат ете айтып кеткен абзал ағаның мұндай өрелі ой-толғамдарын осы кітаптың өн бойынан молынан табасыз.

Иә, артына мол мұра қалдырған әмбебап журналист Әбуғали Ғабдуллин есімі – әркез ұрпақтар есінде. Біз де редакция табалдырығын аттаған жастарға ардагер туындыларын үлгі-өнеге етіп, тәлім алуға үндеп отырамыз. Өйткені, газетіміздің шежіресінен ойып орын алатын алдыңғы буынның әрбір өкіліне құрметпен тағзым ету – біздің қасиетті парызымыз.

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ

 Әбуғали Ғабдуллин облыстық «Атырау» газеті редакциясында 1949-1956 жылдары Ново­богат, Есбол, Бақсай аудандарындағы меншікті тілші, 1956-1977 жылдар аралығында ре­дакция аппаратында мәдениет, үгіт және насихат бөлімдерінің меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болып, отыз жылға жуық табан аудармай еңбек етті, зейнетке шыққан соң да қара шаңырақта аудармашы ретінде қызмет атқарды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button