ӨТІНІШТЕР ҚАРАУСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Елбасы Жолдауында, қала берді Ұлт жоспарында басқаларымен қатар жердің пайдаланылуы мен қорғалуына қатысты туындайтын мәселелерге, азаматтардың тарапынан жолданатын сауалдар мен өтініштерге де сергек қарау керектігі алға тартылған. Анығын айтқанда, олардың бірде біреуінің жауапсыз, қанағаттандырылмай қалмауы тиіс. Осы тұрғыда, тиісті мемлекеттік құрылымдарға нақты міндеттер жүктеліп, тапсырмалар берілген. Солардың санатында Атырау облысы бойынша жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы да бар.

 

Ағымдағы жылдың алғашқы жартысында біздің басқармаға осы мәселеге байланысты 54 жеке және 12 заңды тұлғадан (барлығы 66) өтініш келіп түсті. Осылардың ішінен 12-сі қанағаттандырылып, 17-сі  қанағаттандырудан бас тартылды. Сондай-ақ, 28 өтініш бойынша тиісінше түсінік беріліп, ал жетеуін қарау тоқтатылды.

Жеке және заңды тұлғалардан түскен өтініштерді қарауда Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы №221 «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» заңын басшылыққа ала отырып, заңның негізгі принциптерін сақтауды, атап айтсақ, заңдылық, өтiнiштерге қойылатын талаптардың бiрыңғайлылығы, жеке және заңды тұлғалар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуының кепiлдiктерi, өтiнiштердi қарау кезiнде төрешiлдiк көрiнiстерiне және әуре-сарсаңға салуға жол бермеу, жеке және заңды тұлғалардың теңдiгi, субъектiлер мен лауазымды тұлғалар қызметiнiң өтiнiштердi қарау кезiндегi ашықтығын сақтағаны жөн.

Аталған басқармаға келіп түскен өтініштер мазмұны әртүрлі, соның ішінде, мысалы, жеке меншігіндегі жер телімі уақытылы игерілмеуіне байланысты  тоқтамға салынып қояды. Артынан жер телімі игерілгеннен кейін тоқтамды алып тастау туралы өтініштері түсіп жатады.

Сондай-ақ, кейбір жер учаскелерін  сатып  алу шарттарын жасау арқылы, бір-біріне жерді сатуда бір жер учаскесіне екі тұлғаның иелік етуі кездеседі. Қазіргі таңда көбіне көп түсетін өтініштер түрі – бұл жекеменшіктегі жер учаскесінің аумағына басқа тұлғаның меншіктеніп не артық жер учаскесін басып алуына байланысты заңдылығын тексеріп, шарасын алу туралы өтініштер.

Кейде басқармаға біздің құзыретімізге кірмейтін өтініштердің түсіп жататынын да жасырмаймыз. Оны жолдаушылар өздерінің уақыттарын текке жіберіп, сонысына қарамастан инспектор-мамандардың ауызша түсіндірмелеріне көңілдері толмай, кері шағымданатын кездері де кездеседі. Әйтсе де, мұндай әрекеттердің бәрі заң талаптарына қайшы келгендіктен, ондай өтініштерді қабылдау мен жауап беруден бас тартуға, сөйтіп, қараусыз қалдыруға мәжбүр боламыз.

Қаперге берер бір жайт, биылғы жылдан бастап Қазақстан Республикасының Жер кодексіне ішінара өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осыны басшылыққа алған басқарма қызметкерлері жергілікті атқарушы билік органдарымен қарым-қатынасты нығайта отырып, бекітілген жоспар бойынша аудандарға шығып, өзгерістер және сыбайлас жемқорлықты болдырмау, алдын-алу мақсатында семинар-кеңестер, «дөңгелек үстелдер», т.б. шаралар өткізуде.

Негізінен, жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiмен жұмысты ұйымдастырудың, қабылдаудың, тiркеудiң және есепке алудың жай-күйi үшiн субъектiлердiң басшылары мен лауазымды тұлғаларға дербес жауапкершілік жүктеледі. Сондықтан, әр басшыдан түскен өтініштерге немқұрайлылықпен қарамай, уақытылы жауап беру мен жан-жақты сараптап барып жауабын беру талап етіледі.

Гүлсім  ЕСМҰХАНОВА,

Атырау облысы бойынша жердің

пайдаланылуы мен қорғалуын

бақылау басқармасы ұйымдастыру-

қаржы бөлімінің бас маманы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз