Ақша қар жауған күн еді…

sleeplessnight Жаңалықтар

Тағы да түс көрген екен. «Әли! Әли!» деп айқайлаған өз даусынан өзі шошынып оянды. «Тағы да қарамады! Тағы да қарата алмадым» деп, іштей күбірлеген ақсақал кәрі жүзін жуып кеткен көз жасын бір сүртіп алды.

sleeplessnight

Содан соң ғана, айналасына қарады. Ондағысы «біреу-міреуді оятып алмадым ба?» деп, өзінше сақтанғаны еді. Абырой болғанда, айналасындағылар шырт ұйқыда жатыр екен. Таңертеңнен бері телефон құлағынан түспеген жас бала да түс көріп жатқандай. «Болмайды!» деп бұрқылдап, кері аунап жатып алды. Кереуеті дәл жанында орналасқан Мұңалбай қарт дыбыссыз жатыр. Арасында ауыр демалып қояды. «Бұл да ояу екен ғой …» деп ойлағаны мұң екен, аяғын сақтықпен басып, мейірбике келе қалды. «Атай, неге ұйықтамай отырсыз? Қан қысымыңыз дұрыс па?» деп, бәйек болып жатыр. «Бәрі дұрыс, айналайын» деп күбір еткен Әсет қарт әрі қарай жауап беруге тіптен құлықсыз еді. Төсегіне түзеле жатып, көзін жұмған болды. Бірақ, сол көрініс бәрібір көз алдына келді де тұрды. Иә, сол көрініс…

Бәрі бұлай аяқталады деп кім ойлаған? Әсет қарт кезіндегі төре тұқымының жалғыз тұяғы еді. Қолында билігі болып тұрған кезде әкесі мұны оқытты, тоқытты. Тіпті, Мәскеу асырып, ең әйдік оқу орнының күректей дипломын да алып берді. Елге келген кезде түкірігі жерге түспеген жас жігіт бірден кәсіпке ден қойды. Ісі оңға басып, тасы өрге домалаған кезде ару Алматының сылаң қаққан сұлуын шаңыраққа келін етіп түсірді. Назым жаман келін болмады. Ата-енесіне құрметін аямай, үлкендердің батасын алды. Тұтас әулеттің төбесіне көтерген келіні болды. Әсіресе, алыс-жақын ауылдан келген ағайындар міндетті түрде осы шаңыраққа түсетін.

Назымның күрең қызыл шайын жұбайы Әсет те үнемі сағынып отыратын. Жұмыстан үйге жеткенше асығатын Әсеттің көңілінде бара-бара бір кірбің пайда болды. Оған себеп, арада біраз жыл өтсе де Назымының құрсақ көтере  алмауы еді.

«Көркіне ақылы жарасқан, сымбаты сымдай тартылған Назымымның тал бойында бір міні жоқ қой» деп, өз-өзін жұбатуға тырысқанымен, ештеңе өнбеді.  «Қашанғы осылай томсырайып жүре бересіңдер? Ұрпақсыз қаласыңдар ғой! Ана кәсібіңді кім жалғастырады?» деген жақын-жуықтың сөздері де Әсетке ой салмай қоймады. Төрт жыл, алты жыл, енді міне, сегіз жыл өтті. Бірақ, «сәби сүйсек» деген ақ арман сағымға айналды. Өзін іштей жейтін Назым да Әсетінің көңіліне қарап, ешнәрсе дей алмайтын. Қанша дегенмен, әйел ғой. Көбіне іштей булығып, анда-санда көз жасына ерік беріп, жылап алатынды шығарды. Емшіден емшіні, дәрігерден дәрігер атаулыны қалдырмаған Назым «енді бәрі бітті» деген ойға өз-өзін көндіктіріп те қойған еді.

Бірақ, Әсет әлдеқашан бір байламға келген екен. Сонысын жұма күні келіншегіне айтты. Алғашында абдырап қалған Назым біраз уақыт үнсіз отырды. Сәлден соң ғана өз-өзін жинап алған Назым «онда, қазір барайық» деді. Келді.

Мұндағы өмір басқаша көрінді. Бала бар. Бірақ, күлкі байқалмайды. Баланың бейкүнә жүзі бар. Бірақ, нұры байқалмайды. Алып ғимараттың алпамсадай терезелері де жетіп артылады. Бірақ, сол терезелерден күннің көзі түспейді. Бір күңіреніс бар. Иә, қателескен жоқсыз. Бұл балалар үйі еді. Бөтен адамдарға тосырқай қараған балғындар бастапқыда бұлардың жанынан үн-түнсіз өтіп жатты. Ересектеулері «қайсымызды таңдар екен?» деп, өзара сыбырласып та жатыр. Ана балаға бір, мына балаға бір қарап, үн-түнсіз отырған Әсеттің әрекеті тауар таңдаған тұтынушыдай көрінді білем, Назым «бұл іске енді араласпағаның дұрыс» деп кесіп тастады.

Cол жағдайдан кейін Әсет ол жерге қайта барған емес. Арада айлар өтіп жатты. Назымға қарап, осы тақырыпта сұрақ қоюға талай оқталса да, бата алмаған Әсет бәріне қолын бір сілтеген еді. Ептеп сыра ұрттауға да бой үйрете бастады. Осындай сұрықсыз күндердің бірінде көлігін автотұраққа тастап, үйге қарай жаяу ілбіп келген Әсетті тосын сый қарсы алды. Кішкене шақалақты құшақтаған Назымы есік ашты. Кейін білді, сәбиден анасы перзентханада бас тартқан екен.

Сәби келгелі үйдегі өмір толықтай өзгерді. Баланың күлкісі бұларды Иран бағында тербегендей еді. Азан шақырып, есімін Әли қойды. Уақыт зымырап өте берді. Әли ер жетті. Үздік мектепте білім алып, шет елде оқыды. Елге келіп, әке кәсібін жалғастырды. Бірақ, Назымның ана жүрегі бәрібір байыз таппайтын. Сезген екен… Күндердің күнінде Әли өзінің асыранды ұл екенін білді. Сөйтті де, «анамды іздеймін» деп, бәрін тастап, үйден кетті. Оның күйігіне шыдай алмай, Назым көз жұмды. Әсетті уайым күнінен бұрын қартайтты. Самаладай жарқыраған зәулім үй қаңырап бос қалды.

Жүріп-тұруы қиындаған Әсет қарттар үйіне өзі барды. Күндіз-түні жегідей жеген ой жүрек жұмысын нашарлатты. Бірнеше рет операцияға да түсті. Бірақ, жағдайы оңалмады. Екі апта жансақтау бөлімінде жатты. Сол жерден бірер сағат бұрын ғана палатаға ауысқан Әсет қартты оятқан түсі де, сол Әлидің күйігі болатын. Бұл шақырады. Ұлы теріс қарап тұра береді. Қатты дауыстағанынан шошып оянған екен. Өзімен өзі арпалысып жатқан Әсеттің ойын «Жаңа жылыңызбен!» деп құттықтаған палатадағылардың дауысы бөлді. Барлығы мәре-сәре. Кешкісін үйге баратындарын айтып мәз. Әсет қарт үнсіз жата берді. Сөйтіп жатып, ұйықтап кетіпті.

Кенет, о ғажап! Әлиі мұны құшақтап жатыр екен… Оянғысы келмеді. Ондағы ойы – түсінде болса да ұлынан ажырамау. «Әке, неге үндемейсіз? Мені кешіріңізші! Үйге кетейікші!» деп тізерлей кеткен ұлының даусы саңқ етті. Ақсақал дереу бойын жинап алды. Түсі емес, өңі екен. Сол баяғы Әлиі жас балаша жылап, еңіреп тұр. Кешірім сұрай береді. «Ғажайыптар болады екен» деген Әсет қарт ұлын құшақтай берді. Он жыл үзілістен кейінгі кездесу еді бұл…

Далада жапалақтап қар жауып тұрды…

Баян Жанұзақова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Қазақ қызы

    Көзіңнкн еріксіз жас ағады екен бірақ ғажайыптар болады екен! Ғажайыпқа сенейікші!!!!

  2. Султан

    Рахмет! ҚАЗАҚ ҚЫЗЫНЫҢ! МАҚСАТЫМЫЗ ОҚЫРМАНДАРҒА ОЙ САЛУ.. .