ЯДРОЛЫҚ ЭНЕРГЕТИКАНЫ ДАМЫТУ – XXI ҒАСЫРДЫҢ ЕҢ МАҢЫЗДЫ МІНДЕТТЕРІНІҢ БІРІ

...Ядролық энергетиканы дамытудың келешегін ұмытпау керек. Әлемнің таяудағы даму келешегінде арзан атом энергиясына деген қажеттілік өсе түсетін болады. Қазақстан – уран өндіруде әлемдік көшбасшы. Біз АЭС отыны үшін төл өндірісімізді дамытып, атом стансасын салуға тиіспіз.

Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 5 институционалдық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадамның» 50-ші қадамында «Электр энергетикасы саласын қайтадан құру»,  «Бірыңғай сатып алушы» моделін енгізу», 51-ші қадамында «Өңірлік энергетикалық компанияларды (ӨЭК) ірілендіру», 52-ші қадамында «Электр энергетикасы секторында салаға инвестиция тартуды ынталандыратын жаңа тариф саясатын енгізу» жайында атап айтылған.

Алғашқы қадамда өңірлер арасындағы электр энергиясының әртүрлі тарифтерін реттеуге мүмкіндік беретіндігін, келесі қадамдарда энергиямен қамтамасыз етудің сенімділігін арттыру, өңірлерге электр энергиясын таратудың шығынын төмендету, тұтынушылар үшін электр энергиясының ақысын азайту және тариф құрылымын өзгерту көзделген. Бұл «шығынды өтеу» әдісі тарифтерді бекітетін қазіргі ахуалды өзгертуге мүмкіндік береді.

Еліміздің қазіргі экономикалық дамуы, күнделікті тұрмыста энергия тұтынудың жаппай өсуі, сонымен қатар, тұтынушылар тарапынан ысырапшылдықтың орын алуы соңғы кезде энергияны үнемдеу мәселесін мемлекеттік деңгейге қоюға алып келді. Электр қуатын үнемдеу – XXI ғасырдың ең маңызды міндеттерінің бірі. Еліміздің экономикалық қатынастарда дамыған елдердің қатарындағы орны және азаматтардың тұрмыс деңгейі осы мәселені шешудің нәтижесіне байланысты. Электр, жылу энергиясын, ауыз суды тұтынудың өсімінен туындаған мәселені тек мемлекет шешуі керек деп қарауға болмайды. Оның үстіне энергия өндіретін кәсіпорындарды жаңадан салу қомақты материалдық шығындармен қатар, уақыт шығынын да қажет ететінін ескеруіміз қажет. Міне, сондықтан да, әрбір азамат, барлық мемлекеттік және коммерциялық құрылымдар электр, жылу және суды үнемдеудегі жауапкершілікті түсініп, оған өз үлестерін қосуы тиіс. Бұл еліміздің экономикасын тиімді дамытуға және азаматтардың тұрмысын жақсартуға пайдалы әсерін тигізеді. Өйткені, электр, жылу және су құбырлары желісін тұтынушылардың өздері пайдаланады.  Мамандардың айтуынша, біздің елімізде энергия ресурстарын пайдалану тиімділігі бүгінгі күні 30 пайыздан аспайды. Бұл – тұтынылатын энергияның үштен екісін ысыраппен пайдаланып отырмыз деген сөз.

Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Ішкі жалпы өнімнің энергия тұтыну ауқымын екі есе азайту маңызды» деп, электр қуатын үнемдеуге ерекше назар аударатын кездің келгенін айтып өтті. Энергияның тапшылығы экономикалық өсімді тежейтін факторлардың бірі болуы ықтимал. ҚР Үкіметі энергия үнемдеуші технологиялар мен электр энергиясының сараланған тарифтерін енгізу, энергия таратушылардың тұтыну және есепке алу жүйесін дамыту бағытында мемлекеттік бағдарламалар қабылдады. Әрине, мемлекет еліміздің энергиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отандық өнеркәсіптің қалыпты жұмыс жасауын, еліміздің индустриялық-инновациялық дамуын үдете түсу мақсатында шаралар алатыны, жаңа электр қуатын өндіретін станциялар салуға басымдылық беретіні сөзсіз. Дегенмен, барды үнемдеп пайдалану, ысырапшылдыққа жол бермеу – бүгінгі күннің басты талабы.

Елбасы дәстүрлі Жолдауында «Екінші және одан кейінгі бесжылдықтарда мобильді, мультимедиялық, нано және ғарыштық технологиялар, робот техникасы, гендік инженерия салаларын, болашақтың энергиясын іздеу мен ашудың негізін салған жөн. …Ядролық энергетиканы дамытудың келешегін ұмытпау керек. Әлемнің таяудағы даму келешегінде арзан атом энергиясына деген қажеттілік өсе түсетін болады. Қазақстан – уран өндіруде әлемдік көшбасшы. Біз АЭС отыны үшін төл өндірісімізді дамытып, атом стансасын салуға тиіспіз,» – деп, энергетиканың дамуына тереңірек тоқталды. Әлемнің дамыған елдерінде электр қуатын өндіруде атом энергетикасының үлесі 50 пайыздан асып отырғаны (Францияда 77%), қазірдің өзінде дүние жүзінде өндірілетін электр қуатының 17 пайызы АЭС-тардың үлесіне тиетіні, бір ғана АҚШ-та 104 ядролық реактор жұмыс істеп тұрғаны баршаға мәлім. Сонымен, бейбіт атомның қандай пайдасы бар?

ХХІ ғасырда жұмыр ғаламшарымызды мекен еткен 40-тан астам мемлекет АЭС қуатын пайдалануда. Әлемде күні бүгін 439 ядролық реактор жұмыс атқарып тұрса, тағы 136-сын іске қосу жобасы бар. Неге адамзат атом қуатын пайдалануға мәжбүр? Себебі, жыл сайын әлемдік нарықта көмірсутегі өнімдерінің бағасының әрқилы өзгеруі, олардың қорының азаюы табиғи құбылысқа айналып тұр. Жолдауда «Бізге мұнай-газ секторының экспорттық әлеуетін сақтай отырып, басқару, өндіру және көмірсутектерді өңдеудің жаңа тәжірибелері керек. Мұнай мен газ өндірудің ықтимал сценарийлері бойынша түбегейлі шешімге келу керек» дей келіп, Елбасы көмірсутегі өнімдерінен көптеген пайдалы заттар алуға болатындығына тоқталған болатын.

Ал, оларды ауыстыратындай басқа баламалы электр қуаты көздерінің үлесі мардымсыз екені де белгілі. Осындай жағдайда ешбір дамыған мемлекет өз экономикасына орасан зор пайда әкелетін, экологиялық жағынан таза, экономикалық жағынан тиімді атом энергетикасынан бас тартпайтындығы айқын.

«Атомсыз-ақ, жылу электр стансаларын салуға болады ғой, онда радиация жоқ» деген ой болуы әбден мүмкін. АЭС-қа отын ретінде уран қолданылады. Ал, уран жанғанда ауаны бүлдірмейді. Оның қалдығы мұқият орындарда сақталады. Уранның мол қорының үстінде отырып, оны экспорттай бермей, неге өз қажетімізге жаратпасқа? Жаңағы ЖЭС (ТЭЦ) күніне 30 вагон көмір жағып, түтіні ауаны улап, айналасында күл-қоқыс көбейіп, экологияға залалын тигізгені өз алдына, өнімі де қымбатқа шығады. Бұл Қазақстан экономикасына кері әсер ететіндігі баршаға белгілі.

Мұнайдан пайда көргендей, атомнан да табыс табуға жол ашу – еліміздің жарқын болашағы үшін қажет. Осыған орай, Қазақстанда бейбіт атом саласын дамыту еліміздің 2020 жылдарға арналған үдемелі индустриялық- инновациялық даму бағдарламасының шешуші салаларының біріне айналмақ. Атом саласында отандық кадрларды оқытып-үйрету мәселесі де күн тәртібінде тұр. Ядролық технология саласын айтпағанда, қазір уран кеніштерінде де ұлттық кадрлар жоқтың қасы.

 

Елбасы ұсынып отырған сындарлы саясатты қолдап,  реформа бойынша жасалынатын бағдарламаларға  лайықты, «100 нақты қадамға» сәйкес,  ғылымның әр саласынан да жеткілікті деңгейде хабары бар, кәсіби шеберлік ұстанымдары қалыптасқан, білікті мамандар даярлау – бүгінгі  күннің  басты  талабы.  

Бекет КЕНЖЕҒҰЛОВ,

 техника ғылымдарының докторы, профессор,

Атырау облыстық мәслихатының депутаты.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз