БАҚЫТҚА БАСТАР БАҒЫТ

– Бақыт, қайда барасың?

– Көршімен болған бірлігі,

Тағат, ғибадат тірлігі,

Ұйымшыл елге барамын.

Осыдан бірнеше ғасыр бұрын Қаблиса жырау жазып қалдырған осы бір толғау жолдарынан алар тағылым мол. Расымен де, бірлігі жарасқан елдің ғана озатынын ғаламдық геосаясат картасында орын алып жатқан тосын оқиғалар дәлелдеп беріп отыр.

 

Рас, бейбіт елдің тынышын бұзған талай соғыстар, қақтығыстар тарихта да болды. Миллиондаған құрбандар да сол тарихтың бір бөлшегі болып өткен күннің парағына енді. Өзара кикілжіңнен туған сондай тұрақсыздықтар кезінде араб елдерінен бастап, ежелден қоңсы орналасқан қырғыз ағайындардың да тынышын бұзды. Сол жайсыздық Украинада жалғасын тапты. Өкінішке орай, мемлекеттер мен халықтардың арасында алауыздық өршіп, бір-біріне қырғиқабақ танытуы қалыпты құбылысқа айналып барады. Әлемде 800 миллион адам аштықтан, тағы 400 миллион адам шөлден зардап шегіп отыр. Жыл сайын жер бетінде отыздан астам қарулы қақтығыс ошағы пайда болады екен. Бірақ, сол аласапыранды қарапайым халық қалаған ба еді? Әрине, жоқ! Мәселе де сонда болып отыр…

Бірде «Кazakh TV» арнасынан шет елдегі қазақ дипломаттары және олардың отбасы туралы бағдарлама көрсетілді. Сол бағдарламада дипломаттардың «… Жаман ел болмайды. Тек әр елдің өзіндік ішкі проблемалары ғана болады. Сол проблемаларды әлеуметтік шуға, дауға айналдырмай, сауатты түрде жеңіп шығу маңызды» деген сөздері жадымызда жатталып қалыпты. Келіспеске болмайды. Ақиқат сөз. Әйтпесе, кезінде Ливия әжептәуір әлеуметтік пакеттерімен әлем елдерінің алдында тұрды. Бүгінде экономикасы бірнеше жылдарға кейінге кеткен көптеген елдер осылайша кезіндегі тәп-тәуір даму рейтингісінен айрылып қалды. Әлем елдерінде орын алып жатқан бұл оқиғалар осылайша бейбітшілік, бірлік, ынтымақ мәселелерін еріксіз күн тәртібіне шығарып отыр.

Иә, «Береке басы – бірлікте» екенін терең ұғынатын сәт туды. Осы орайда бүгінде қазақстандық келісім моделін әлем елдерінің көптеген мемлекетінің өзіне үлгі етіп жатқандығын қайталап айтқымыз келеді. Болгария, Ұлыбритания, Германия, Франция, Испания, Италия, Қытай, Малайзия, АҚШ, Ресей, Түркия, Украина және Армения елдерінің сарапшылары мен ғалымдары, дипломаттар осы мәселеде Қазақстан халқы Ассамблеясымен арнайы қатынас та орнатты. Мұның барлығы Қазақ мемлекетінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың дана саясатын әлем елдерінің мойындағанын көрсетеді.

Құрылғанына биыл жиырма жыл толып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы бұған дейін Конституция, «Қазақстан – 2030» стратегиясы, елу елдің қатарына ену стратегиясы сынды маңызды жоспарлардың қабылдануына өз ұсыныстарымен араласты. Ендігі кезекте қоғамдық институт өз жұмысының мазмұнын одан әрі тереңдете беруі тиіс. Елбасы айтқандай, Ассамблеяның алдында инновациялық индустрияландыру, технологиялық серпіліс идеясының жүзеге асуына этномәдени орталықтар  арқылы белсенді түрде атсалысу міндеті тұр. Бұл қадамдар еліміздің әлем елдерімен арадағы әріптестік байланысты нығайтуға ғана емес, бейбітшіліктің маңызын бағалауда жаңа серпін берері сөзсіз. Өйткені, бірлігі жарасқан ел ғана үлкен саясатта да, ғаламдық экономикада да үлкен жетістіктерге қол жеткізе алады.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

 

Тақырыпқа тұздық

Фарид МҰХАМЕТШИН,

Татарстан Халықтары Ассамблеясы

кеңесінің төрағасы:

«БІЗ СІЗДЕРДЕН ҮЛГІ АЛДЫҚ»

Бауырлас ел – Қазақстанның тәжірибесі біз үшін өте қызықты болды. Әсіресе, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың елдегі ұлтаралық татулыққа ерекше мән беріп, Қазақстан халқы Ассамблеясын өзінің басқаруы мені қатты таңғалдырды. Бізде бұрын Татарстан халықтарының қауымдастығы болған. Сосын біз, Қазақ еліндегі Ассамблеяның жұмысымен елдеріңізге арнайы барып танысып, жан-жақты ақпарат алған соң, 2007 жылы Татарстан Халықтарының Ассамблеясын құрдық. Менің ойымша, көпұлтты мемлекеттер, аймақтар үшін, түрлі халықтардың салт-дәстүрі мен тарихын, тілі мен ділін сақтауда Ассамблея сынды қоғамдық институттың маңызы өте зор. Себебі, Президенттің Жарлықтары мен Парламент тарапынан қабылданатын заңдарды, жалпы мемлекеттің ұлттық саясатын осы Ассамблея арқылы іске асыруға болады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз