ЖӘРМЕҢКЕДЕ ЖҰМЫС БАР

Руханият

Жиын шымылдығын ашқан университет ректоры Бейбіт Мамраев өмірдің жаңа бір белесіне қадам басқан жастарды құттықтап, ақ жол тіледі.
Жалпы, биылғы оқу жылында педагогикалық мамандықтар бойынша күндізгі бөлімін – 330, сырттай бөлімін 603 түлек бітіріп отыр. Соның ішінде ауыл квотасы бойынша – 25 түлек. Осы ретте «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасының жас кадрға берер мүмкіндіктері туралы тереңірек тоқталған Бейбіт Баймағамбетұлы мұғалімдіктің аса жауапкершілікті әрі арқалар жүгі ауыр мамандық екендігін баса айтты. Сонымен қоса, қазіргі жастардың ауылға барудан қашатын себептері туралы да терең ой қозғап, жас бітірушілерге таңдау жасауда жаңылыспауға тілекші екендігін білдірді.
Бүгінгі күні облыстағы 196 мектепте қажетті мамандар әлі де толық емес. «Балапан» бағдарламасының да аймағымызда кең көлемде жүзеге асуы аталған сала мамандарына деген сұранысты еселей түседі. Әсіресе қат мамандықтардың қатарында орыс сыныптарындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі және мектеп, балабақша психологтары бар. Осындай мәліметтерді келтірген облыстық білім беру басқармасы басшысы Берікқали Сәрсенғалиев шараға қатынасып отырған аудандық білім бөлімдерінің өкілдері өз қажеттіліктеріне орай, жас мамандарды жұмысқа алуға әзір екендігін жеткізді.
Өз кезегінде Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова да бірлесіп жұмыс жасауға дайын екендіктерін айта отырып, «Қаладағы мектеп пен балабақшаларға 31 психолог керек» деді.
Бұл күні Атырау мемлекеттік университетінің физика-математика, жаратылыстану, педагогика, психология және өнер, тарих-филология, әлем тілдері факультеттерінің түлектері жәрмеңкеге қатынасқан колледж-лицей, білім беру басқармалары өкілдерінің сұраныстарына орай жұмысқа орналастырылатын болды. Солардың бірі – орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алған Полина Кабдукаримова. «Байқап отырғандарыңыздай, біздің мамандығымызға сұраныс аса жоғары. Алайда, бітіруші түлек саны төртеу ғана. Сол себепті келешек студенттердің осы салаға көбірек түскенін қалар едім. Ал, бүгінгі күні қалалық білім бөлімі арқылы №20 мектепке ұстаз болуға жолдама алып, қуанып тұрмын», – дейді қазақша жетік сөйлейтін ол.
Ал, тарих мамандығы бойынша білім алған Асылан Жәнібеков жәрмеңкеге келген сәтте-ақ өз еңбек жолын қайдан бастайтынын біліп келіпті. «Негізі, оқу орнында алған біліммен қатар, өндірістік тәжірибеден өтудің де маңызы зор. Өйткені, сол аз уақыттың ішінде шәкірттермен байланысып, таңдаған мамандығыңның маңыздылығын айқын түсінесің. Мен қазақ-түрік лицейінде тәжірибеден өтіп, өз біліктілігімді көрсеткен соң, сол білім ұясы болашақта менімен жұмыс жасауға ниет танытты. Қолыма дипломымды алған соң алғашқы еңбек жолымды осы лицейден бастаймын», – дейді ол.

Гүлжан ӘМІРОВА.
Суреттер Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВТІКІ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған